Стендап-комик Нұрлан Сабыровқа Ресей аумағына 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салыну себебі белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ресейлік құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сүйенсек, әртіс бұған дейін Ресей азаматтығын алудан саналы түрде бас тартқан.
Мәліметке сәйкес, Сабыровтың мұндай шешім қабылдауына ықтимал санкциялық тәуекелдер себеп болған. Дереккөздің айтуынша, комиктің Ресей азаматтығын рәсімдеуге нақты мүмкіндігі болғанымен, ол коммерциялық себептерді алға тартып, бұл қадамға бармаған.
«Нұрлан Сабыров коммерциялық тәуекелдерге байланысты Ресей азаматтығынан бас тартты және санкциялардан қауіптенген», – деп мәлімдеді ақпарат көзі.
ТАСС агенттігінің дерегіне сәйкес, Нұрлан Сабыров Қазақстан Республикасының азаматы. Соған қарамастан, оның шығармашылық және кәсіби қызметінің басым бөлігі ұзақ уақыт бойы Ресей аумағында жүзеге асқан.
Бұған дейін ресейлік құқық қорғау органдары Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынғанын ресми түрде растаған болатын.
Қазіргі таңда әртіс бұл жағдайға қатысты ешқандай ресми пікір білдірмеді.