Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ астанасы Вашингтон қаласына жұмыс сапарымен барды.
Халықаралық саясаттағы жаңа серпін
169
оқылды

Сапар аясында Президент Бей­бітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, бірқатар елдің көшбасшы­ларымен, сон­дай-ақ АҚШ-тың ресми тұл­ға­лары­мен кездесу өткізді.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штат­та­рында тұратын және білім алып жүрген Қазақстан аза­мат­тарымен кездесті. Әңгімелесу бары­сында Мемлекет басшысы өс­келең ұрпаққа үлкен үміт ар­татынын айтты. Сондай-ақ мем­лекет жастарға ұдайы қол­дау көр­сетіп, олардың жан-жақ­ты да­муына және қабілет-қарымын ұш­тау­ға қолайлы жағдай жасай­тынын жет­­кізді.

Президент наурыз айында Қа­­зақ­стан Республикасының жаңа Конс­ти­туциясы жобасы бойын­ша өтетін жал­пы­­халық­тық референдумның ел бо­­­ла­ша­ғы үшін тарихи маңызы зор еке­­ніне назар аударды.

Студенттер мен жас зерт­теу­­­­ші­лер ғылым және білім са­ла­сы­на жан-жақты қолдау көр­сеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылық білдірді.

Бейбітшілікке берік негіз қаланады

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Бей­бітшілік кеңесінің ал­ғашқы отыры­сына қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет бас­­шы­сы саммитке қатысушыларға іл­­ти­пат білдіріп, осы тарихи іс-шараны ұйым­дастырғаны үшін АҚШ Прези­ден­ті Дональд Трампқа алғыс айтты.

– Дональд Трамп атындағы Бей­­біт­шілік институтында өтіп жат­қан кез­десуіміз батыл әрі праг­­матикалық әре­кет­тер ше­шу­­ші рөл атқаратын кезеңмен тұс­­па-тұс келіп отыр. Бұл – түп­­кі мә­ні игі тілекке ғана не­гіз­­­делген қарар қа­был­дайтын кон­ференция емес, кері­сін­ше, нақты әрі мақ­сат­ты шаралар арқы­лы бейбіт әлем құруға үлес қо­сатын жиын. Президент мыр­за, Сіздің жаһан­да­ғы бей­біт­­шілік пен тұрақты­лық­­ты іл­герілетуді көздейтін ай­қын мұратыңыз бен көреген қа­­дам­да­рыңыз еліміздің Бей­біт­ші­лік кеңесіне қосылуына түрткі бол­­ды, – деді Президент.

Президент Бейбітшілік кеңесі көп­жақты күш-жігердің әлеуетін арттыратын, заман талабына сай ұйым деп санайды.

– Әлемде мұндай бастама көтерілген жоқ. Расында, бұл бұрын-соңды болмаған бетбұрыс. Өйткені бірге күш-жігер жұмыл­дырудың арқасында «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» атты жаңашыл тұжырым­да­маны немесе жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, Президент мыр­за, Сіздің нақты іс-әрекет қана бей­біт­шілікке берік негіз қалайды деген ұстаны­мыңызды толық құптаймын, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент еліміз Газа секторындағы ахуалды тұрақтандырып, аймақты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді.

– Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компа­нияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыс­тарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектеп­тер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін гуманитарлық көмек көр­сетуге дайын. Қазақстан палестиналық сту­денттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған элек­трондық үкімет саласындағы тәжі­рибе­мізбен және басқа да цифрлық шешімдер­мен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни, далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылау­шылар жіберуге даяр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қам­тамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайту­ды көздейтін жаңа тәсілдер қажет.

– Аталған ұстанымға арқа сүйей оты­рып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қо­сылу жөнінде шешім қабылдады. Осы­лайша, біз аймақта және одан тысқары жер­лерде прагматикалық экономикалық әрі гумани­тарлық ынтымақтастыққа үлес қо­самыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұ­ратына толық сай келеді, – деді Президент.

Кеңестің жаһандық күн тәртібін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станда түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу арқылы бұл бастамаға нақты қолдау көрсе­туге дайын екенін растады.

– Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Дональд Трамп Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қалпына келтіруге атсалысқаны үшін Бей­бітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді. АҚШ Президенті Кеңеске қаты­сушы елдердің басшыларын таныстыру барысында Қазақстанды керемет әрі бай ел ретінде сипаттады.

Дональд Трамп Саммитке келген мем­ле­кеттер басшыларын шешімтал әрекеттері арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық диалогты дамы­туға елеулі үлес қосқан нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деп атады.

Жоғары деңгейдегі іс-шара барысында Бейбітшілік кеңесінің атқарушы органда­рының мүшелері баяндама жасады. Жиынға қатысушыларға Газа секторын қалпына келтіру, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық қаржыландыру жоспары таныстырылды.

Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер Газаны дамытуға арналған бас жоспар туралы мәлімет беріп, аймақ тұр­мыс-тіршілікке және экономикалық өрлеуге қолайлы жағдай жасайтын зама­науи кеңістікке айналуға тиіс екенін атап өтті.

Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга Бейбітшілік кеңесінің қаржы меха­низмдері ашықтыққа және қаржыны нақты мақсаттарға бөлу қағидаттарына негіз­делетінін жеткізді.

Ал Халықаралық тұрақтандыру күште­рінің жетекшісі, генерал Джаспер Джеф­ферс Газадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жөнінде айтты.

Газаны басқару жөніндегі ұлттық коми­теттің басшысы Али Шаат қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру және халықаралық серіктестермен ықпалдастық тәсілдерін ұсынды.

Экономиканы жаңғыртуға жол ашқан бастамалар

Сапар кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев U.S. International Development Finance корпорациясының (DFC) ат­қарушы директоры Бен Блэкті қабылдады.

Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы корпорацияны Қазақстанның орнықты дамудағы маңызды серіктесі деп атап, экономиканың түрлі секторындағы ықпалдастықты тереңдетуге әзір екенін растады.

Бен Блэк Президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беретінін айтты.

Осы орайда ол аймақтық және өңір­аралық сауданы кеңейтуде стратегиялық маңызға ие тау-кен өндірісі, көлік-транзит инфрақұрылымы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол екеніне назар аударды.

АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев авиация, қорғаныс және ғарыш техникаларын шы­ғаратын Boeing трансұлттық корпора­ция­сының басшылығымен кездесті.

Президент отандық Air Astana, SСAT және Vietjet Qazaqstan компаниялары еліміздегі авиация саласын дамытуда ерекше маңызға ие ортақ жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу бойынша келісімге қол қойылғанын құп­тады. Биыл жыл соңына дейін Құрама Штат­тарға тікелей әуе қатынасын ашу мақ­сатында Boeing 787 Dreamliner ұшақтары елімізге жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, SCAT әуе компаниясы қосым­ша Boeing ұшақтарын сатып алмақ. Сон­дай-ақ америкалық корпорациямен се­ріктестік негізінде Шымкент әуежайында ал­ғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарас­тырылып жатыр.

Джефф Шокки компанияның цифр­ландыру саласындағы жоспарын бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуемен жүк тасымалдау бағытында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мүмкіндік мол.

Сонымен қатар кездесу барысында авиация саласына маман даярлау және еліміздегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін дамыту перспективасы талқыланды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ashmore Group халықаралық инвестиция­лық компаниясының басшысы Марк Кумбс өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Президентке Ashmore Healthcare International компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-ның бірлесіп, Қазақстанда халықаралық клиника салу жоспары жөнінде мәлімет берілді. Бұл бастамаға әлемдік деңгейдегі медицина операторы – Mount Sinai Health System компаниясын тарту көзделген.

Мемлекет басшысы Үкіметтің аталған маңызды жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Марк Кумбс Қазақстан экономика­сы­ның стратегиялық секторларында ынты­мақтастық орнату үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар экономиканың басымдыққа ие және жоғары технологиялы салаларын дамытуға бағытталған Ашық инвестициялық се­ріктестік бағдарламасы аясындағы ықпал­дастық перспективасы жайында пікірін бөлісті.

Келесі кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев Mars компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады.

Президент Қазақстанның Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен Mars компаниясы арасында жалпы сомасы 180 миллион долларға жуықтайтын инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптады.

Мемлекет басшысының пікірінше, бұл уағдаластық маңызды стратегиялық серік­тестіктің бастауы саналады және Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Жоба аясында Mars компаниясы Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салады. Өндіріс орны агроөнеркәсіп шикізатын терең өңдеуге және қосылған құны жоғары тауар өндіруге септігін тигізеді.

Пол Вайраух өзара тиімді инвестиция­лық келісімді жүзеге асыруға қолдау көр­сеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ­ал­ғыс айтты. Ол аталған бастама Mars ком­паниясының өндірістік әлеуетін кеңей­туге және Орталық Азия мен көршілес аймақтар нарығына өнім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.