Балалардың еш алаңсыз білім алып, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін қоғамның ашықтығы мен өркениетті болғаны керек.
Басқарманың «былығын» ашқан баяндама
110
оқылды

Өкінішке қарай, ел аумағында бесіктен белі шықпай жатып балалардың өзі шектен тыс қатыгездікке тап болып жатқаны шындық. Салдарынан мектеп жасындағы өрімдей балалар арасында да түрлі қылмыс пен құқықбұзушылық көбейді.

Түйткіл Ақмола облысында да аса өткір күйде қа­лып отыр. Елдегі білім беру саласы қа­шан да болсын түрлі ре­формалар мен жо­балардан, конце­п­ция­лар мен тұжы­рым­дамалардан кенде болған емес. Де­ген­мен таяуда Оқу-ағар­ту министрі Жұл­дыз Сүлей­ме­нова­ның Ақ­мола облы­сын­дағы білім беру сала­сы­на қатысты баян­дамасы өңірдегі та­лайдан бері қор­да­ланған аса өткір жайт­тардың басын ашып берді. Әсіресе, балалар қауіпсіздігі мә­селесі өзекті екені бай­қалды. Ми­нистр­дің өзі өңірдегі кә­мелет жасына тол­мағандар арасындағы құқықбұзу­шы­лықтың алаң­да­тарлық жа­ғ­дай­ға жеткенін ашық мойын­даған. 

– Ақмола облысында кәмелетке тол­мағандардың құқықтары мен заңды мүд­делерін қорғау бойынша бірқатар проб­лемалық мәселе орын алуда. Мә­се­лен, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу ба­ғы­тында жағдай әлі де алаңдатарлық. Бұл жүргізіліп жатқан шаралардың тиім­сіз­дігін растайды. Нақты айтсақ, 2025 жы­лы кәмелетке толмағандар қатысқан 80 құ­қықбұзушылық тіркеліп, жа­сөс­пірім­дер қылмыстық жауапкершілікке тар­тыл­ған. 2024 жылдың осы кезеңінде 65 жағ­дай тіркелген. Олардың ішінде жеке адам­ға қарсы құқықбұзушылықтар ба­сым, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрліктің ресми деректеріне жү­гінсек, өңірде кәмелет жасына толма­ған­дардың қатысуымен жасалған құ­қық­бұзушылық өткен жылы 19,4 пайыз­ға дейін артқан. 

Осындай жағдайда облыстық білім бас­қармасынан күтілетін іс көп. Басқар­ма­ның туындаған жағдайларға орай жү­зеге асыратын жоба-жоспарын біл­мек­ке арнайы сауал жолдаған едік. Бас­қар­маның ресми жауабында «Адал Аза­мат», «Дос болайық», «Қауіпсіздік са­бақ­тары», «Прокурор сағаты» сияқты бұ­рыннан бар жобалар аталды. Алайда, бас­ты сұрақ ашық күйде қалды. Егер осы орын­далып жатқан бағдарламалар шы­ны­мен тиімді болса, онда құқықбұзу­шы­лықтардың саны неге еселеп артып отыр? Берілген жауапта бірде-бір аудан, бірде-бір мектеп бойынша нақты нә­тижелік көрсеткіш, құқықбұзушы­лық­тың қай жерде, қандай себеппен азай­ға­ны немесе артқаны туралы талдау бай­қал­мады. 

Өкініштісі сол, өткен жылдың қа­­­­­ра­шасында бала өлімімен аяқ­талған қайғылы оқиға өңір тари­хын­дағы аса ауыр трагедиялардың бірі бол­ды. Целиноград ауданында 14 жастағы жап-жас жеткіншек пышақ жарақатынан қаза болды. Тұтас өңірді дүр сілкіндірген жағ­дай ел ішінде үлкен қоғамдық ре­зо­нанс тудырды. Аталған оқиғаға қа­тысты білім басқармасы жауапкершілікті ата-анаға ысырумен шектелген. Ресми түсі­нік­темеде баланың ата-анасы профи­лак­тикалық жұмыстан бас тартқаны, ал мек­теп барлық алгоритмді мүлтіксіз орын­дағаны алға тартылады. Алайда, бұл жерде аса маңызды сұрақ жауапсыз қал­ған. Егер ата-ана бас тартса, тұтас жүйе, яғни мемлекет пен мектеп өз жауап­кер­шілігін толықтай алып тастай ма? 

Министр баяндамасында аймақта ба­лалар арасында жеке адамға қарсы құ­­қықбұзушылықтардың да шамадан тыс көбейгені аталады. Әсіресе, Цели­ног­­рад, Бұланды жә­не Аршалы аудан­да­рын­дағы ахуал алаң­датарлық күйге жет­­­кені баян етіліп­ті. Алайда, басқарма жауа­­бы тек жекеле­ген тәртіптік шара­лар­мен ғана шектел­ген. Бір директор қыз­­метінен боса­ты­лып, бірнеше орын­ба­са­ры­на тәртіптік жа­за қолданылған. Болған жайттың се­бептерін анықтауға емес, сал­дарын жою­ға ғана бағытталған іс.

Министр облыстағы балалар әл-ау­қаты мен қауіпсіздігінің тө­мен­дігін ашық мойындап, оған өңірде өт­кен жылы 258 бірдей ата-анадан өті­ніш түскені айқын дәлел болатынын тіл­ге тиек еткен.    

– Ең көп өтініш Ақмола облысының бі­лім басқармасына (100), Бурабай ау­данының білім бөліміне (21) және Зе­рен­ді ауданының білім бөліміне (16) түс­кен. Сонымен қатар министрлікке жол­данған өтініштердің басым бөлігі жер­гілікті атқарушы органдардың дең­гейін­де-ақ қаралуы мүмкін екенін атап өте­мін. Бұл фактілер жергілікті атқару­шы орган­дар­дың қызметін ұйымдас­тыру­да жүйелі кем­шіліктердің бар еке­нін көрсетеді, – дейді баяндама бары­сын­да Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сү­лей­ме­нова. 

258 өтініштің басым бөлігі министр­лік­ке тікелей жолдануы жүйеге деген се­нім­нің әлсірегенін көрсетпей ме? Егер жер­гілікті деңгейде тиімді жұмыс атқа­рыл­ған болса, ата-аналар неге министр­лік­ке тікелей жүгінуге мәжбүр? Басқарма ұсынған жауапта бұл өтініштердің қан­шасы нақты шешілгені, қаншасы толық орындалғаны айтылмайды.

Министр баяндамасында өңірдегі мек­тептердің тәрбие жұмысының тым шат­қаяқтап кетуінің негізгі себебін пси­холог қызметінің әлсіздігінен көреді. Пси­хологтардың өзі кәсіби шекті дең­гей­д­ен өте алмай тұрғаны министр баян­дамасында тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. 

Жауапқа жүгінсек, білім орда­ларын­да камералар орнаты­лып, турникеттер қойылып, дабыл түй­мелері іске қосылған. Дегенмен бұл ка­­­­мералар балаларға жанашыр болып олар­дың ішкі күйін анықтай ала ма? Тек бол­ған қайғылы жағдайды айна-қатесіз көр­сетіп беруге қауқарлы. Ал жағдайдың ал­дын алу үшін кәсіби психологтар мен жауапты басшылар қажет.

Балалар қауіпсіздігі жайлы министр баян­дамасы мен басқарма жауабы бірін-бірі мүлде толықтырмайды. Мәселе тек Ақ­мола облысында ғана емес, тұтас ел ау­ма­ғында бар екенін ешкім жоққа шы­ғара алмас. Ойлантар тұс – біздің траге­диядан кейін ғана сөйлейтініміз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы