12 наурыздан бастап елімізде «Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы» кодекске (№257-VIII заң) енгізілген түзетулер күшіне енді.
Заң талаптары өзгермейді: тіркеу тәсілі жаңартылады
104
оқылды

Жаңартылған Әкімшілік код­екстің 31-бабында цифрлық жүйелер арқылы анықталған құ­қық­бұзушылықтар бойынша хаттама толтырмай-ақ, тікелей айыппұл салу қарастырылады деп көрсетілген. Мұндай жағдай­да деректер әкімшілік өндірістің бірыңғай реестрімен интегра­ция­ланған жүйелер арқылы өң­де­летін көрінеді. Бұрын бұл тек жол-көлік саласына қатысты болатын. Яғни, бұған дейін жыл­дамдықты асыру, қызыл шамға өту секілді бұзушы­лық­тар үшін автоматты айыппұл­дар тірке­летін болса, енді айыппұл салу кез келген әкімшілік құқық­бұзу­шылыққа қатысты қолданылады.

Ал бұл өзгерістер айыппұлдар түрін автоматты түрде көбейтуі мүмкін. Мәселен, көшеге қоқыс немесе темекі тұқылын тастау (айып­­пұл мөлшері 43 250 теңгеге дейін өскен), тыйым салынған жерде темекі шегу, жолды белгі-л­енбеген жерден кесіп өту, алко­голь­ді түнгі уақытта немесе кә­ме­летке толмағандарға сату ақылды бейнебақылау арқылы анықталып тіркелсе, автоматты түрде айып­пұл жазылады.

Жалпы, елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында цифр­лық бақылау күшейтілген. Был­тыр Ішкі істер министрінің орын­басары Игорь Лепеха рес­публика аумағында автоматты камералар желісі кеңейтіліп, олардың саны 25 мыңға жеткенін айтқан бола­тын. Оның айтуын­ша, 2025 жылы дрондар арқылы ереже бұзудың 3,6 мың дерегі анықталған, оның ішінде қарсы жолаққа шығудың 1 мың, қауіп тудырып басып озу­дың 300 фак­тісі тіркелген. Цифр­лық бақылау немесе қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіп­сіз­дігін қамта­ма­сыз ету үшін жа­са­нды интел­лектіні қолдану әлем­нің көпте­ген елінде бар. Мысалы, Қытайда камералар бет-әлпетті тану тех­нологиясымен жұмыс істейді. Жаяу жүргінші қызыл шам­ға өтсе немесе қоқыс тастаса, жүйе бірнеше секунд ішінде тұл­ғаны анықтайды. Айыппұл элек­тр­онды әмияннан автоматты түр­де алынуы мүмкін. Сингапурде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жасанды интеллект жүйелері мен роботтар пайдаланылады. Олар темекі шегу, қоқыс тастау, заңсыз сауда жасау сияқты құқықбұзу­шылықтарды тіркейді. 

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай өзгерістер алдын алу сипа­тында және ең алдымен адам­­­дардың өмірі мен денсау­лығын қорғауға, құқықбұзу­шы­лықтарға жол бермеуге, қоғам­дық орындар мен тұрғын үй аумақ­тар­ында қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. ІІМ ӘПК-нің ерек­ше тапсыр­малар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова: 

– Аталған өзгеріс технология­лардың дамуына және процес­тердің цифрландырылуына бай­ла­нысты енгізілді. Негізгі мақсат – заманауи техникалық ше­шім­дерді қолданып, жол қауіп­сіздігін арттыру және құқықбұзу­шылықтардың алдын алу тиім­ділігін күшейту. Маңыздысы: жаңа тыйым енгізілмейді. Тек бұрыннан бар құқықбұзу­шылық­тарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бұған дейін рөлде отырып телефон пай­да­лану, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты құқықбұзушы­лықтарды полиция қызмет­керлері тікелей анықтаса, енді оларды заманауи техникалық құралдар арқылы тіркеуге болады. Яғни, заң талап­тары өзгермейді – тек оларды тіркеу тәсілдері жаңартылады, – деді.

Маманның нақтылауы бойын­ша, бұрын автоматты режимде алты түрлі құқық­бұзу­шылық тір­келетін, олар: жыл­дамдықты арт­тыру, бағдар­ша­м­ның тыйым сал­ынған белгісіне өту, жол белгілері мен таңба­лары­ның талаптарын сақтамау, тоқтау және тұру қағи­даларын бұзу, озу және жолдың жүру бө­лік­терінде орналасу қағи­даларын бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Қалған құқықбұзу­шы­лықтар тек полиция қызмет­ке­рінің қатысуымен анықталатын. Енді заңнамада құқықбұзушы­лықтарды тіркеудің үш тәсілі көзде­лген.

– Біріншісі – қолданыстағы бейнекамералар. Екіншісі – авто­матты тіркеу жүйелері, арнайы өлшеуді қажет етпейтін өзге де бұзу­шылықтарды анық­тай алады, мысалы, рөлде теле­фон пайдалану немесе белдікті тақпау. Үшіншісі – Әкімшілік құқықбұзушы­лықтың бірыңғай тізілімі жүйе­сімен біріктірілген мемлекеттік деректер базаларын пайдалану. Бұл құжаттарға қа­тысты бұзушы­лық­тарды авто­матты түрде анық­тауға мүмкіндік береді, яғни тех­ни­калық бай­қау­дың мерзімінің өтуі, сақтандыру полисінің бол­мауы, қаруды сақ­тауға беріл­ген рұқсат мерзімінің аяқталуы және басқа да жағдай­лар. Сонымен қатар заңнамада ескерту қа­рас­тырылған құқық­бұзушылықтар бойынша жүйе автоматты түрде ескерту шығара алады. Бұрын ол үшін полиция қызметкерінің қатысуы және істі қолмен рәсім­деу қажет еді. Мысалы, жолда кептеліс тудыру, сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау және басқа да жолда жүру қағида­ларын бұзу жағдайлары. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында таралған автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкер­ші­лікке тартады деген ақпарат шын­дыққа сәйкес келмейтінін хабар­лаймыз. Бұл жүйелер тек көлік жүр­гізушілері тарапынан жаса­л-ған жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтауға арналған. Жал­пы алғанда, енгізілген өзге­рістер қоғамдық және жол қауіп­сіздігін арттыруға, құқық­бұзу­шылық­тардың алдын алуға және ауыр зардаптардың тәу­екелін төмен­детуге бағытталған. Цифр­лық ше­шімдерді қолдану қауіпті мін­ез-құлықты дер кез­інде анық­тауға және азамат­тардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді аға инспектор.

Дегенмен қоғамда камералар немесе дрондар адамдардың жеке деректерін сақтай ма және оларда деректердің қауіпсіздігі ескерілген бе, цифрлық жүйелер қателесіп, азаматтарды әбігерге салмай ма деген күдіктің де барын айтуымыз керек. Сала мамандары бұл тұрғы­да кейбір камералар мен дрондар адам­дардың жеке деректерін сақ­тауы мүмкін, бірақ бұл олардың түріне, функциясына және қалай пайдаланылатынына байланыс­ты екенін айтады.

– Заң тұрғысынан қарайтын болсақ, көптеген елде және біз­дің елімізде де жеке деректерді жинау мен сақтау бойынша арнайы заңдар бар. Атап айтсақ, Қазақ­стан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау тура­лы» қолданыстағы заңға сәй­кес адамның жеке де­ректерін рұқсатсыз жинауға бол­майды, олар­ды қауіпсіз сақтау міндетті, деректер тек нақты мақсат үшін қолданылуы ке­рек, – дейді ІТ маман Мейіржан Әуелханұлы.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ