Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жекелеген баптарды түзету емес, ол – жаңа қоғамдық шарт, мемлекеттің даму логикасын қайта айқындайтын тарихи құжат.
Жаңа Конституцияда жауапкершілік пен тепе-теңдік күшейеді – Сенат депутаты
129
оқылды

Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты  Амангелді Нұғманов өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

"Біріншіден. Конституцияның кіріспесі – құндылықтар өзегі.

Жаңа Конституцияның кіріспесінде біздің ұлттық болмысымыз, тарихи сабақтастығымыз, мемлекеттілігіміздің терең тамыры нақты әрі анық бекітілген.

Ұлы дала өркениетімен сабақтастық, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы – бұл тек декларация емес, егемендікті қорғаудың конституциялық тірегі.

Ең бастысы – «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты кіріспе деңгейінде бекітіледі. Бұл дегеніміз мемлекет енді тек басқарушы емес, әділет пен жауапкершілікке негізделген қызмет етуші институт болуы тиіс.

Конституция – рәсімдер жинағы емес, ол қоғамды біріктіретін құндылықтық бағдар. Дәл осындай тәсіл бүгінгі жетілген мемлекеттерге тән.

Екіншіден. Мемлекеттің іргетасы нақты бекітілді.

Бірінші бөлімде Қазақстанның президенттік республика екені айқын жазылды. Бұл басқару моделінің екіұштылығын жоятын маңызды қадам.

Сонымен қатар егемендік, тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық, басқару нысаны ешқашан өзгермейтін қағидаттар ретінде тікелей бекітіледі.

Ұлттық валюта – теңге, эмиссия құқығы – тек Қазақстанға тиесілі екені конституциялық деңгейде айқындалады.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі – халық тек биліктің көзі ғана емес, егемендіктің жалғыз иесі деп нақты бекітілуі. Бұл – биліктің табиғатын түсінудегі түбегейлі, принциптік өзгеріс.

Үшіншіден. Құқықтар мен міндеттердің жаңа теңгерімі.

Екінші бөлім «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп қайта құрылды. Бұл – «құқық бар, бірақ міндет жоқ» деген көзқарастан бас тарту.

Мұнда:

-      Өмір сүру құқығы – абсолютті құндылық ретінде;

-      Кінәсіздік презумпциясы – жалпы конституциялық стандарт ретінде;

-      Жеке өмір, дербес деректер, цифрлық қауіпсіздік – кеңейтілген кепілдіктермен;

-      Мемлекеттің заңсыз әрекеті үшін зиянды өтеу құқығы – нақты бекітілген.

Сонымен бірге азаматтардың табиғатты қорғау, заңды сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілігі де анық көрсетіледі.

Төртіншіден. Саяси жүйенің жаңа архитектурасы.

Президенттік институт сақталады, бірақ жауапкершілік пен тепе-теңдік күшейеді.

- Президент бір ғана мерзімге сайланады;

- Вице-президент институты енгізіледі;

- Президенттің ерікті түрде отставкаға кету құқығы бекітіледі;

- Биліктің сабақтастығы нақты әрі ашық реттеледі.

Ең бастысы – Құрылтай (Парламент) пен Президент арасындағы өзара жауапкершілік тетіктері енгізіледі.

Бұл бір билік тармағының екіншісін басып-жаншуына жол бермейді, керісінше келісім мен тепе-теңдік мәдениетін қалыптастырады.

Бесіншіден. Парламент пен халықтың рөлі артады.

Құрылтай толықтай пропорционалды сайлау жүйесі арқылы қалыптасады. Осы арқылы партиялық дамуды, саяси әртүрлілікті, әділ өкілдікті күшейеді.

Сонымен қатар:

- Қазақстан Халық кеңесі енгізіледі – ол қоғамның үнін жеткізетін консультативтік орган;

- Референдум – шын мәнінде жалпыхалықтық институтқа айналады;

- Конституцияға өзгеріс енгізу тек халықтың тікелей еркімен жүзеге асады.

Алтыншыдан. Сот және құқықтық мемлекет.

Конституциялық соттың мәртебесі күшейтіледі. Ол Конституцияның үстемдігін нақты қамтамасыз ететін тәуелсіз органға айналады.

Адвокатура алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіледі, бұл –  қорғану құқығының нақты кепілі.

Сот, прокуратура, құқық қорғау жүйесінде ротация, ашықтық, саяси жауапкершілік арттырылады.

Қорытынды.

Жаңа Конституция:  қорқып емес – сеніп,  бағынып емес – қатысып, талап етпей емес – жауапкершілікпен өмір сүретін кемел қоғамға арналған.

Бұл – мемлекет үшін емес, адам үшін жасалған Конституция.

Бұл – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.

Мен, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатының депутаты ретінде, осы тарихи құжатты қолдауға шақырамын.

Әділетті Қазақстан – заңмен, тәртіппен және халықтың бірлігімен ғана құрылады", –  дейді Сенат депутаты Амангелді Шайхоллаұлы.