Шолуға сәйкес, қатаң ақша-несие саясаты, реттеуші талаптардың күшеюі және салық жүктемесінің артуы банк секторындағы белсенділіктің баяулауына алып келді.
Банктер енді несиені оңай бере қоймайды
259
оқылды

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы 2025 жылғы банк секторының қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Шолуға сәйкес, қатаң ақша-несие саясаты, реттеуші талаптардың күшеюі және салық жүктемесінің артуы банк секторындағы белсенділіктің баяулауына алып келді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша, жаңа несиелер беру өсімі 13,4%-ды құрады (2024 жылы – 20,1%). Әсіресе, бөлшек сауда сегменті айтарлықтай баяулады: өсім 21,9%-дан 8,7%-ға дейін төмендеді. Бұған халық сұранысының азаюы, жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен қатаң скоринг әсер еткен.

Корпоративтік секторда өсім салыстырмалы түрде тұрақты сақталып, 17,8% болды. Бұл – ірі инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік жеңілдікті бағдарламалардың қолдауының нәтижесі.

Банктер ресурстарының қымбаттауы пайыздық спрэдтің тарылуына әкелді: көрсеткіш 4,86%-дан 4,62%-ға дейін төмендеді. Соған қарамастан, қарыз алушыларды қатаң іріктеу нәтижесінде проблемалық несиелер деңгейі төмен күйде сақталды –  3,6%.

Сектордың таза пайдасының өсімі баяулағанымен, банктердің бюджетке төлеген салығы 51%-ға артып, 682 млрд теңгеге жетті. Ал S&P агенттігі Қазақстан банк жүйесіндегі тәуекел бағасын «тұрақтыдан» «позитивке» өзгертті.

 

Сарапшылардың пікірінше, қатаң монетарлық саясат сақталса, алдағы кезеңде несиелеу белсенділігі төмен деңгейде қалып, банктер тәуекелдерді барынша сақтықпен басқаруға басымдық береді.