Кез келген мемлекеттің даму тарихы азаматтық қоғамның, халық ұстанымының еленуімен қабаттасып жататыны анық. Қазақстан да бұл бағыттан жаңылмады, бұған қоса, ел таңдауына ұсынылғалы отырған жаңа Конституция жобасында қоғамдық институттардың рөлі арта түскенін байқадық.
Азаматтық қоғам – халық ұстанымының қазығы
89
оқылды

Бұл сөзіміздің айғағын жоба мәтінінен аңғарамыз. Мәселен, 4-баптың 1-тармағында «Қазақ­стан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемен­дік иесі» делінген. Яғни, қоғам мемлекеттік шешім қабылдау процестеріне қатыса алатынын білдіреді. Ал таяуда құрылуы мүм­кін Халық Кеңесінің басты ар­тықшылығы – талқылау алаңында айтылған қоғам пікірінің билікке жетуіне жол ашу. Жаңа құжаттағы 70-баптың 1-тармағында «Қазақ­стан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган» деп нақтылап жазылған. 

Жалпы, жаңа Конституция­ның авторлары сабақтастықты сақтай алды десек болады. Бірін­шіден, дәстүрлі қазақ қоғамында халықтың ұстанымын саяси би­лікке жеткізуші институттар бол­ды. Тарихтан мысал келтірсек, Би­лер кеңесі мен Құрылтайды ай­та аламыз. Екіншіден, Кеңес дә­уірін есепке алмағанда, Тәуел­сіздік жылдары бұндай жалғастық жо­ғалған жоқ. 2019 жылы қоғам мен билік арасындағы диалогты кү­шейту үшін Қоғамдық кеңес құ­­рылып, кейін Ұлттық құрылтай­ға ұласты. Мемлекеттік органдар­дың жанында ұсыныс беру үшін қо­ғамдық кеңестер жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел аумағындағы жүздеген этностың құқықтарын қамтып, пікірін мін­берлерге жеткізді. Әйтсе де, ке­йін­гі өзгерістер, соның ішінде жа­ңа Конституция жобасы ха­лықтың мемлекеттік шешім қа­был­дау істеріне қатысуын қанша­лықты қамтамасыз етеді? Осы сауалдың жауабын сарап­шылар­дан сұрауды жөн көрдік.

Ғазиз ӘБІШЕВ,

саясаттанушы:

Талқылаушы демократияның үлгісі

– Халық Кеңесі – делибера­тивті (талқылаушы) демократия деп аталатын жүйеге жататын орган. Талқылаушы демократия­ның мәні терең, яғни мемлекет шешімдерді әзірлеу мен талқылау процесіне саяси логикамен әрекет ететін саяси мандат иелерін ғана емес, азаматтық қоғам өкілдерін де тартады. Азаматтық қоғам өкілдеріне саяси қысым аз, олар электоралдық мүдделерге тәуелді емес. Сол себепті мұндай алаңда балама пікірлер, әртүрлі көзқа­растардың айтылуына мүмкіндік туады. Әдетте, саяси күштер бел­гілі бір ортақ келісімге келіп, өз ұстанымдарын білдіреді. Алайда көп жағдайда саяси жүйеде негізгі 2-3 полярлы пікір ғана үстем бо­лады. Мысалы, мұны Ұлыбрита­ния парламентінен де көруге бо­лады. Ал талқылаушы демократия органдары күн тәртібіне әлде­қайда кеңауқымдағы пікірлер мен ұсы­ныстарды шығаруға жол аша­ды.

Сондықтан, менің ойымша, бұған дейін Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесі мен Ұлттық құрылтай қандай рөл атқарса, енді Халық Кеңесі сол жолды жалғайды. Ол саяси жүйеге және қоғам мен би­лік арасындағы қарым-қатынасқа нақты ықпал ете ала ма, жоқ па – бұл қабылданатын конституция­лық заңға және билік тарапынан қалыптасатын құқық қолдану тә­жірибесіне байланысты. Яғни, би­лік өкілдері Халық Кеңесінің пі­кірлері мен ұсыныстарына ­қан­­­шалықты құлақ асатыны маңызды.

Дегенмен Халық Кеңесінің Конституцияда бекітілуінің өзі – осы институтты нығайту жо­лын­дағы маңызды қадам. Қанша­лық­ты тиімді болатыны оған қандай мазмұн мен өкілеттіктер берілеті­ніне байланысты.

Азаматтық қоғамның рөлін күшейту мәселесіне келсек, Пре­зидент бұған дейін «күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсынғаны белгілі. Бұл қағидаттар, әсіресе күшті Президент туралы ұстаным жаңа Негізгі заңда толық көрініс тапқан. Бұл – халық ­пре­зиденттік сайлауда Мемлекет басшысына үміткер тұлғаларды мұқият бағалап, сайланған Пре­зидентке айтарлықтай кең сенім мандатын береді деген ұста­нымға негізделген. Одан кейін Мем­лекет басшысы саяси жүйе­де­гі күштер теңгерімін айқындайды.

Конституцияның 2-бабына сәйкес, Қазақстанда президенттік басқару нысаны бекітілген. Сон­дықтан Президент атқарушы би­лік пен азаматтық қоғам арасын­дағы тепе-теңдікті айқындайды. Қажет болған жағдайда басқару­дың тиімділігін арттыру үшін аза­маттық қоғамның рөлін кү­шей­туі мүмкін. Ал сыртқы немесе ішкі саяси дағдарыстар кезінде мемлекеттік институттардың кү­шін біріктіруге де басымдық бере алады.

Жалпы алғанда, Қазақстан жаңа Конституцияны және конституциялық заңдарды әзірлеу барысында стратегиялық саяси бағытта айқындалған басымдық­тарға сүйеніп, әлемнің әртүрлі ел­деріндегі халықаралық тәжіри­белерді ескереді. Әрине, қоғамдық институттар еліміздегі демокра­тиялық процестердің дамуына ықпал ете алады. Бұл тұрғыда биз­нес-қауымдастық та, азамат­тық қоғам да, сондай-ақ саяси күш­тердің өзі де маңызды рөл атқарады.

Ардақ МОНТАЕВ, 

саясаттанушы:

Талқылаудың тұрақты тетігі

– Халық Кеңесінің құрылуы қоғам мен билік арасындағы қо­ғамдық-саяси диалогтың бұрынғы жүйесімен салыстырғанда белгілі бір өзгерістерге әкелуі мүмкін. Егер бұл орган шын мәнінде әртүрлі әлеуметтік топтардың, сарапшылардың және өңір өкіл­дерінің қатысуымен құрылған алаң болса, онда ол қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етуі ықтимал.

Біріншіден, Халық Кеңесі қоғамдық диалогты институцио­налдандырып, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауды тұ­рақты өзара іс-қимыл тетігіне айналдыруы мүмкін.

Екіншіден, өткен кеңесші си­паттағы форматтардан айырма­шы­лығы, мұндай орган нақты өкілеттіктерге ие болуы ықтимал. Мысалы, ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік мәселелері бойын­ша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ заңнамалық бастамалар көтеру құқығына ие болады.

Үшіншіден, егер Халық Кеңе­сінің құрамына түрлі қоғамдық топтардың, кәсіби қауымдас­тық­тардың және өңір өкілдері енсе, мемлекеттің стратегиялық ше­шімдерін талқылауда қоғамдық қатысу деңгейін арттырады.

Ұлттық құрылтай негізінен кеңауқымды қоғамдық пікір ал­масу мен көзқарастарды біріктіру қызметін атқарды. Ал Халық Ке­ңесі неғұрлым институционал­данған органға айналып, қоғам­дық мүдделерді білдіріп, ішкі саясат пен қоғамдық келісім мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеуге қатысуы мүмкін. Алайда оның нақты маңызы ұсыныста­рының мемлекеттік шешім қа­был­дау процесіне қаншалықты ықпал ететініне байланысты.

Әлемдік тәжірибеде мұндай органдар көбіне қоғамдық-кон­сультативтік институттар қыз­метін атқарады. Олар азаматтық қоғам мен сарапшылар қауым­дастығын мемлекеттік шешім­дерді талқылауға тартуға мүмкін­дік береді. Егер Халық Кеңесі де осындай форматта жұмыс істесе, ол қоғамның билікке деген сені­мін арттырып, ел дамуының ма­ңызды мәселелері бойынша кең қоғамдық консенсус қалыптас­тыруға ықпал етуі мүмкін.

Тағы бір маңызды норма – Халық Кеңесінің бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру құқығының болуы. Бұл тікелей демократия элементтерін күшейтеді. Жалпы алғанда, атал­ған ережелер қоғамдық қатысуды институционалдан­дыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара әрекеттестіктің қосымша арналарының қалыптасуына бағытталған.

Қоғамдық институттардың дамуы – заманауи демократиялық жүйені қалыптастырудағы ма­ңызды шарттардың бірі. Тиімді жұмыс істеген жағдайда мұндай институттар тұрақты даму мен қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін маңызды факторға айнала алады.

Дайындаған

М.ТӨЛЕУ