Бүгін Астанада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, академиялық және сарапшылық қауымдастық, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
Сараптамалық алаң жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін, олардың институционалдық, құқықтық және саяси салдарын ашық талқылау форматында өтті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин алғысөз сөйлеп, Конституция тек ең жоғары заңдық құжат әрі құқықтық акт қана емес, сонымен қатар өзіндік қоғамдық келісім екенін атап өтті.
«Меніңше, жаңа Конституция мүдделер тепе-теңдігін неғұрлым айқын бекітуге, қоғамдағы жаңа сұраныстар мен үміттерді дәлірек көрсетуге мүмкіндік береді, шектен шықпай, парасатты тепе-теңдікті сақтай отырып және ақылға қонымды саясат логикасын растайды», – деді Е. Қарин.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияны әзірлеу және оны қоғамдық талқылау жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – құжат қоғамда қалыптасқан тепе-теңдік пен келісімді ғана бекітіп қоймай, елдің қай бағытта дамитынын және Қазақстан болашақта қандай мемлекет құруды көздейтінін айқындайтын басты сұраққа жауап береді.
Бірінші панельдік сессия саяси трансформация, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік институттардың үйлесімділігі мен басқарылуын күшейту мәселелеріне арналды. Пікірталасты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жүргізіп, жаңа саяси модель институционалдық жетілуге — өкілді органдардың рөлін нығайтуға, партиялық есептілікті дамытуға, үйлестіру механизмдерін күшейтуге және шешімдердің сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Саясаттанушы Марат Шибутов қазіргі Конституция жобасы ауқымы мен құқықтық реттеу тереңдігі жағынан сапалық тұрғыда ерекшеленетінін атап өтті.
«Бұл – ең көлемді әрі егжей-тегжейлі Негізгі заң. Негізінде, сөз бұрынғы модельді түзету туралы емес, мемлекеттің стратегиялық болашағына бағытталған ұзақ мерзімді институционалдық құрылымды қалыптастыру жөнінде болып отыр», – деп атап өтті Марат Шибутов.
ҚР Әділет министрі Ерлан Сарсембаев жаңа Конституция жобасындағы ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасы мәселесіне түсініктеме берді.
«Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет екені көрсетілген… Бұдан кейін өте маңызды қағида келтіріледі – соған назар аударғым келеді – Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады», – деп атап өтті Е. Сәрсембаев.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Парламент жұмысы қалай өзгеретіні және оның елдің жаңа саяси жүйесіндегі ықпалы қалай артатыны туралы сұраққа жауап бере отырып, былай деді:
«Қазіргі жағдайда біз, бір жағынан, заңдардың жедел, уақтылы әрі жоғары сапада қабылдануын қамтамасыз етуіміз қажет. Екінші жағынан, саяси бәсекелестікті күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер жасау маңызды».
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Индира Рыстина толық пропорционалды жүйе жағдайында партиялардың жұмысы қалай өзгеретіні туралы пікір білдіріп, былай деді:
«Аралас модель кезінде партиялар бірмандаттық округтердегі жекелеген кандидаттардың беделіне сүйене алса, пропорционалды жүйеде заң шығарушы билікті қалыптастырудың жалғыз арнасы – партияның өзі болады. Бұл персоналистік саясат моделінен бағдарламалық-партиялық модельге көшуді білдіреді. Айрықша маңыз өңірлік деңгейге беріледі».

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов билікті бөлу жаңа моделінің заң қабылдау жылдамдығы мен сапасына ықпалы туралы айта отырып, ең бастысы жылдамдық емес, заң шығарушы орган жұмысының тиімділігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір палаталы өкілді орган заң жобаларының институционалдық үзілістерсіз үздіксіз қаралуын қамтамасыз етеді.
Екінші панельдік пікірталас қоғамдық қатысудың жаңа тетіктерін және конституциялық бақылауды қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының есептілігін күшейтуге арналды. Сессия модераторы AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек болды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров жаңа Конституция жобасында Құрылтайдың бақылау функцияларын күшейтуге ерекше мән берді.
«Құрылтай мен Қазақстан Халық кеңесі институттары тұрақтылықты қамтамасыз етудің демократиялық тәсілі ретінде енгізіледі. Құрылтайға келетін болсақ, Қазақстанда Президент институты күшті сақталған жағдайда оның түрлі билік тармақтарына қатысты бақылау функциялары күшейеді», – деп атап өтті Е. Саиров.
ҚР Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова Қазақстан Халық Кеңесінің бірнеше қоғамдық алаңдардың тарихи және институционалдық тәжірибесін біріктіретін орган ретіндегі рөліне тоқталды:
«Оның әлеуеті – қоғамдық диалогты, сараптамалық талқылауды және өңірлік өкілділікті біртұтас институционалдық құрылым шеңберінде біріктіре отырып, азаматтардың мүдделерін жүйелі түрде білдіруді қамтамасыз ету және қоғамдық сенімді нығайту», – деді А. Сәдуақасова.
М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университет Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Қазақстан Халық Кеңесі бірнеше консультациялық органды біріктіретінін, бұл азаматтық қоғамның тұтас бірлігін бейнелейтінін атап өтті.
ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова конституциялық реформаның өңірлік өкілдікке әсеріне тоқталды:
«Конституция жобасы өңір мүдделерін ескеретін құралдарды ұсынады. Бұл – Қазақстан Халық Кеңесі, оған референдумды бастау құқығы беріледі. Бұл – өңірлер өз бастамаларын ұсынып, іске асыра алатын алаң», – деді И. Әубәкірова.
Қоғам қайраткері, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі Ерлан Смайлов жаңа Конституция жобасының экологиялық бағытқа ие екенін атап өтті, өйткені Преамбулада табиғатты қорғау принципі бекітілген.
Үшінші сессия жаңа Конституцияның редакциясында адам құқықтары мен бостандықтарын жүйелі түрде бекітуге, процестік кепілдіктерді күшейтуге және құқық қорғау институттарын дамытуға арналды.
Сессия модераторы – Мадина Нұрғалива, ол жаңа Конституция жобасының мемлекеттің дамуын адамға бағытталған логикада белгілеетінін атап өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежана Имашева жаңа Конституция жобасы заңнамалық актілердің үлкен массивін қайта қарауды, бүгінгі жаңа нормалар, баптар мен ережелер арқылы олардың әлеуетін ашуды көздейтінін атап өтті.
Мәжіліс депутаты Унзила Шапақ «қоғамның моральдық негіздері» мен «қоғамдық тәртіп» ұғымдарын түсіндіруге тоқталды:
«Егер осыны егжей-тегжей қарасақ, мұндай шектеулер халықаралық құқықтық актілерде де қарастырылған – Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт және Адам құқықтары жөніндегі Еуропа конвенциясы», – деді Ү. Шапақ.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев құқық қорғау стандарттарын конституциялық деңгейде бекітудің негізгі маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Конституцияда ең жоғары құқықтық деңгейде барлық мемлекеттік органдар мен қоғам жұмысының адам құқықтарын басымдылығын бекітеді.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева цифрлық трансформация жағдайында балалардың дербес деректерін қорғауды күшейту қажеттігін айтты.
«Біз цифрлық ортада өмір сүреміз, және бұл дербес деректерді пайдалануды талап етеді. Біздің балаларымыз бүгін әлеуметтік желілердің белсенді қолданушылары. Зерттеулер көрсеткендей, балалардың 46%-ы интернетті 5–8 жасында қолдана бастайды», – деді ол.
Әділ сөз халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова цифрлық қауіп-қатерлер мен жаңа Конституция жобасының құқық қорғау әлеуеті туралы пікір білдірді.
Сараптамалық алаң кәсіби пікірталастың жоғары деңгейін және жаңа Конституция жобасын талқылауға сарапшылар қауымдастығының кеңінен тартылғанын көрсетті.