Әскери бөлімге арнайы келген ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды қариялар сарбаздармен жүздесіп, ақ баталарын берді
Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар  ұландықтармен көрісті
110
оқылды

Көктемнің келуімен бірге қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптейтін игі дәстүрлердің бірі – Көрісу күні де келеді. Осы атаулы мереке аясында 5573 әскери бөлімінде ерекше тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Әскери бөлімге арнайы келген ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды қариялар сарбаздармен жүздесіп, ақ баталарын берді.

Іс-шара барысында қонақтар әскери қызметшілермен жылы жүздесіп, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары туралы әңгіме өрбітті. Ақсақалдар ел тыныштығын күзетіп жүрген жас ұландарға ризашылықтарын білдіріп, Отан алдындағы қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығы туралы тағылымды сөздер айтты.

Ақ жаулықты аналар да сарбаздарға ақ тілектерін арнап, аналық мейірімге толы баталарын берді. Олар ел қорғап жүрген жас сарбаздарға амандық, күш-қуат, сабыр мен төзім тілеп, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Мұндай кездесулер жас әскери қызметшілердің рухын көтеріп қана қоймай, ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге, үлкенге ізет көрсетуге тәрбиелейді. Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, елдік пен бірліктің маңызын тағы бір мәрте айқындай түседі.

 Кездесу соңында әскери бөлімнің жеке құрамы құрметті қонақтарға алғыс білдіріп, естелік суретке түсті.

 

Елдің тыныштығын күзетіп жүрген ұландықтар үшін ақсақалдардың ақ батасы – үлкен демеу әрі рухани күш екені сөзсіз.