– Бейімбет Тәйкенұлы, өзіңізге әнге бала кезіңізден әуес болыпсыз, осы қабілетіңізді ең алғаш кім байқады?
– Туып-өскен жерім – Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданына қарасты Боран ауылы. Сол ауылда ән үйірмесі болатын. Мектеп жүргенде соған қатысып, білім ошағында өтетін бүкіл іс-шаралардан, концерттерден қалмайтынбыз. Бұл сонау 1990-шы жылдар еді. Ұстазым, баяншы Жұмай ағаның ұйымдастыруымен мектептің ғана емес, ауылдық мәдениет үйдің сахнасында шырқадық.
Бұдан бөлек, өнерге жақын болуыма ата-анамның да үлесі зор еді. Отбасымызда әкем де, анам да ән айтатын, оларға қарап үйдегі тоғыз бауырым және мен де ес білгелі домбыра шертіп, қонақ келгенде міндетті түрде өнерімізді паш ететінбіз. Кішкентайымнан радиодан КСРО Халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Ришат Абдуллин, Қазақстанның халық әртісі Мүсілім Абдуллиннің орындауындағы әндерін тыңдап өстім. Опера өнеріне деген қызығушылығымның оянуына осы аға буынның шығармашылығы әсер еткен болар.
1994 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін екі жыл Отан алдындағы әскери борышымды өтедім. Одан кейін ата-анама қолғабыс етейін деп тағы екі жылға ауылда қалдым. Музыкаға кәсіби тұрғыда бет бұрудың сәті 1999 жылы түсті. Жақындарымның ақыл-кеңесімен Өскемен қаласындағы ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесіне «Хорға дирижерлік ету» кафедрасына оқуға құжат тапсырдым. Сөйтіп төрт жыл бойы Сергей Почекиннің сыныбында білім алып, қатарынан академиялық вокал сабағын да оқып шықтым. Ал колледжді бітіріп, Астанаға келгенімде Қазақ ұлттық музыка академиясында «Жеке ән айту» мамандығы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі профессор Қанат Омарбаевтың сыныбында оқыдым.

– Ұстазыңыз Қанат Омарбаев сізді ең дарынды шәкірттерінің бірі деп атап, өзіне жақын себебі неде?
– Мені академияға оқуға түсірген, опера әлемінің есігін ашқан адам – Қанат Нұрмұхамедұлы. Өскеменде оқып жүргенде колледжге Астанадан бір топ оқытушы келіп, «елордада музыкалық академия ашылып жатыр, сіздерді сол жақта күтеміз» деп үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Сол ұстаздардың қатарында Қанат Омарбаев болды. Ол менің дауысымды тыңдады да, «Астанаға келгенде маған хабарлас» деді. Ілуде біреуге берілетін мұндай мүмкіндікті мен де қалт жібермедім. Сөйтіп, арман қуып Астанаға келдім. Пойыздан түскен бойда Қанат ағаға «аға, мен келдім» деп телефон шалдым. Ол мені көлігімен алып кетіп, жатақханаға орналастырып, сосын «ешқандай емтихансыз қыркүйекте менің класыма келесің» деді. Оның осынау ағалық қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын, ұстазыма әлі күнге дейін алғысым шексіз.
Қанат Нұрмұхамедұлы өз тәжірибесін шәкірттерінің бойына сіңіріп, тәлім-тәрбие берумен қатар әр оқушының қабілетін аша білді. Одан білім алған вокалистер, атап айтсам «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Талғат Ғалеев, Мерей Қадырхан және тағы басқалары бүгінде біздің «Астана Опера» театрында абыроймен еңбек етуде. Қанат Омарбаев – тенор дауысты әнші, ал мен оның алғашқы шәкірті атандым. Бәлкім, сол себептен де мені басқаларынан ерекше көрген шығар. Ұстазымның орындаған барлық партиясын, оның ішінде Біржан, Әзім, Шеге, Понг, Гастон және басқа да бейнелерді сахнада сомдап келемін. «Астана Опера» репертуарындағы барлық опералық спектакльге қатысамын десем, артық айтпағаным болар.
– Опера әншісі ретінде кәсіби жолыңызды К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында бастапсыз, үлкен сахнаға алғаш шыққан сәтіңіз есіңізде ме?
– 2005 жыл, ол кезде әлі студентпін. Қанат аға қолымнан жетектеп жүріп Шегенің партиясын жаттатқан. Сөйтіп, ұстазымның қолдауымен 3-курс оқып жүргенде К.Байсейітова атындағы театр сахнасында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» ұлттық операсында Шегенің партиясын орындадым. Мені алғаш қалың көрерменге танытқан рөл де осы. Мұнда опера труппасының негізін қалаған көптеген сахна шеберіне қарап өстік, тәжірибе жинақтадық. Театрда еңбек еткен жеті жыл ішінде өз репертуарым қалыптасты. Опера саңлақтарының ақыл-кеңесімен еңбек жолымды кішігірім партиялардан бастап, 2010 жылы алғаш рет М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсында Біржанның басты партиясын шырқадым. Бұл – менің орындаған алғашқы маңызды рөлім.
Ал 2013 жылы Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан және басқа да шет елдерден келген жиырмадан астам тенордың арасында іріктеуден өтіп, еліміздің бас театры «Астана Операның» опера труппасына қабылдануым – өмірімдегі ең маңызды кезеңнің бірі. «Астана Операның» әртісі атану – сол кездегі әрбір солистің арманы еді.
Театр осымен XIII маусым бойы өз көрермендеріне әлемдік деңгейдегі спектакльдерді ұсынып келеді. «Астана Опера» сахнасында ұлттық операларымыз, оның ішінде «Біржан – Сара», «Қыз Жібек» жаңартылып қойылды. Алайда партиялар жадымызда бұрыннан жатталып қалғандықтан, спектакльдерге оңайлықпен кірісіп кеттік. Сондай-ақ М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» спектаклі жаңаша ұсынылды. Қоюшы режиссер Джанкарло дель Монаконың ұйғарымы бойынша бұл операдағы Әзімді басқа қырынан қарадық, партияның сөзіне тереңірек мән бердік. Сонымен қатар Біржанның бейнесін жеткізуде де вокалдық-техникалық бөлігі бірінші кезекте болғанымен, мимикамен жұмыс істеу, сөзге назар аудару маңызды. «Астана Операда» репертуарым Дж.Пуччинидің «Тоскасындағы» Сполеттаның, Дж.Вердидің «Аидасындағы» хабаршының бейнелерімен және басқа да рөлдермен толықты. Әр партияның өз кереметі әрі қиындығы болады, соны әр айтқан сайын жетілдіріп, сахнаға жарқыратып алып шығуға тырысамын.
Жақында театрымыздың ғана емес, жалпы ұлттық опера өнерінің тарихында айтулы оқиға орын алмақ. Себебі 21-22 наурызда «Астана Опера» отандық композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың музыкасына Тілеуғазы Бейсембектің либреттосы негізіндегі «Қыпшақ қызы Аппақ» ұлттық операсының әлемдік премьерасын ұсынады. Ал менің алдымда спектакльде қатарынан үш партияны айту міндеті тұр. Бірінші актіде жауынгердің бейнесін берсем, ал екінші актіде термені таныстырамын. Композиторлар термені менің дауысыма арнап жазған. Сондай-ақ бұл операда сайқымазақтың да рөлін орындаймын. Бұл – вокалдық шеберлікпен қатар, зор актерлік қабілетті талап ететін партия. Басты міндетім – операдағы осы үш партияны бір демде алып шығу және кейіпкерлерді сан алуан қырынан көрсету. Маған білдірген қолдауы үшін театр директоры Александр Совостьяновқа және опера труппасының директоры Талғат Мұсабаевқа алғысым зор.
– Рөлдерді есте қаларлықтай етіп қалай сомдауға болады? Осының сырын ашасыз ба?
– «Сырт көз – сыншы» демекші, әрдайым өзіме қатысты айтылған ескертуді дұрыс қабылдаймын және соны түзетуге тырысамын. Егер шырқаған туындыларым көпшіліктің жүрегіне жетсе, бұл менің дұрыс жеткізе алғаным.
Ұлттық операларды орындаған кезде маған екі есе жауапкершілік артылатынын түсінемін. Партияның вокалдық-техникалық бөлігі бірінші кезекте болғанымен, оның әрбір сөзін көрермендерге жеткізе білу, әрбір әрпін ұғынықты қылып айту қажет. Қазақтың әр сөзінің тәрбиелік мәні бар. Сондықтан әрбір әріпті шегелеп тұрып айтса, ол міндетті түрде тыңдарманға жетеді. Жиналған қауым спектакльдің мазмұнын ұқса, бұл – әртіс үшін үлкен дәреже. Жиырма жылдық шығармашылық қызметімде қолымнан домбыра түскен емес. Біржанды, Шегені, Әзімді айтсам да, сахнаға домбырамды ұстап шығамын. Менің кішкентай кезімнен әнге және қазақтың қара домбырасына әуес болуым сахнадан осылай көрініс тапты.
– Иә, әсіресе Біржанның партиясын халықтық мәнерде жеткізетініңіз көрермендерге ерекше ұнайды.
– Рақмет, өмірімде зор мақтанышпен айтатын опера – осы Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сарасы». Композитор ұлттық операдағы шоқтығы биік Біржанның партиясын өте сирек кездесетін лирикалық-драмалық тенорға арнап жазған. Кезінде тәлімгерлерім «осы рөл сенің төл белгіңе айналады» деуші еді. Шынымен де, солай болды. Әріптесім әрі сахнадағы сенімді серігім – театрымыздың жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ екеуіміз Венгрияның беделді концерттік алаңында «Біржан – Сара» операсынан «Айтыс» сахнасын ұсындық. Сол кезде залда отырған көрермендердің қошеметінде шек болмады, олар бізді сахнадан жібергілері келмей, екінші рет ән шырқауымызды өтінді. Тағы басқа шет елдерге гастрольмен барғанда үнемі осындай ыстық ықыласқа бөленеміз. Шетелдіктер біздің ұлттық операларымыздың ұлылығына және костюмдеріміздің әдемілігіне, декорациялардың ауқымдылығына әрдайым тәнті болады.
– Театр солисі ретіндегі қызметіңіз бен отбасылық өмірді қатар алып жүру қиын емес пе? Балаларыңыздың сіз секілді өнер жолына түсетін ойлары бар ма?
– Жұбайым Сәуле Рахимова өзі музыкант болғаннан кейін мені жақсы түсінеді. Сондай-ақ балаларымыз да өнерден алыс емес, үлкенім Бақытжан кларнетте, ал кенжем Әділжан тромбонда ойнайды. Екеуі де Астанадағы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында білім алуда. Оларды үрлемелі аспаптарға берген себебіміз, вокалистер мен үрлемелі аспаптарда ойнайтын музыканттардың тыныс алу техникасы бірдей болып келеді. Сондықтан келешекте ұлдарымыз әншілік өнерге бет бұрып жатса, олардың бұл саланы қиналмай жалғастырып әкетуге мүмкіндіктері болады.
Отбасым – өмірдегі де, өнердегі де үлкен қолдаушым. Жақындарым маған әрдайым зор демеу береді. Мен операға қатысардан бір жұма бұрын үйімізде тыныштық атмосферасы орнайды, отбасымның барлық мүшесі менің жағдайымды жасауға тырысады. Ауырып қалмай, партиямды аман-есен айтып шығуым үшін барлығы тілекші болады. Өйткені опера сахнаға жай шығып айта салатын өнер емес, ол әртістен үлкен дайындықты талап етеді. Спектакльге психологиялық тұрғыда дайын болуымыз керек, сондықтан әрбір өнер көрсету алдында қолдау білдіретін отбасымның бары – менің үлкен бағым деп айтар едім.
Қазір мен лирикалық-драмалық дауыстағы тенорларды тәрбиелеу, оларды Біржанның бейнесінде сахнаға шығару үшін еңбектеніп жүрмін. Опера әлеміне келген адам театрдың нағыз жанашыры болуға тиіс деп санаймын. Жас вокалистерге өздеріңді шыңдаудан жалықпаңдар, ерінбей еңбек етіңдер дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!