Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жекеменшік мектептерге қатысты біраз түйткіл бар екен. Әсіресе, жеке кәсіпкерлер бастапқыда басқа мақсатта салынған ғимараттарды мектеп ретінде пайдаланып, балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп отырған көрінеді.
Бұл сөзді еліміздің Қаржы министрі Мәди Тәкиев те қуаттай түсіп, жекеменшік мектеп ашқандар күн санап байып жатқанын меңзепті. Оның сөзінше, 2023-2024 жылдары 116 азамат ел аумағынан 895 жылжымайтын мүлік сатып алған екен. Олардың барлығы жекеменшік мектептердің жетекшілері мен құрылтайшылары болып шыққан. Сонымен қатар 66 жекеменшік мектеп иелері өз атына 192 қымбат автокөлік тіркеген.
Міне, осындай ашық мәлімдемелерден кейін құзырлы органдар жекеменшік мектептерге кешенді тексеру жүргізуді қолға алды. Ақпан айында Бас прокуратура мен жергілікті атқарушы органдар жекеменшік мектептерді жаппай тексеруді бастады. Тексеру барысында білім беру лицензиясы, материалдық-техникалық базасы, оқу бағдарламалары және кадрлық қамтамасыз етілуі жан-жақты қаралады. Егер қандай да болмасын заңбұзушылық анықталса, білім беру мекемесінің есігіне қара құлып салынбақ. Десе де, құзырлы орган өкілдері тексерістердің негізгі мақсаты жекеменшік мектептерді жабу емес, тәртіпке шақыру екенін алға тартты.
Ресми мәліметке сүйенсек, Үкімет лицензиясы бар жекеменшік мектепке баратын әр оқушыға 500-700 мың теңге аралығында төлейді. Мемлекеттік қаржыландыру оқушының қай сыныпта оқитынына байланысты өзгеріп тұрады. Мемлекеттен бөлінетін субсидиядан бөлек, әр ата-ана баласын жекеменшік мектепке бергені үшін ай сайын тағы төлем төлеуге тиіс. Сонда қомақты қаржы шығып отыр.
Жамбыл облыстық Білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, аймақта 531 орта білім беру ұйымы тіркелген, оның 73-і жекеменшік мектеп. Онда 17 119 бала білім алуда. Осы 73 жекеменшік мектепке 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 4,1 млрд теңге төленген. Ал биыл бұл төлем жүйесі жалғасын тауып, жекеменшік мектептерді қаржыландыруға 12,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Байқап тұрсаңыздар, аз ақша емес. Миллион емес, миллиард теңгелер. Бейне бір балға бармақ батып тұрғандай. Бұл тек Үкіметтен берілетін субсидия көлемі. Ал бұған әр ата-ана ай сайын төлейтін 100-150 мың теңгені тағы қосыңыз.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда жекеменшік мектептер осы таңға дейін «қайдан құлақ шығарсам да өз еркім» деп келгені жасырын емес. Оған қоса, олардың түсімдері мен шығындарын ешкім тексеріп келген жоқ. Сондықтан жекеменшік мектептердің иелері білімнің сапасын емес, жеке қалтасын ойлап кетулері де бек мүмкін. Жалпы, жекеменшік мектептерге қатысты қазір мамандар мен ата-аналардың ойы әртүрлі.
– Жекеменшік мектептерге оқу ақысын төлегендіктен, ондағы баға маңызды болмай қалады. Яғни, баланың білім сапасын бағалау, оны ынталандыру деген дүниелер қалып кетеді. Содан кейін баланың оқуға деген құлшынысы азайып, күнделікті сабаққа барып-келсем де жетеді деген түсінік қалыптасады. Бұны көп ата-ана байқай бермейді. Ал жекеменшік мектептердің басшылығы ақша төленсе болды, басқаға бас қатырғысы келмейді. Кейде жекеменшік мектептерде математика пәні тереңдетіліп оқытылады. Бірақ көп жағдайда балалардың мұндай тереңдетілген сабаққа бейімі болмайды. Содан барып, баланы күштеп оқытып, тағы сағын сындырамыз.
Мемлекеттік мектептерде әділдік бар деп ойлаймын. Онда баға да, оқушының талабын бағалау да шынайы. Ата-анаға баласын бақылауға мүмкіндік мол. Күнделікті сабағын тексеріп тұра алады. Кейінгі кезде жекеменшік мектептердегідей тереңдетіп оқыту, заманауи құрылғылар сияқты жаңа оқыту методикалары мемлекеттік мектептерге де келіп жатыр, – дейді жекеменшік те, мемлекеттік мектепте де ұстаздық еткен Көрпеш Байжарас.
Ал қызын жекеменшік мектепке беріп отырған Меруерт Өсерованың айтуынша, баласының жайлы ортада сапалы білім алуы маңызды.
– Жекеменшік мектептерде сыныптағы оқушылардың саны аз болғаннан кейін мұғалім әр балаға жеке көңіл бөле алады. Оқу процесін тиімді ұйымдастырып, баланы алға қарай жетелейді. Сонымен қатар қаржысын төлеп отырғаннан кейін білім сапасы мен баламыздың қауіпсіздігін талап ете аламыз. Тағы бір айта кетерлігі, жекеменшік мектептерге ақшасын төлесең, балаңды кешке дейін үйірмелерінде қосымша дайындайды. Ал сабақ соңында үйге жеткізіп тастайды. Бұл таңнан кешке дейін жұмыста жүретін ата-аналар үшін қолайлы. Бірақ ақылы мектептерде алаңдайтын бір нәрсе бар. Онда мұғалімдер жиі ауысып жатады. Ал оқу процесінде ұстаздардың тұрақтамауы баланың біліміне тікелей әсер ететіні анық, – деді көпбалалы ана.
Жекеменшік мектептердің көбеюі мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтып отырғаны рас. Сонымен қатар білім ордаларының арасында бәсекелестік туғызып, білім сапасының артуына аз да болса ықпал етіп отыр. Десе де, жекеменшік мектептерге қатысты дау жыл сайын туындайды. Мәселен, былтыр Тараз қаласында жүздеген оқушыны қабылдап қойған жекеменшік мектептің лицензиясы болмай шығып, балалар оқу жылының ортасында далада қалған еді. Абырой болғанда, бұл іске жергілікті билік пен білім бөлімінің мамандары араласып, әр баланы бұрынғы мемлекеттік мектептеріне орналастырды.
Жекеменшік мектептерге қатысты жауабы айтылмаған сауал көп. Алдағы уақытта тексерістердің қорытындылары қалай болып шығары белгісіз. Дегенмен біраз қулық пен сұмдықтың беті тағы ашылатын сыңайлы.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы