Бүгін орталық аппаратта «AMANAT» партиясы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиынды партия тарапынан «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Үкімет тарапынан Ұлттық экономика вице-министр Ерлан Сағынаев басқарды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысында еліміздегі кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мәселесіне ерекше назар аударғаны баршаңызға белгілі. Осыған байланысты өткен жылдың желтоқсан айында біз шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын қабылдадық. Онда өңірлердің ерекшелігін ескеріп, аймақтың мамандануын арнайы стратегиясы жасалды. Оның бәрі – өңірлерге өздерінің басым қызмет түрлерін жүйелі түрде пысықтауға және мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан дәл қазір Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау саясатын жүйелі түрде қайта қарау жөнінде нақты тапсырма берді. Енді осы мәселелерді қаншалықты жедел әрі сапалы пысықтай аламыз, соған сай жаңа көзқарас пен тәсілдер туындауы мүмкін, – дейді Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев.
Бүгінгі басқосуда кедендік тексерулер кезіндегі бұзушылықтың жоғары үлесі қаралып, жеке индустриялық аймақтарға преференциялар беру, мал шаруашылығын несиелеу және экспортты қолдау мәселелері көтерілді. Сонымен қатар сүт саласындағы статистикалық есепке алуы және магистральдық теміржол желісі қызметіне тарифтің өсуі талқыланды.
Talap қолданбалы зерттеулер орталығы директорының айтуынша, жасанды интеллектінің арқасында кәсіпкерлерге қажетті жаңа сараптамалық платформа ойластырып шығарған.
– Оның міндеті – WhatsApp, Telegram, Instagram түрлі әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін өтініштерді жүйелеу, іріктеу. Шынын айтқанда, ондай ақпараттың ағыны өте көп. Бастысы, кез келген форматтағы аудио не бейнежазба болса да хабарламаны қабылдай береді. Нақты айтқанда, азаматтардың мессенджерлер арқылы жолдайтын хабарламаларын құрылымдап, санаттарға бөлу, қайталанатын мәселелерді анықтау және оларды жедел әрі тиімді қарау тетігін қалыптастыру көзделеді. Яғни, сұрақтың мәнін таразылап, оның қай деңгейге жататынын қарастырады. Өйткені көп жағдайда қандайда бір мәселенің мән-мағынасын білу мақсатында жіберілетін сұрақ өте көп. Бұған жауабы ғана даярланып қоймай, осыған қатысты қосымша сұрақтарда әзірленеді. Мысалы, Салық кодексіне байланысты сұрақ түссе, соған байланысты жауабы даярланады. Ал әзірге қолда бар ресурс шектеулі. Мәселен, кейбір эксперттерді белгілі бір салаға қосу керек болады. Ал бұл біріншіден, жұмыстың жүктемесін арттырса, екіншіден, хабарламаға жауап беру жылдамдығын да бәсеңдетеді, – деді Асқар Қысықов.
Айтуынша, бұл платформаға қосылу үшін алдымен тіркеуден өтіп, өзінің қандай кәсіппен айналысатыны көрсетіледі. Түскен хабарлама бірден тіркеліп, жауабы өңделіп, өзіне жіберіледі.
«AMANAT» партиясының Хатшысы, Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесінің тең төрағасы Эльдар Жұмағазиев бұл платформаны әлі де жетілдіре түсу керегін сөз етті.
– Бұл платформаның кәсіпкерлерге қаншалықты пайдасы бар? Олар мұнда жай ғана ақпарат алумен шектелмеуі керек. Әрине, кәсіпкерлердің көтерген мәселесін бір жерге жинақтап, қажетті ақпаратын бергені дұрыс. Дегенмен шешімін таппаған, ушығып тұрған мәселелерді бөлек жинақтап, оның шешімін қарастыру қажет. Кәсіпкерлерді алаңдатқан сұрақтарын жинақтап, жай ғана сіздерге жолдағаннан пайда жоқ. Біз оның шешімін тауып, кәсіпкердің мәселесін шешуге көмектесуіміз міндет. Сол себепті бұл жобаны толтыруды қажет етеді, – дейді Эльдар Жұмағазиев.

Талқылау барысында Отандық тауар өндірушілер тізілімінде (ОТӨТ) бірқатар мәселелердің бары анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы президенті Қанат Ибраев айтты.
– Біріншіден, әрбір саланы санаты бойынша бөліп, оны толыққанды қарастыру деңгейі белгіленбеген. Салдарынан кәсіпорындарды объективті бағалауды қиындатып отыр. Екіншіден, қосымша талаптар қосылып, оны орындауға аз уақыт берілген. Қосымша шарттар, нақтырақ айтсақ, бейнебақылау, өндірістік деректердің кеңейтілген көлемін ұсыну мәселелері әкімшілік жүктемені қиындатып қана қоймай, коммерциялық ақпараттың жария болуына әкеледі. Үшіншіден, ішкі құн үлесін (ІҚҮ) есептеу әдістемесінің ашық еместігі. Яғни, автоматтандырылған скорингтің алгоритмі жеткілікті ашық болмауынан қателік жіберіп қана қоймай, өндірушілердің сатып алу бойынша жолын жабады. Осыған байланысты артық талаптарды жою және рәсімдердің ашықтығын арттыру мақсатында ОТӨТ жүргізу қағидаларын қайта қарау қажет, – деді ол.
Бұл мәселеге Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және ішкі құн тізбесін қалыптастыру департаментінің директоры Айдын Рақымжан жауап беріп, ондай мәселенің барын жоққа шығармады.

– Отандық тауар өндірушілер тізілімінде кей өтініштердің ескерілмей жатқаны жоқ емес бар. Бүгінде бізге 15-16 мың өтініш түскен. Қазір оның 3 900-і тіркелсе, 4 600-ден астам субъекті қаралды. Көп жағдайда бір тауар бойынша бірнеше өтініш түсуі мүмкін. Иә, арасында бір субъектінің 100-ге жуық өтініші түскен кезі де болды. Міне, соған қарай түскен өтініштің аз мөлшерде қабылдануы – осыдан. Қазір қосылғаны бар-жоғы 150 ғана. Бірақ жұмыс әлі жалғасып жатыр. Егер кәсіпорын бірнеше тауар бойынша бір ғана өтініш жіберсе, қаралатын өтініш саны тағы қысқарады.
Ал бейнебақылау бойынша өткізілетін деректі негізінен технологиялық операциясын толыққанды көрсетілуін талап етілген. Егер бейнежазбада технологиялық операциясы көрсетілсе жеткілікті. Оның үстіне, әр сала бойынша өтінішті қарастыратын салалық басқармалар бар. Толыққанды қарастыратын солар, – дейді Айдын Рақымжан.
Сонымен қатар жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесін 31 позицияға дейін кеңейтуге қағидатын бергені айтылып, ӘМАТ бағаларын реттеу мәселесі талқыланған болатын. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің ең жоғары мөлшері 15%-бен шектелген. Алайда үздіксіз логистика, сақтау, персонал, коммуналдық төлемдер, жалдау ақысы және өзге де ілеспе міндеттемелер бойынша жиынтық нақты операциялық шығындар осы санаттардағы айналымның шамамен 26%-ына дейін жеткен. Осылайша, қолданыстағы үстеме шегінің шығыны өтелмейді әрі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша жүйелі түрде шығынға әкеледі. Сол себепті қазіргі уақытта министрлік бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескеріп, ӘМАТ бойынша сауда үстемесін қалыптастыру тәсілін қайта қарау мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.