– Иә.
– Бір жігіт мені қуа береді, қуа береді.
– Сен ше?
– Мен қаша беремін, қаша беремін.
– Немене сендер қыз қуу ойнап жүрсіңдер ме?
– Жоқ, ағай. Көкпар ойнап жүрміз.
– Көкпар?
– Иә, ағай! Көкпар!
– Сонда сен серкені қалай көтересің?
– Мен көтермеймін ғой, ол көтереді.
– Қалай?
– Ту-у-у, ағай! Неге түсінбейсіз? Жігіт мені қашып бара жатқан жерімнен ұстап алып, алдына өңгеріп, үйіне алып қашады.
– Алып қашады? Бұл Қылмыстық кодекстің қаншасыншы еді, иә, түгенінші бабы екен ғой, адам ұрлау дерегімен сегіз немесе он жылға бас бостандығынан айырылады.
– Не дейсіз, ағай? Бас бостандығы дедіңіз бе? Ол мені бас бостандығымнан айырғысы келіп жүр ғой. Еріксіз алып қашса, оқуым қайда қалады? Әке-шешеме не деймін?
– Не дейсің? Өзім келдім дейсің.
– Ту-у-у, ағай-ай! Мәселенің өзі сол өз еркімнен бармағанымда болып тұр ғой. Сүймеймін мен ол жігітті. Оқуымды бітіруім керек. Түсінесіз бе, алып қашты ол мені, алып қашты. Ағаларым мен жеңгелерім келіп, әупіріммен тұзақтан босанып шықтым. Ол басқан ізімді тағы да аңдып жүр.
– Аңди берсін. «Аңдыған алмай қоймас» деген бар.
– Ту-у-у, ағай-ай! Не деп кеттіңіз. Мен ол жігітке тұрмысқа шықпаймын дедім ғой. Шықпаймын.
– Шықпасаң, шықпа. Оқуыңды жалғастыра берсеңші.
– Соңымнан салпақтап қалмайды деймін. Қалмайды. Аңдып жүреді. Сес көрсетеді.
– Сес көрсетеді? Сонда не дейді?
– Маған тұрмысқа шықпасаң, пышақтап кетем дейді.
– Міне, бұл – қылмыс! Қылмыстың көкесі! Айналайын, қарындасым! Міне, қағаз, қалам. Арыз жаз.
Бойжеткен полиция майоры, аға тергеуші Тапқышбек Тыңшыбекұлының көрсетуі бойынша арыз жазып берді.
– Жарайсың! Қуғынбай Ұстапбергенұлын құрықтаймыз. Әкесін көзіне танытамыз. Бұдан былай соңыңнан көлеңкедей еріп, қалмайтын болады. Артық әрекетке бармайтын болады. Жаман көзің саған қарай салмайтын болады.
– Уф! Жақсы болды ғой.
Тергеуші бөлмесі. Қуғынбай Ұстапбергенұлы тергеуші алдында иығын қушитып, төмен қарап мыңқылдап отыр.
– Жолдас майор!
– Тапқышбек Тыңшыбекұлы деңіз.
– Иә, Тапқышбек Тыңшыбекұлы! Қызды мен ұрлағаным жоқ. Өзі келісті.
– Өзі келіскен қыз арыз жазып келмейді.
– Оны біреулер азғырып жүр. Мені «ұры» деп бекер жазғырып жүр.
– Айтасың-ау. Ұрысың! Ұры болмасаң да бандиттердің бірісің.
– Көке!
– Маған «көке» деме. Мен сенің екі туып, бір қалғанын емеспін. Мен – тергеушімін.
– Тергеуші аға! Мәмлеге келейікші.
– Міне, мұның орынды. Қандай ұсынысың бар? Кінәңді мойындайсың ғой.
– Мойындамаймын. Бірақ ұсынысым бар.
– Қандай?
– Жібекпен өзім сөйлесемін. Әке-шешесінің алдынан өтемін. Кешірім сұраймын. Ауызбастырық береміз. Арызын қайтып алады. Ал сізге әкем келіп жолығады.
– Әкеңде не шаруам бар?
– Сізге арнаған сыйлығы бар. Екі жылқы. Семіз. Конвертте.
– Сен өзі жөн-жоба білетін жігіт екенсің. Жібекті осында алып кел. Арызын қайтып алсын. Бұдан былай бойжеткен көрсең, аулақ жүр.
– Енді аға, қашанғы сұрбойдақ болып жүремін? Қатарластарымның алды екі-үш балалы болды. Соларды көріп, менің көңілім налалы болды. Бір қызды алып қашамын деп мына пақырыңыз жазалы болды.
– Тақпақтатпа. Қызды әуелі көндір. Бақытты болатынына сендір. Сосын үйіңе ендір.
– Ой, тергеуші ағай! Сіз де ақын екенсіз ғой.
– Бар, жоғал! Жібекті ертіп кел де көзіме көрінбе. Айтпақшы, әкең қашан келеді?
– Сіздің айтқан уақытта келеді.
– Онда бүгін кешке «Сауық-сайран» мейрамханасына келсін. Сонда отырып, кеңінен әңгімелесерміз.
– Рахмет, тергеуші ағай! Кете берейін бе?
– Қараңды батыр!
Қуғынбай Ұстапбергенұлы лып етіп көтеріліп, бөлмеден атып шықты. «Е, келісуге болады екен ғой» деп ой түйді. «Іс бітті, қу кетті». Жібек арызын қайтып алды. Оқуына аттанды. «Осыдан қолыма бір түсерсің» деп Қуғынбай қулық ойлап тұрды. Бірақ қулығының соңында құрық бойламайтын сұмдық жатыр еді...
Қуғынбай қутыңдады. Жібектің соңынан аңдып, тың тыңдады. Бір күні апақ-сапақта оңашада ұстап алды.
– Жібек! Бұдан былай сені Қыз Жібек дейінші. Мен Төлеген болайын.
– Болмай-ақ қойыңыз. Жаман екен ойыңыз.
– Несі жаман? Шын ғашықтар солардай-ақ болсын!
– Төлеген Бекежанның қолынан қаза табады ғой. Өлмей тұрғанда менен бір шақырым аулақ жүріңізші.
– Не дейсің?
– Менен бір шақырым қашық жүріңіз деймін.
– Ғашық деймісің? Иә, мен саған ғашықпын, жаным!
Бойжеткен бұлқынды. Жігіт жұлқынды. Жібек жігіттің қолынан босап шығып, қашып кетті.
«Қап! Осыдан қолыма тағы бір түсерсің!» деп Қуғынбай кіжінді.
Ол қызды тағы да аңдып жүрді. Бойжеткен тергеушіге тағы барды.
– Ағай! Қуғынбай қуа береді.
– Ол қойдым деп еді ғой.
– Қоймапты. Соңымнан қалмайды.
– Жарайды, бара бер. Онымен өзім сөйлесемін.
– Сөйлесіңізші. Соңымнан салпақтауды қойсын.
Тапқышбек Тыңшыбекұлы күдіктіні шақырды. Ол бұрынғы бұралаң жолымен тергеушіден судан таза, сүттен ақ болып шықты.
«Төлеген» Қыз Жібектің соңынан шырақ алып түсті. Бұл жолы Жібектің орамалы ғана жатты жағада. Кінәлі «Төлеген» еді...
Қыз тағдырына жүрдім-бардым қараған Тапқышбек прокурордың алдында отыр. Тағы бір көкпар басталып кетпесе, кінәлілер жазасын алар-ау деп көпшілік жоғары жаққа жалпақтап қарағыштайды...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ