АӘК-тің басты мақсаты — табысы төмен азаматтарға қаржылай қолдау көрсету және еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту арқылы отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығару.
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны белгілі болды
177
оқылды

2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 25,8 мың отбасындағы 138,1 мың адамға тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Төленген қаражаттың жалпы көлемі 2,3 миллиард теңгені құрады. 2026 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 62,7 миллиард теңге қарастырылған. Орта есеппен бір адамға жылына 454 мың теңгеден келеді.

АӘК-тің басты мақсаты — табысы төмен азаматтарға қаржылай қолдау көрсету және еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту арқылы отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығару.

Көмек шеңберінде табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын ақшалай төлем тағайындалады. Сонымен қатар табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қосымша төлем беріледі. 1 ақпанға дейін мектеп жасына дейінгі 42,4 мың балаға 270,4 миллион теңге көлемінде қосымша төлем тағайындалған.

Бұдан бөлек, АӘК алушыларды жұмыспен қамту шаралары көзделген. Атап айтқанда, жұмысқа орналастыру, өз кәсібін ашуға грант беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу сияқты қолдау түрлері ұсынылады.

Қазіргі уақытта азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтары мен ауылдық округ әкімдіктері арқылы, сондай-ақ eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.