Ақордада елімізге ресми сапармен келген Сербия Президенті Александр Вучичті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Балқан түбегінен бастау алған байланыс
80
оқылды

Әуелі мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң екі елдің әнұрандары шырқалды.

Дипломатиялық қарым-қатынастың көркеюі

Содан кейін Қазақстан мен Сер­бия президенттері келіссөз залына барды.

– Біз Сербияны Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктесіміз санаймыз. Бірқатар бағытта, әсіресе, экономикалық, мәдени-гумани­тарлық салалардағы ықпалдастығы­мызды нығайту үшін көп жұмыс атқардық. Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Сауда қатынас­тарымыз табысты дамып келеді. Қазақстанда 60-тан аса сербиялық компания жемісті еңбек етіп жатыр. Негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары­мыз ортақ. Сондықтан екі ел арасын­дағы ынты­мақтастықтың берік әрі тиімді іргетасы қаланды деп ойлай­мын. Сіздің сапарыңыз достық қа­рым-қатынасымызға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Александр Вучич Қазақстанға ресми сапармен келгеніне қуанышты екенін айтты.

– Қонақжайлық танытқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің пікіріңізбен толық келісемін, елдеріміз арасында шынайы стра­тегиялық қарым-қатынас орнаған. Сіздің қолдауыңыздың арқасында сауда-экономикалық байланыс­тарымыз жоғары қарқынмен дамып келеді. Алдағы уақытта жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар мен энергетика салаларында ық­палдастық орнату арқылы достығы­мыз жаңа деңгейге көтеріледі деп ой­лаймын. Сізді жақын арада елі­мізде қарсы алуға дайынбыз, – деді Сербия Президенті.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіре отырып, бұл сапар Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толу қарсаңында өтіп жат­қанына назар аударды.

– Көптеген саладағы өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығай­туға ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынты­мақтастықты дамытуға тың серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тара­пымыздан екі ел арасындағы ықпал­дастықты кеңейтуге барлық жағ­дайды жасайтынымызды жеткізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Астана мен Белград арасында конструктивті саяси диалог жолға қойылып, парламентаралық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен іс­керлік топтардың ықпалдастығы дәйекті түрде дамуда.

Президент Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметара­лық комиссияның тиімді жұмыс атқарып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы сапар аясында Сербиядан іскерлік топ өкілдері келгенін құп­тады. Кеше өткен Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді.

Президент еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Сербия тарапына ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде Александр Вучич қонақжайлық танытқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Белград Астанамен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

Сербия Президенті қазақстандық компаниялардың ортақ жобаларға, әсіресе, құрылыс саласына қосар үлесін арттыруға мүдделі екеніне тоқталды.

– Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды жобалар болмақ. Сондай-ақ қазақ­стан­дық SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ортақ іс-қимыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенім­дімін. Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвестор­лары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тар­тым­дылығын жақсартып қана қой­май, өзара мәдени, туристік байла­ныстарды жандандыруға да септігін тигізеді. Өз тарапымыздан Сіздің еліңіздің экономикасына инвестиция салғысы келетін сер­биялық кәсіпкер­лерді ынталандыруға барынша күш-жігер жұмылдырамыз, – деді Алек­сандр Вучич.

Сербия Президенті қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталығы секілді бағыттарда өзара ықпалдастықты арттыруға зор әлеует бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар ол Қазақстанның әлеуметтік-эко­номика­лық дамуындағы жетістіктерді жо­ғары бағалап, мұны әлемдегі өсіп-өркендеудің үлгісі деп атады.

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар, атап айтқанда, сауда-инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруа­шылы­ғы, аса маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, құрылыс және туризм салаларын­дағы ықпалдастық мәселелері қа­рас­тырылды.

Келіссөз қорытындысы бойын­ша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Александр Вучич Бірлескен мәлімдеме қабыл­дады. Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ведомствоаралық құ­жаттар алмасу рәсімі өтті. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Сербия Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморан­дум; Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Сербия Респуб­ликасы Әділет министрлігі ара­сындағы әріптестік және ын­тымақтастық туралы меморандум секілді бірқатар құжаттар бар.

Ерекше ықыластың нышаны

Қасым-Жомарт Тоқаев Алек­сандр Вучичті халық қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер деп санайтынын жеткізді.

– Сербия Сіз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында зор жетістіктерге жетіп, өркендеп келеді. Халықаралық беделі де арта түсті. Алдағы уақытта еліңіз Сіздің парасатты басшылығыңызбен жаңа белестерді бағындыра береді деп сенемін. Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктесі. Екі елдің қарым-қатынасы өзара қолдауға, түсіністік пен мызғымас достыққа негізделген. Барлық деңгейде белсенді саяси диалог дамып келе жатыр. Сауда-эко­номика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақ­тастық нығайып келеді. Көпжақты құрылымдар аясындағы байла­нысымыз күшейе түсті. Қазіргідей алмағайып кезеңде өзара әріп­тестікті жандандыру өте маңызды. Сондықтан біз осы қарқынды сақ­тап, түрлі саладағы ықпалдастықты дамытуға мүдделіміз. Бұған толық мүмкіндік бар. Өзара сенім мен достық рухында өткен мазмұнды келіссөздер – соның айқын дәлелі. Бүгінгі келісімдер серіктестігімізді жаңа деңгейге көтереді деп санай­мын. Біз бұл бағытта бірлесіп әрекет етуге әрдайым дайынбыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан мен Сербия арасындағы бай­ланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Александр Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

– Бұл – қазақ жұртының Сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы және ерекше құрметі­нің белгісі. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне кәміл сене­мін. Қос халықтың дос­тығы жасай берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Сербия Президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтып, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығай­туға ықпал ететініне тоқталды.

– «Алтын Қыран» орденін ерек­ше құрметпен қабыл алдым. Бұл марапат маған өзара байланыстары­мызды арттыру және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ортақ істе зор жауап­кершілік жүктейді. Келешек ұрпақ­тың игілігі үшін Сербия мен Қазақ­станның достығы нығая беруіне тілектеспін, – деді Александр Вучич.

Мазмұнды келіссөздердің жалғасы

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Президент Александр Вучичке және делегация мүшелеріне шынайы ризашылығын білдірді.

– Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды әрі сенімді серіктесі. Берік достық, өзара қолдау және ортақ мүдде елдеріміздің ынтымақтастығына арқау болып отыр. Мен екі жыл бұрын Белградқа жасаған сапарым­ды ыстық ықыласпен еске аламын. Сол кездегі келісімдердің табысты жүзеге асырылып жатқанын ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Биыл екі мемлекеттің дипло­матиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Президент Александр Вучичтің сапары осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Сербия арасында барлық деңгейде өзара сенімді арқау еткен саяси диалог орнады. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс істеп, Парламент­аралық байланыс нығайып келеді. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық кү­шей­ді. Мәдени-гуманитарлық ба­ғытта айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Халықаралық ұйымдар ая­сындағы ықпалдастығымыз терең­дей түсті, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өзара ын­ты­мақтастықты дамытуға Сербия Президентінің зор үлес қосқанын жеткізіп, еліміз мұны өте жоғары бағалайтынын айтты.

– Сондықтан бүгін Жоғары Мәртебелі Президент Александр Вучичті Қазақстан Респуб­ликасы­ның ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл Сербия халқына деген ерекше құрметі, шынайы ілтипаты­ның белгісі. Мызғымас достық пен қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алек­сандр Вучичпен кеңейтілген құ­рамда мазмұнды келіссөз жүр­гізгеніне тоқталды.

– Сауда, көлік-логистика, энер­гетика, өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, ақпараттық технология­лар, жасанды интеллект және мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Нақты уағ­далас­тықтарға қол жеткіздік. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланысты дамыту қажеттігіне баса назар аудардық. Қазір екі елдің арасындағы алыс-беріс көбейіп келеді. Елімізде 60-қа жуық серб компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен біздің экономикалық әлеуетіміз бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан сауда-саттық көлемін ұлғайтуға келістік. Мемлекеттеріміздің мүд­десіне сай келетін жаңа инвестиция­лық жобаларды пысықтауға уағ­даластық. Экономикалық ын­­ты­­­мақ­­­тастық жөніндегі үкі­метаралық комиссия бұл жұмысқа баса мән беруі қажет, – деді Пре­зидент.

Салалардағы серпіліс

Мемлекет басшысы елімізге Александр Вучичпен бірге ірі кәсіпкерлер келгенін, сапар қарсаңында Қазақстан – Сербия Іскерлік кеңесінің отырысы өткенін еске салды.

– Бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейту қажет екенін атап өттік. Жалпы, біз Сербия кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Көлік және логистика саласындағы ынтымақ­тастықты кеңейтуге айрықша назар аудардық. Былтыр Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл – ықпалдастығымызды дамыту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ Транскаспий халық­аралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу мәселесіне тоқталдық. Инфра­құрылым саласындағы әріптестікті нығайту жолдарын талқыладық. Тиісті министрліктер мен опе­раторларға нақты ынтымақтастық тәсілдерін айқындауды ұсындық. Энергетика саласында аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту үшін өзара іс-қимылды күшейтуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса, Президент бейбіт атом энергетикасы бойынша тә­жірибе алмасу мүмкіндігі қарас­тырылғанын жеткізді.

– Келіссөз барысында жасанды интеллектіні және заманауи цифр­лық технологияны жаппай енгізу стратегиялық тұрғыда маңызды екенін атап өттік. Осы бағытта бір­лесіп жұмыс істеуге дайын екені­мізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндік бар.

– Біз агроөнеркәсіп кешеніндегі әріптестікті жандандыруға мүдделі екенімізді білдірдік. Соның ішінде өсімдік, тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтамыз деп келістік. Сербия­лық Mambikom Agrar компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниет танытып отыр. Бұл қадам аграрлық сектордағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Сондай-ақ біз мәдени-гумани­тарлық, білім беру және туризм саласындағы қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы келесі жылы Сербияның ЭКСПО көр­месін табысты өткізуіне еліміздің тілектес екенін жеткізді. Бұл ретте Қазақстан EXPO 2027 Belgrade көрмесіне қатысып, өз тәжірибесін бөлісуге дайын.

– Жалпы, бүгінгі келіссөздер өте табысты болды. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Жан-жақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Осы келісім­дердің нәтижесінде екі елдің қарым-қатынасы нығая түсетіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ тараптар халық­аралық және аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

– Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатыс­ты мемлекеттеріміздің ұстанымы – ұқсас. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқық нормаларының талаптары қатаң сақталуға тиіс. Кез келген жанжалды келісім арқылы дип­ломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз болашақта да халықаралық деңгейде күш бірік­тіріп, тиімді жұмыс істеуге, бейбіт­шілік пен тұрақтылықты қам­тамасыз етуге белсене атсалысамыз деп келістік. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық. Бұған қос тарап та мүдделі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Бірлесіп әрекет етсек, ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Александр Вучич Қазақстанның экономикасы дамып, көпвекторлы сыртқы саясат табысты ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.

– Қазақстанның келешегі жарқын. Сербияның сіздерден үйренері көп. Сізді және Қазақстан халқын үлгі тұтатынымды айтудан еш ұялмаймын. Елдеріміз арасын­дағы шынайы достық келешектегі қарым-қатынасымызға негіз болады. Біз бұл байланыстарды экономика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, жасанды интеллект, роботты техника және білім беру секілді салаларда дамыта аламыз, – деді Александр Вучич.

Сербия Президенті қазақ және серб командалары қатысқан UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысын асқан қызығушылықпен тамашалағанын айтты. Осы орайда ол Мемлекет басшысынан арнайы бөлімшелер қызметкерлерін даяр­лау ісіне қолғабыс етуді сұрады.

– Бұл бағытта Қазақстанның әлемде үздік екені сөзсіз. Мен мұны Сербия азаматтары білгенін қалаймын. Біздің құрама кейбір жарыс түрлері бойынша жақсы өнер көрсетті. Ал қазақ жігіттері мен қыздары бірде-бір сайыста сүрінген жоқ. Мен бұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Арнайы жасақ қыз­меткерлеріңіз ең жоғары деңгейден көрінді. Олар біздің сарбаздарды жаттықтырса дұрыс болар еді. Сіздерді қауіпсіздік саласындағы керемет жетістіктеріңізбен тағы да құттықтаймын, – деді Александр Вучич.

Жиын соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия басшысы Александр Вучич бір­лескен мәлімдеме жасады. Тараптар «Берік достық пен өзара құрметке негізделген дипломатиялық қаты­настар орнатудың 30 жылдығын мерекелеу жылында Президенттер екі ел мен олардың халқының игілігі жолында екіжақты ынтымақ­тас­тықты одан әрі нығайтуға және әртараптандыруға берік ұстаным­дарын растайтындарын» жария етті.