Елде ең кенжелеп тұрған саланың бірі – балық шаруашылығы. Себебі балық өнімдерінің басым көпшілігі импортқа тәуелді. Ал балық шаруашылығымен айналысатындар арнайы көмек, браконьерлік жұмыстардың жолын кесу, балық өсіру, сату, өнімдер шығару ісінің жүйеге түспей отырғанын алға тартады.
Балық өндірісіне бірізділік қажет
108
оқылды

Үкімет дерегінше, Қазақстанда 2023 жылы балық өнімдері нарығының көлемі 88,3 мың тоннаны құрапты. 2024 жылы мөлшері 96,6 мың тоннаға жетсе, былтыр 99,5 мың болған. Өсім бар, дей тұрғанмен, әліге дейін импорттың көлемі басым түсіп тұр. Елдегі балық өнімдерінің 67 пайызы шетелдерден келеді.

Біздің елде балық өндірісін, соның іш­інде аквамәдениетті дамытуға негізі мем­лекеттік қолдау қарастырылған. Үкімет дереккөздеріне сүйенсек, кейінгі 3 жыл ішінде балық өсіретін шаруашылық саны екі есе көбейіпті. Бүгінде 700-ден астам шаруа­шылық жұмыс істеп тұр. Яғни, ресми мәліметтерге сенсек, балық өндірісінде барлық шаруаның жұмысы бірқалыпты. Ал балықпен айналысатындардың уәжіне құлақ түрсек, салада қордаланған түйткілдер бар. Мәселен, белгілі ихтиолог, балық өсіруші Мейрамбек Пазылбеков аква­шаруашылықтарды дамытуға жоғары тех­нология, білікті мамандар, қажетті құрал­дар және балық азығы жетіспейтінін айтады.

– Ел Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өндеу және импорттық тауарлардың үлесін азайту қажет деп айқындап берді. Тағам өндіруде біздегі аквашаруа­шы­лықтардың жұмыс істеуі өте маңызды. Бұл жағынан бәсекелестіктен қорықпаған жөн. Ең бастысы, мемлекеттен қолдау қажет. Өйт­кені біздегі аквашаруашылықтарды дамытуға жоғары технология, мамандар, қажетті құралдар және балық азығы жетіс­пейді. Сол себепті шетелге жалтақтап отырмыз. Жемнің өзі Иран, Қытай, Еуропа, Түркиядан келеді. Арнайы құрылғылар да солай. Бұлардың бағасы шетел курсына байланысты. Қабылданған бағдарламаның ортасына келсек те, әлі балық жемін шы­ғаратын бірде-бір зауыт салынбады. Жем дайындайтын кәсіпорын құру аталған бағдарлама шеңберінде орындалуға тиіс еді. Елде балық шаруашылығын дамытудың жолдары бар. Ол үшін заманауи технологияны қолдана отырып, балық түрлерін бір маусымда өсіруге болады. Сапалы жеммен қамтысаң, оттегі беретін құрылғыларың дұрыс болса, көк­темде салған шабағың күзде тауарлы балыққа айналады. Тағы бір маңызды балық түрі – форель. Елдегі Көлсай көлдерінен өзге табиғи су айдындарында жерсіндіріл­меген. Жылдам өседі, құны да жоғары. Біздің шаруашылыққа мұның уылдырығы шетелден, мұхит асып АҚШ-тан келеді. Одан соң өзіміздегі арнайы инкубациялық цехта уылдырықтан жарып құртшабақ түрінде шығып, тауарлы балыққа дейін арнайы бөлек бағылады. Форельді шабақ күйінде 1 грамнан бастап балық өсірушілерге сатуға болады. 300 грамнан жоғары болса, арнайы мейрамхана, кафе иелері ас мәзірі ретінде тапсырыс береді, – дейді кәсіпкер.

Үкімет 2021-2030 жылдарға арналған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын бекітіп, ел бойынша 270 мың тоннаға дейін балық өсіруді мақсат етіп қойған болатын. Балық шаруашылығындағы инвестициялық жобаларға шығындардың шамамен 25 пайызын субсидиялау бағдарламасын да іске қосқан. «Аквашаруашылық туралы» заң да қабылданды.

Әйтсе де, Мәжіліс депутаты Анас Бақ­қожаев балық өндірісіндегі кем-кетік тұс­тар­ды да түртіп өтті. Депутаттың сөзіне қарағанда, балық шаруашылығына жеңіл­детілген несиемен қолдау жасалып, ихтио­логия ғылымы зерттеліп, бірыңғай ақ­параттық-цифрлық ашық жүйені тезірек қол­данысқа енгізіп, заңсыз балық аулай­тындармен күрес күшеюі керек.

– Біздегі балық шаруашылығы кейінгі 20-30 жылда жап-жақсы қарқын алды. Әрине, дамыған елдер деңгейімен салыс­тыруға келмейді. Қолдағы мәлімет бойынша, кейінгі үш жылдықта 20 пайыз өсім байқалған. Аквамәдениеттің өзінен 20 мың тон­на өнім шыққан. Өзен-көлдерден ауланған балықтың көлемі 50 мың тоннаға жетіпті. Мемлекеттік қолдау кейінгі 5 жылда 7-9 есе көбейген. Мұның өзі субсидия тұ­ты­на­тын шаруашы­лық­тардың көбейгенін көрсетеді. Егер нарықта балық өндірісінің көлемі көбейсе, бағасы да қолжетімді болады. Осы бағытта Үкіметтің 2030 жылға дейінгі бағдарламасы тәп-тәуір. Әйтсе де, несие­лендіру бағдарла­масын оңтайландыру керек. Ихтиологиялық зерттеулер дұрыс болмаса, уылдырықты жетілдіру ісі күйіп кетеді. Сондықтан сақтан­дыру саласын дамытқан жөн. Су ресурс­тары­ның цифрлық картасы тезірек жасалуы қажет. Сондай-ақ инспек­тор­лар жетіспейді, соның салдарынан бра­ко­нь­ерлерге тұсау жоқ. Бір кездері заңсыз балық аулайтындарды анықтайтын мобильді қосымша жасалған, бірақ соны әліге дейін мемлекет деңгейінде қолдана алмай келеміз. Егер осындай ашық ақпараттық жүйе пайда болса, мемлекеттік инспекторлар браконь­ерлердің жолын кессе, азаматтар да заңсыз­дықтарға бейжай қарамаса, балық өндірісінде бірізділік пайда болар еді, – деп түйді Мәжіліс депутаты. 

Расында, заңсыз балық аулау фактісі азаймай тұр. Мәселен, бір ғана Қарағанды облысы прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы 15 тоннадан астам заңсыз балық аулау фактісі тіркелген. Сондай-ақ АШМ-нің «Бекіре-2024» кеңауқымды балық қорғау акциясы барысында, табиғат қорғау заңнама­сының 945 бұзушылығы анықталып, жолы кесілді. 2025 жылы Шығыс Қазақстан облыс­ында «Уылдырық шашу-2025» акциясы кезінде 117 құқықбұзушылық анықталып, оның 92-сі заңсыз балық аулау фактісі болып танылған. Атырау облысында да рейд барысында 530 келі заңсыз ауланған балық тәркіленіп, браконьерлік бабы бой­ынша қылмыстық іс қозғалды. Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыс­тарында «Бекіре-2025» акциясы кезінде браконьерлерге 21,5 млн теңге айыппұл салыныпты. 

Ал жыл басынан бері Каспий теңізінде браконьерлікке қатысты 5 жағдай, Тобыл – Торғай бассейнінде 12 жағдай анықталып, ізі кесілген. Яғни, мұндай жөн-жосықсыз әрекеттер балық шаруашылығының дамуына тосқауыл болары хақ. Заңсыздықтың сал­дары­нан «Қызыл кітапқа» енген бекіре, ақ­ба­лық сияқты сирек кездесетін балық түрлері азая беретін секілді. Бүгінде көбіміз біле бермейтін Арал албырты, Балқаш алабұғасының тұқымы сиреп, жоқ болып кетудің сәл-ақ алдында тұр.

Қызылорда өңірінің тұрғыны Марал Өтепов Арал теңізінің маңында тұрып, балықшы отбасында тәрбиеленіпті. Ол көр­ген-білгенімен бөлісіп, әр бейсенбі ба­лық күні болғанын, уылдырық шашатын кезде балық ауланбайтынын еске алды.

– Әкеміз балықшы болатын. Бізді балық аулап асырады десек те болады. Арал балық зауытына, базарға балық өткізіп тұрды. Ол уақытта Аралдың сазаны, ақбалығы көп, адам бойына теңдей жайын ұстаған кездері болды. Балықты асып, тұтас әулетті шақырып мәз-мейрам болатынбыз. Бірақ көктемгі уылдырық шашатын кезде балық ауламайтын. Әкеміз «обал болады, табиғатқа қысастық жасауға болмайды» деп ескертетін. Өзім де оқуға түспей тұрып, Арал балық зауытында 2 жыл жұмыс істеп, машақаты мен пайдасын қатар көрдім. Осы күні базардан азын-аулақ балық сатып алу үшін кемінде 10-15 мың ақша жұмсайсыз. Консервіленген балық өнімдерін алайын десең, көбі шетелдің импорттық өнімдері. Бұрын әр бейсенбі балық күні болатын. Арнайы ағзаға, көзге пайдалы деп балық жейтінбіз. Қазір ол үрдіс те қалмады, – дейді ол. 

Тоқетері, елде балық шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп тұр. Арнайы заң бар, субсидия да қарастырылған.  Балық өнімі айналымы­ның көлеңкелі нарығын қысқарту үшін е-fish ақпараттық жүйесі пилоттық режимде әзірленіп, қолданысқа енгізіліпті.  Атырау бекіре зауыты, Петропавл мен Қамыстыбас балық питомнигі сияқты үш мемлекеттік балық өсіру кәсіпорны қалпына келтірілмек. Каспий итбалығын сақтау мақсатында «Кас­пий итбалығы» мемлекеттік табиғи рез­ерваты құрылды. Міне, осындай ақжолтай игі істер қолға алынып жатыр. Кемшіліктің жоқ емесін айттық. Алдағы уақытта отандық балық шаруашылығы қарқынды дамып, ішкі нарықты толық қамтуға мүмкіндік туады деп үміттенеміз.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ