Бүгін «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы камералық залында «Жастық пен шабыт» атты концерті өтті. Кеш болашағынан зор үміт күттіретін өнерпаздар мен жас дарындарға арналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Нақты айтсақ, бұл – жас таланттарды қолдауға арналған «Астана Опера» театрының «Жастық пен шабыт» жобасы. Театр әкімшілігінің мәліметінше, игі дәстүрге айналған бұл жоба биыл оныншы рет өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде жоба 200-ден астам жас дарынды қамтып, үлкен сахнада жарқырап шығуына себепкер.
Бүгінгі бағдарламаға беделді халықаралық әрі республикалық байқаулардың лауреаттары – дарынды балаларға арналған мектептің оқушылары мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті қатысты. Атап айтсақ, скрипкашылар Сағадат Омарғазин, Стефания Мохначева, Елдана Көпбай, Інжу Мырзабаева, виолончельші Сұлтан Бескембиров, валторнашы Арман Жәкен шықты.

«Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы камералық залының жетекшісі Маржан Жәкенованың айтуынша, «Астана Опера» театры Қазақстанның жас дарындарын қолдауға бағытталған жобаларды ұдайы өткізеді.
– Біз камералық зал сахнасында дарынды балалардың қатысуымен концерттер, фестивальдер жиі өткіземіз. Соның бірі – жазда өтетін «Музыкалық демалыс» концерті. Бұған шетелде оқып жүрген қазақстандық музыкант балалар елге оралып, өзінің көрерменіне, ұстаздары мен ата-аналарының алдында өнер көрсетеді.
Сондай тағы бір керемет жобамыз – «Жастық пен дарын», бұл да театрда бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Онда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің білімді студенттері мен шәкірттері «Астана Опера» сахнасында театрдың симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Олар музыкаға деген сүйіспеншілігін дирижердің басқаруында әлемдік классика туындыларын орындап, өз шеберлігі мен әртістік қабілетін шыңдай түседі. Оның үстіне, өнер жолын енді бастап келе жатқан жас музыканттарға мотивация береді, халықаралық байқауларға қатысуға шабыттандырады. Осының арқасында өнер айдынына жаңа есімдер шығады, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маржан Жәкенова.

Осыны айшықты дәлелі екенін дирижер Элмар Бөрібаев та сөз етті. Өйткені бүгінгі кеште жас солистер маэстроның басқаруындағы «Астана Опера» камералық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.
Оның айтуынша, жас таланттар көрерменге түрлі дәуірдің сан алуан жауһарларын таныстыруға тырысқан. Атап айтсақ, Н.Паганинидің оркестр мен скрипкаға арналған №1 виртуоздық концерті және Ф.Мендельсонның оркестр мен скрипкаға арналған терең лирикалық концерті берілді. Сонымен қатар сахнада В.А.Моцарттың керемет үйлесімділік пен әсемдікке толы шығармалары – Оркестр мен скрипкаға арналған №4 концерті, pе мажор (1-бөлім) және Оркестр мен валторнаға арналған №3 концерт, ми-бемоль мажор (1-бөлім) шырқалды. И.Гайдн – Д.Поппердің Оркестр мен виолончельге арналған шағын концерті, до мажор (1-бөлім) бағдарламаға классикалық жүйелілік пен үннің бекзаттығын көрсетті.
– Бұл концерт алдымен жас әртістердің болашағына зор үміт сыйлайды. Олар сахнада өнер көрсетіп қана қоймай, жер жаһанға өздері жайлы жар салады. Сонымен қатар жас өнерпаздар танымал шеберлермен шығармашылық диалог орнатуды үйреніп, өздеріне баға жетпес тәжірибе алмасады. Ал көрермендер жас буынның шеберлігін бағалап, өнерімен тамсануына мүмкіндік туды. Ал көрермендер үшін бұл болашақ орындаушылар буынының шеберлігін алғашқылардың бірі болып естуге және бағалауға сирек мүмкіндік болмақ, – деді Элмар Бөрібаев.

Жас таланттың бірі, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, оның ішінде Аустрияның Санкт-Пельтен қаласында өткен Бетховен атындағы XIX Халықаралық скрипкашылар конкурсының жеңімпазы Сағадат Омарғазин дирижер Элмар Бөрібаевпен танысып, бір сахнада өнер көрсеткеніне қуанышын жасырмады.
– Бүгінгі кеште Никколо Паганинидің Скрипка мен оркестрге арналған №1 концертін орындадым. Маған оның әсерлі әуені мен жарқын музыкалық бейнесі ұнайды. Шығармада скрипканың мүмкіндігі өте шебер көрсетіліп, музыкасы тыңдарманға ерекше әсер сыйлайды. «Астана Опера» театрының сахнасында «Жастық пен шабыт» концертінде өнер көрсету – ең үлкен арманымның бірі. Ендігі тілегім – театрдың үлкен сахнасында өнер көрсету. Бұл менің – «Астана Опера» театрының сахнасына бірінші шығуым. Осындай мүмкіндік бергені үшін театрдың басшылығына алғысым шексіз, – дейді Сағадат.