Жеке тұлғалардың банк депозиттері небәрі 14,7 пайызға өсті.
Инфляция «жеп қойған» табыс: халық банкке ақшаны аз салып жатыр
161
оқылды

2025 жылдың қорытындысы қазақстандықтардың қаржылық "мінез-құлқында" айқын өзгеріс барын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жеке тұлғалардың банк депозиттері небәрі 14,7 пайызға өсті. Ал 2023 және 2024 жылдары өсім 20 пайыздан асып тұрған еді. Бұл мәліметтер Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жариялаған шолуда келтірілген.

Сандардың артында – қарапайым логика бар: халықтың жинақ жасау мүмкіндігі азайып барады.

Инфляция қысымы һәм тапқан табысты «жеп қою»

2025 жылы инфляция 12,3 пайызға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 8,6 пайыз болған. Бағаның мұндай қарқыны табыстың номиналды өсімін жоққа шығарып, нақты кірісті төмендетті. Ұлттық статистика бюросы дерегіне сүйенсек, жыл соңында нақты табыс индексі 94 пайызды құраған. Демек, халықтың нақты кірісі шамамен 6 пайызға қысқарды.

Табыстың басым бөлігі күнделікті тұтынуға кетеді. Барлық шығындардың шамамен 92 пайызы – тұтынушылық шығындар. Соның ішінде 52,3 пайызы азық-түлікке жұмсалады. Бұл – табыстың жартысынан көбі дастарқан қамына кетіп отыр деген сөз.

Мұндай жағдайда «артық ақша» туралы айту қиын. Ал жинақ дәл сол артық қаражаттан құралады.

Депозит бар, бірақ қарқыны бәсең

Соған қарамастан бөлшек депозит нарығы бір жыл ішінде 14,7 пайызға өсіп, 28,2 триллион теңгеге жетті. Абсолют көрсеткіш жаман емес. Бірақ динамика алаңдатады. Мәселен:

– 2023 жылы өсім – 20,6 пайыз;
– 2024 жылы – 20,3 пайыз;
– 2025 жылы – 14,7 пайыз.

Үш жыл қатарынан төмендеу үрдісі байқалады. Бұл банктерге сенім азайды деген сөз емес. Керісінше, халықтың қаржылық мүмкіндігі тарылып бара жатқанын аңғартады.

Қор өкілдері депозиттер әлі де инфляциядан қорғау және кепілдендірілген табыс алу құралы ретінде сұранысқа ие екенін мәлімдеді. Дегенмен инфляция 12,3 пайыз болған жағдайда, депозиттік сыйақы мөлшерлемесі одан айтарлықтай жоғары болмаса, нақты табыстылық шектеулі болып қала береді.

Қаржылық қауіпсіздік жастығы жұқарып бара ма?

Сарапшылардың айтуынша, халық табысының негізгі бөлігі базалық қажеттіліктерге жұмсалатын экономикада жинақ деңгейінің баяулауы – ұзақмерзімді тәуекел. Жинақ азайса, күтпеген жағдайларға төзімділік те төмендейді. Бұл өз кезегінде тұтынушылық несиелерге тәуелділікті арттыруы мүмкін.

2025 жылдың деректері бір қарағанда драмалық емес. Депозит көлемі өсіп жатыр. Бірақ өсім қарқынының баяулауы – экономикалық «шаршаудың» белгісі. Егер инфляциялық қысым сақталса, оған қоса нақты табыс қалпына келмесе, алдағы жылдары жинақ мәдениеті одан әрі әлсіреуі ықтимал.

Қазақстандықтардың ақшасы банкте бар. Бірақ оны көбейту тым қатты қиындап барады.