Танымал әнші BAYAN SULU әлеуметтік желіде шығармашылығына қатысты жаңалығын бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әншінің айтуынша, соңғы уақытта оған «Неге жоқ болып кеттің?», «Продюсермен жұмысты тоқтаттыңыздар ма?», «YouTube-тағы әндер неге жоғалып кетті?» деген сұрақтар жиі қойыла бастаған. Осыған байланысты ол көпшіліктің сауалына әлеуметтік желі арқылы жауап берген.
«Иә, расында да мен продюсермен жұмысымды тоқтаттым. Әрине, бұл оңай шешім болған жоқ. Өмірде де, жұмыста да түрлі қиындықтар болады. Барлығы Алланың қалауымен реттеледі деп сенемін. Жақсы жаңалық та бар: YouTube-та алынып қалған әндерім қайтадан өз орнына шықты. Оған қатты қуанып жатырмын. Көп аналар жазып жатыр: “Кішкентай балам сізді тыңдамай үйден шықпайтын еді”, “Балам жылап жатыр, клипті неге таппай жатырмыз?” деп. Адамдарға осындай қуаныш сыйлай алатынымды көріп, шүкір етіп отырмын», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ол шығармашылықта тоқтап қалмайтынын айтты.
«Бұйырса, алда жоспар көп: жаңа әндер, жаңа клиптер, жаңа деңгей. Уақыты келгенде бәрін сіздермен бөлісіп отырамын. Маған тек сіздердің қолдауларыңыз керек. Сұрап, іздеп, қолдап жатқан әрбір тыңдарманыма үлкен рақмет! Мен сіздерді қатты жақсы көремін», – деді BAYAN SULU.