Жаңа Конституция мәтіні азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдарына жолдаған бастамалары негізінде дайындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді
286
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысына Комиссияның жаңа Конституция жобасы бойынша атқарған жұмысы туралы мәлімет берілді.

Эльвира Әзімова Комиссияның осыған дейін өткен 12 отырысының нәтижесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленгенін баяндады. 

Жаңа Конституция мәтіні азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдарына жолдаған бастамалары негізінде дайындалды. Сондай-ақ жобада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қазан-қаңтар айлары аралығында жинақтаған тәсілдер де ескерілді. 

Эльвира Әзімова Конституциялық комиссияның талқылау қорытындысы бойынша, жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның өте ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, жаңа Конституция ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін трансформациялау үдерісі толығымен аяқталып, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшетінін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалайтынын айтты.

Президент маңызды жұмысты кәсіби тұрғыда атқарған Конституциялық комиссия мүшелеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Комиссия мүшелерінің жаңа Конституция жобасын тікелей эфирде талқылауы қоғамдық диалогтың жоғары деңгейін танытқанына назар аударды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жобаны әзірлеу мен талқылауға мыңдаған азаматтың белсене атсалысқанына тоқталып, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетінін және жаңа Конституцияның шынайы халықтық сипатын көрсететінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.