Қостанай облысы кәсіпорындары цифрлық шешімдер мен автоматтандыру элементтерін белсенді түрде енгізуде. 2025 жылы өңірдің автозауыттарында, тау-кен өндіру және машина жасау кәсіпорындарында 101 өнеркәсіптік робот орнатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазіргі таңда өндірістік үдерістерде, бұған дейін енгізілген шешімдерді қоса алғанда, 145 роботтандырылған жүйе пайдаланылуда. Мұндай технологияларды қолдану өндіріс тиімділігін арттыруға, технологиялық үдерістердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өнім сапасын жақсартуға ықпал етеді.
«Бүгінде біздің міндетіміз – жекелеген технологияларды енгізумен шектелмей, Smart Region және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың жүйелі тәсілін қалыптастыру. Цифрлық трансформацияның нақты нәтижесін көріп отырмыз, бұл – өнеркәсіптегі үдерістерді автоматтандыру, әлеуметтік салада цифрлық сервистерді дамыту және басқару тиімділігін арттыру үшін деректерді пайдалану. Негізгі назар өңір экономикасына өлшенетін нәтиже беретін және тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын шешімдерге аударылады», – деп атап өтті Қостанай облысы әкімдігі Информатизация, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев.
2025 жылдың жазында өңірде Qostanai Investment Forum өтті. Форум барысында цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні қолдану және жоғары технологиялық жобаларды дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар инвестиция тарту және облыс экономикасына заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазіргі уақытта өңірде агроөнеркәсіп кешенінде, көлік инфрақұрылымында және медицина саласында цифрлық шешімдер енгізілуде. Мұндай жобалар басқару сапасын арттыруға және шешім қабылдау кезінде деректерді кеңінен пайдалануға бағытталған. Келесі кезең – табысты цифрлық тәжірибелерді ауқымдау және экономиканың негізгі салалары мен әлеуметтік секторға жасанды интеллект құралдарын енгізу.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.