Мәліметтерге сәйкес, әскери қызметші ауыр жарақат алып, жақ сүйегі мен мұрны сынған.
«Жағын темірмен ұрып сындырған»: Жамбыл облысында әскерге барған сарбазды соққыға жықты
279
оқылды

Жамбыл облысының Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде мерзімді қызметтегі сарбаздың соққыға жығылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мәліметтерге сәйкес, әскери қызметші ауыр жарақат алып, жақ сүйегі мен мұрны сынған.

Жазбаларда сарбазға операция жасалғанымен, кейін тиісті медициналық бақылау көрсетілмегені айтылған. Сондай-ақ туыстары оны болған жайтты жасыру мақсатында пәтерде ұстағанын алға тартады. Қосымша тексеру барысында операцияның талапқа сай жүргізілмегені анықталғаны хабарланды.

Әлеуметтік желіде жария болған видеоға сүйенсек, сарбаздың жағы мен мұрнын темірмен ұрғаны айтылады. Оған қоса, төбелеске себеп оның тегін мазақтаудан басталған. 

Қазіргі уақытта сарбаз Алматы қаласындағы әскери госпитальда ем қабылдап жатыр. Оқиғаға байланысты әскери полиция Қылмыстық кодекс бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Ресми мәліметке сәйкес, материалдар бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелген. Тергеу аясында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ әскери бөлім басшылығының жарғыға қайшы әрекеттер туралы жоғары тұрған басшылыққа дер кезінде хабар бермеуі мен медициналық көмек ұйымдастыруына қатысты да тексеру жүргізіліп жатыр.

Тергеу кезеңінде бірқатар офицер қызметінен уақытша шеттетілді. Қорытындысы бойынша кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылатыны айтылды. Жағдай Қарулы Күштер басшылығының жеке бақылауына алынған.