Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен азаматтардың теңдігіне қатысты нормаларға ерекше назар аударылғаны жиі айтылады.
Ерқанат Көпжасарұлы: Қоғаммен бірге тыныстайтын «тірі құқық»
108
оқылды

Құжатта кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу және барлық азаматтардың заң алдында тең болуы негізгі қағидалардың бірі ретінде бекітілмек. Бұл өзгерістер қоғамдағы әділдік пен құқықтық мәдениетті нығайтуға қалай әсер етеді? Осы және өзге де мәселелер туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, Qazaqstan ұлттық телеарнасының продюсері әрі жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлы айтып берді.

– Жаңа Конституция жобасында құқықтық мемлекетті дамытудың негізгі қағидаттары мен тетіктер қалай айқындалған? 

– Құқықтық мемлекеттің ең басты бел­гісі – биліктің емес, адам мерейінің үстемдігі. Жобаның 1-бабына үңілсеңіз, Қазақстанның «құқықтық мемлекет» екені, мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары нақты көр­сетілген. 15-баптың 2-тармағында адам құқық­тары әркімге тумысынан тиесілі және олар ажыратуға болмайтын деп танылады. Негізінен, Конституция жобасының преам­бу­ласында «Заң мен тәртіп қағидаты» Әділ­етті Қазақстанның негізі ретінде көр­сетілген. Ал  4-баптың 4-тармағында мем­лекеттік билік біртұтас болғанымен, оның заң шығарушы, атқарушы және сот тармақ­тарына бөлінуі мен өзара іс-қимыл жасау қағидаты бекітілген.

Құқықтық мемлекетте тек азамат қана емес, мемлекет те заң алдында жауапты. 15-баптың 6-тармағы – революциялық норма. Мұнда әр адамның мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заң­сыз әрекетінен келген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар екені жазылған. Бұл шенеуніктердің өз еркімен шешім қабылдауына тосқауыл қояды. Құқықтық мемлекеттің соңғы инстанциясы тәуелсіз сот. 12-баптың 2-тармағы әр адамның өз құқығын сот арқылы қорғау құқығын мызғымастай қылып бекітеді. Ал 5-баптың 1-тармағында Конституциялық Сот пен Жоғарғы Соттың қаулылары қолдан­ыстағы құқықтың қайнар көзі ретінде танылған. Бұл сот төрелігінің сапасын арттырады. Жаңа жобада құқықтық мемлекет  «адам құқығы, заң үстемдігі, билік бөлінісі, сот тәуелсіздігі» тізбегі арқылы іске асатын тірі механизм ретінде сипатталған.

– Жобада мемлекеттік органдар мен билік институттарының теңдік принципін сақтау үшін қандай бақылау немесе есептілік шаралары қарастырылған?

– Бұған дейін бізде Президент көптеген лауазымды тұлғаны жеке өзі тағайындаса, жаңа жобада бұл процесс өкілді органның, яғни Құрылтайдың қатаң бақылауына алынған. Президент Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Сот судьяларын (10 адам), ОСК мүшелерін (6 адам) және Жоғары аудиторлық палата мүшелерін (8 адам) тағайындау үшін Құрылтай депутат­тарының көпшілік дауысымен берілген келі­сімін алуға міндетті. Егер Құрылтай келі­сім бермесе, Президент бұл тұлғаларды тағайындай алмайды. Мемлекеттік органдардың біріне-бірі есепті болуы – жауапкершілікті арттырады. 

Ал билік институттарының заңнан аспауын қадағалайтын ең жоғары орган – Конституциялық Сот. Президент Конс­титуциялық Сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конститу­ция­ға сәйкестігін қарау туралы өтініш жібере алады. Құқықтық мемлекетте биліктің бір қолға шоғырлануы – аса қауіпті мәселе. Жаңа Конституция жобасында мұндай кел­еңсіздіктердің алдын алу мұқият қарас­тырылған. Мысалы, 4-баптың 3-тармағында «Билікті иемденіп кету заңмен қудаланады» деп көрсетілген. Халық пен мемлекет атынан әрекет ету құқығы Президент пен Құрылтай­дың арасында конституциялық өкілеттіктері шегінде бөлінген. Президенттің тек бір рет, жеті жылға сайлануы биліктің ауыспалылығын және демократиялық бақылауды қамтамасыз ететін басты саяси тетік деп сенеміз. Аталмыш норманың өзгермейтіні (43-бап, 5-тармақ) жүйенің тұрақтылығының кепілі болуы керек. Бұл – «күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есепті Үкімет» формуласының заң тұрғысында бекітілуі.

– Азаматтардың заң алдындағы теңдігі қалай бекітілген? Жыныс, этникалық топ, әлеуметтік мәртебеге байланысты кемсіту­шілікке жол бермеу қалай қамтамасыз етіледі?

– Жаңа Конституция жобасы азаматтарды «артық» немесе «кем» демей, бәріне бірдей ортақ құқықтық кеңістік қалыптастырады. Әсіресе, 15-баптың 6- тармағындағы мемле­кеттік органның заңсыз әрекетінен келген зиянды мемлекеттің өтеуі туралы норма  шенеуніктердің азаматтарды әлеуметтік мәртебесіне қарай алалауына қарсы тұра алатын құрал болады.

Жобада кемсітушіліктің алдын алуға бағытталған қадамдар көрсетілген. Мәселен, 16-баптың 2-тармағында «әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көз­­қарасына, нанымына, тұрғылықты жерi­не немесе кез келген өзге де себептерге байл­анысты кемсiтуге болмайды» деп көрсетілгенін ескеруіміз керек.  Ал құжаттағы теңдік іс жүзінде қалай жұмыс істейді деген заңды сұрақ туындайды.  35-бап, 4-тармаққа сүйенсек, Азаматтардың мемлекеттік қыз­метке кіруге құқығы бірдей. Кандидатқа қойылатын талаптар тек оның кәсіби білік­тілігіне ғана қатысты болуға тиіс. Ал егер аза­мат өзін кемсітушіліктің құрбанымын деп санаса, 12-бапты негізге ала отырып сотқа жүгінуге құқылы. Мемлекет білікті заң көмегін көрсетуге кепілдік береді.

– Сот тәуелсіздігін нығайту және азаматтық қоғамның рөлін күшейту бағытындағы құ­қықтық нормалар қандай? Сондай-ақ аз­а­мат­тар өзінің заң алдындағы теңдігі бұзылған жағдайда сот немесе басқа мемлекеттік орган­дар арқылы қалай қорғай алады?

–  Конституциялық жобаның VIII бөлімі сот төрелігі, прокуратура, құқық қорғау тетіктеріне бағытталған. Мәселен, ұсынылып отырған құжатта 78-баптың 1-тармағында «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз болады және Конституция мен заңға ғана бағынады» деп нақты көрсетіген. Соттардың барлық шешімі, үкімдері мен қаулылары елдің бүкіл аумағында орындалуға міндетті. Соттар Конституциямен кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды бұзатын заңдарды немесе басқа құқықтық актілерді қолдануға құқы жоқ. Бұл азамат­тардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ете алады. Мемлекет басшысы ұдайы мем­лекеттің негізгі миссиясы Әділетті Қазақстан  құру, «Заң мен тәртіп» қағидатын үстем ету мәселесін көтеріп келеді. Ал әділеттілікке тек азаматтардың құқықтары жан-жақты сақталып қорғалған жағдайда ғана қол жеткізеді. Осыған байланысты Конституцияда Адам құқықтары жөнінде жеке бап көзделген. Омбудсменнің қызметі жеке тұлғаның құқықтарын шектейтін құқықтық нормаларға, қолданыстағы заңдардағы олқылықтарға қатысты мәселелерді шешуге бағытталған.

– Құжатта инклюзивті қоғам құру принциптері қалай сипатталады және жүзеге асыру тетіктері нақты қарастырылған ба?

– Инклюзивті қоғамның ең бірінші шарты – кез келген топтың шет қақпай­ламауы. Конституция жобасының 16-бабы 2-тармағында кемсітушілікке жол берілмейтін негіздердің тізімі көрсетіледі. Олар тегі, әлеу­меттік, лауазымдық және мүліктік жағ­дайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, діні, нанымы және тұрғылықты жері. Осы норма қоғамның әр мүшесіне, оның физикалық немесе әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамас­тан, мемлекеттің қорғауында болуына кепілдік береді.

Құжатта әлеуметтік жағынан осал топ­тарды қоғамдық өмірге тартудың құқықтық тетіктері нақтыланған. 31-бапта мемлекет азаматтарға жасына, науқастануына, мүгедек­тігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріп отыр.

Ал 28-бапты алсақ, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың заңда көрсетілген санаттарына мемлекет тарапынан баспана берілетіні бекітілген.  33-бапта тегін орта білім алудың мін­деттілігі мен жоғары білім алуға тең қолжетімділік – білім беру саласындағы ин­клю­зияны қамтамасыз етеді. Конституция преамбуласында айтылған «Әділетті Қазақстан» идеясы мен 9-баптағы тілдік саясат мәдени инклюзияның көрінісі. Мемлекет қазақ тілінің мәртебесін бекіте отырып, барлық этностың тілдерін үйрену мен дамытуға жағдай жасайтынын мәлімдейді. Нағыз инклюзивті қоғамда әрбір азамат шешім қабылдау процесіне қатыса алуы тиіс. 35-баптың 1-тармағы азаматтардың тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысу құқығын бекітеді. 35-баптың 4-тармағы мемлекеттік қызметке кірудегі теңдікті жариялайды. Осы өзгерістер кез келген әлеуметтік топ өкілінің мемлекеттік аппаратта қызмет етуіне жол ашады деп ойлаймын.

Жобаның 5-бабында Қазақстан Респуб­ликасының халықаралық шарт міндеттемелері қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі ретінде танылған. Ал 17-баптың 3-тармағында «Өлім жазасына тыйым салынған» деп қысқа әрі нұсқа жазылуы – Еуропа кеңесінің стандарттары мен Адам құқықтарының екінші факуль­тативтік хаттамасына толық сәйкес келеді. «Хабеас корпус» принципі, яғни адамды күзет­пен ұстауға тек сот шешімімен рұқсат етілуі (18-бап, 2-тармақ)  демократиялық елдердің басты стандарты. 

Конституция – қоғаммен бірге тыныс­тайтын «тірі құқық». Болашақта біз цифрлық құқықтар, экологиялық қауіпсіздік және жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігі бағытында эволюциялық дамуды жалғастыра беруіміз керек. Десе де, қазіргі ұсынылып отырған нұсқа  «Әділетті Қазақ­стан­ның» құқықтық сәулетін қалайтын ең мықты фундамент болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ