Aikyn.kz жаңа технология қалай жұмыс істейтінін newatlas.com сайтына сілтеме жасап түсіндіреді.
Шинаның ішкі адаптивті қабаты суықта қатайып, шегені протектор бетіне қарай итеріп шығарады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Nokian Tyres
Он жылдан астам уақыт бұрын финдік Nokian қысқы шинаның шегесін батырманы басып шығаратын радикалды тұжырымдамасын көрсеткен еді. Алайда ол жоба нарыққа шықпады, тіпті оның қалай жұмыс істейтіні де айтылмады.
Соңғы 12 жыл бойы компания бұл идеяны технологиялық деңгейде жетілдіріп, алғашқы коммерциялық өнім ретінде Hakkapeliitta 01 моделін ұсынды. Бұл шинада шегелер төмен температурада өздігінен сыртқа шығады. Ауа райы жылынса, резеңке қоспасының ішіне қайта кіріп кетеді. Өндірушінің айтуынша, бұл – нарықтағы осындай функциясы бар алғашқы шина.
Бұндай шешімнің артықшылығы – маусым ауысқанда шинаны қайта-қайта ауыстырудың немесе сырғанаудан қорғайтын шынжырмен әуре болудың қажеті азаяды. Сонымен қатар мұз жоқ кезде шегелер жол жабындысын босқа қажамайды. Nokian бұл технология жолдың тозуын 30%-ға дейін азайтып, ал мұздағы ілінісуді Hakkapeliitta 10 моделіне қарағанда 10%-ға арттырады деп мәлімдейді.
«Қажет кезде ілінісу» деп сипатталған қос әсерлі шеге технологиясы шинаның ішінде орналасқан үш қабатты құрылымға сүйенеді. Ең ішкі адаптивті негіз қабаты суықта қатайып, шегені протектор бетіне қарай итеріп шығарады. Бұл – мұзды жақсы «тістеп», ілінісуді күшейтеді. Ал күн жылынғанда сол қабат жұмсарып, шеге шинаның ішіне терең кіріп кетеді. Бұл кезде өндіруші «жолмен қауіпсіз жанасу және дәл басқару» қамтамасыз етіледі дейді.
Nokian шегелердің шығу-кіру жылдамдығына байланысты нақты цифрлар айтпайды. Компания бұндай параметрлер қоршаған орта факторларына байланысты өзгеретінін, бірақ жол жағдайы қозғалыс кезінде өзгерген сәтте шегелердің жеткілікті тез іске қосылатындай етіп жасалғанын түсіндіруде.Шегелер әр шинаға робот қолымен орнатылып, кейін протекторда берік бекітілгенін тексеру үшін сканерленеді. Бүйір және иық бөліктеріндегі шегелер ілінісу қыры көбейсін деп әртүрлі бағытта орналастырылады. Бұған қоса, жаңа шинаның мұздағы ұстамын жақсартатын оңтайландырылған протектор өрнегі, соққыдан қорғайтын арамидті бүйір қабырғалар және басқаруды күшейтетін жаңартылған резеңке қоспасы бар.
Nokian бұл технология R14 пен R22 шиналар аралығындағы 124 өлшемде шығатынын айтады. Жеңіл көліктер мен кроссоверлерге орнатуға болады. Еуропа мен Солтүстік Америкада оларды биылдың кейінгі бөлігінде сатып алуға болады.