Облыс прокурорлары мен құқық қорғау органдары бірлесіп, таяуда Созақ ауданында рұқсатсыз кен өндірумен айналысқан топты ұстады. Бұл оқиға еліміздегі жер қойнауын пайдалану саласындағы заң талаптарының сақталуы мен экологиялық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсеткендей.
Тергеу материалдарына сәйкес, 12 адамнан құралған топ Созақ ауданы аумағындағы құрамында алтыны бар жер телімдерін өз бетінше игерген. Олар тиісті лицензиясыз және рұқсат құжаттарынсыз жер қойнауын пайдаланып, жалпы көлемі 451 грамм алтын өндірген. Алғаш қарағанда, бұл мөлшер аса ірі болып көрінбеуі мүмкін, бірақ нарықтық сомасы 30 млн теңгеден асады. Егер бұндай әрекеттер жүйелі түрде жалғасатын болса, мемлекетке келтірілетін экономикалық шығын көлемі әлдеқайда ауқымды болары анық.
Сонымен қатар күдіктілер өндіріс барысында экологиялық талаптар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын сақтамаған. Бұл тек экономикалық құқықбұзушылық емес, сонымен бірге қоршаған ортаға және адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін әрекет болып саналады. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-бабының 1 және 3-бөліктері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап жер қойнауын заңсыз пайдалану және тиісті рұқсатсыз пайдалы қазбаларды өндіру фактілеріне қатысты жауапкершілікті көздейді. Егер кінә дәлелденсе, күдіктілерге айыппұл салу, мүлкін тәркілеу немесе бас бостандығынан айыру секілді жазалар қолданылуы мүмкін.
Қазір күдіктілердің бесеуі сот шешімімен үйқамаққа алынған. Қалған тұлғаларға қатысты бұлтартпау шарасы тергеу барысында анықталуда. Тергеу органдары заңсыз өндірілген алтынның өткізілу арналары мен ұйымдастырушы тұлғаларды да анықтап жатыр.
Заңсыз кен өндірудің басты қаупінің бірі – экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы. Арнайы техникалық талаптар сақталмаған жағдайда топырақтың құнарлылығы төмендеп, жер бедері өзгереді, жерасты сулары ластануы мүмкін. Мұндай әрекеттер ұзақмерзімді экологиялық зардаптарға әкелуі ықтимал. Бұдан бөлек, заңсыз өндіріс аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына да кері әсер етеді. Ресми түрде тіркелмеген қызмет түрі салық төлеуден жалтаруға әкеліп, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді азайтады. Бұл өз кезегінде өңірдің инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға кедергі келтіреді.
Мамандардың пікірінше, мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін бірнеше бағытта кешенді шаралар қажет. Жер қойнауын пайдалану саласындағы бақылауды күшейту, қашықтан зондтау және геоақпараттық жүйелер арқылы мониторинг жүргізу, халық арасында заң талаптары мен жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын арттыру қажет.
Сонымен қатар пайдалы қазбаларға бай өңірлерде жергілікті тұрғындарды заңды түрде жұмыспен қамту мәселесін шешу де маңызды. Бұл заңсыз табыс көздерін іздеудің алдын алуға ықпал етеді. Созақ ауданында анықталған бұл дерек жер қойнауын қорғау мен заң талаптарын сақтаудың маңызын айқын көрсетті. Табиғи ресурстар – мемлекеттің стратегиялық байлығы. Оларды заңсыз әрі бейберекет пайдалану тек экономикалық шығын ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке де нұқсан келтіреді. Сондықтан құқық қорғау органдарының мұндай заңбұзушылықтарға тосқауыл қоюы – тұрақты даму мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі.
Заңсыз алтын өндіру бойынша бір ғана Созақ ауданындағы деректі келтіріп отырмыз. Алайда басқа өңірлерде де осындай құқықбұзушылық деректері тіркелген. Лицензиясыз кен орындарын игеру, экологияға зиян келтіру, салықтан жалтару және табиғи ресурстарды «қара нарық» арқылы шығару фактілері әлі де жиі кездеседі. Табиғи ресурстар мемлекеттің стратегиялық байлығы екенін ескерсек, оларды заңсыз игеру тек экономикалық шығын ғана емес, экологиялық теңсіздік пен әлеуметтік проблемаларға да алып келеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы