Әр бала мектепке білім алу үшін барады. Бірақ бүгінде білім ордаларының өзінде түрлі құқықбұзушылықтың күн санап өсіп, өршіп бара жатқаны ащы шындық.
Мектептегі қауіпсіздік: балаға кім қорған?
90
оқылды

Бірін-бірі аяусыз соққыға жығу, әлімжеттік жасау, психологиялық қысым көрсету сияқты тосын оқиғалар күн санап жиілей түскен. Бұл бірінші кезекте ата-аналардың балаларының қауіпсіздігіне алаңдауын туғызатыны сөзсіз. Ақмола облысында да қатарластарына қатыгездік көрсету оқиғалары оқтын-оқтын қылаң береді. Бұл орайда мектептегі қауіпсіздікке тікелей жауапты күзет саласының кемшілігі де  байқалып қалады... 

Мектеп қауіпсіздігі дегенде көп жағдайда көз алды­мыз­ға күзетші, турникет пен бей­не­­­камера елестейді. Алайда бала­ның мектептегі қауіпсіздігі тек мұ­­­нымен ғана  бітпейтінін күн­де­лік­­ті өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ғи­мараттың техникалық жағдайы, өрт қауіпсіздігі, санитариялық ахуал, асханадағы тағам сапасы, бей­небақылаудың тиімділігі, бул­лингтен қорғану, психолог көмегі, тіп­ті мектепке дейінгі және мек­теп­тен кейінгі балалардың қауіп­сіз­дігі де бақылауды қажет етеді. Ақ­мола облысындағы 2026 жылғы мо­ниторинг нәтижелері осы мә­се­ле­нің бәрін бір арнаға тоғыстыру қа­­жетін көрсетіп отыр.

Аймақтағы мектептердің 2026-2027 оқу жылына дайындығын зер­­­­делеген мониторинг бір ғана мә­се­лені емес, тұтас жүйенің әл­сіз­ді­гін айқындап берді. Өңірдің Білім са­ласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің дерегінше, өңірде 523 күндізгі жалпы білім беретін мек­теп жұмыс істейді. Оның 517-сі мем­лекеттік, алтауы – жеке­мен­шік. Мектептерде барлығы 139 478 оқу­шы білім алады. Яғни мәселе жүз­деген ғимараттың техникалық дайындығы туралы ғана емес. Күн сайын осы нысандарға келетін ша­мамен 140 мың баланың іс жү­зін­дегі қауіпсіздігі болып отыр.

Қадағалауды қажет ететін аса өт­кір жайттың бірі – лицензия­лан­ған күзет мәселесі. Департаменттің жа­рия еткен деректеріне көз жү­гірт­­сек, 523 мектептің тек 194-і ға­на, яғни 38 пайызы лицен­зия­лан­ған күзетпен қамтылған. 329 мек­тепте мұндай күзет атымен жоқ. Департамент мұның негізгі се­бе­бін ауылдағы шағын жинақты мек­тептердегі оқушылар санының аз­дығымен түсіндірген. Мұндай бі­лім ошақтарында штаттық күзет­ші­лер бар. Лицензияланған күзет не­гізінен тек қаладағы ірі мек­теп­терге, лицейлерге, гимназияларға жә­не оқушы саны көп білім ұйым­дарына қойылыпты.

Бұл 329 мектеп мүлде күзе­тіл­мейді деген сөз емес. Өйт­кені лицензияланған күзеттің бол­мауы білім беру мекемелерінің қор­ғалмайтынын көрсетпейді. Бір­ақ екінші жағынан, штаттағы қа­рапайым күзетші мен лицен­зия­лан­ған күзет ұйымының арасы жер мен көктей екені айтпаса да тү­сі­нік­ті. Лицензияланған құрылым­ның кәсіби даярлығы, жедел әре­кет ету тетігі және техникалық қауіп­сіз­дік жүйелері сақадай сай. Сон­дық­тан шалғайда жатқан ауыл мек­тебінің қауіпсіздігін «күзетші бар» деген бір ғана жауаппен құты­лу жөн болмайтын сияқты.

Бұл мәселе биылғы жылы бүкіл ел­де қайтадан күн тәртібіне шық­ты. Мәселен, сәуірде мектептердегі кү­зетке қойылған жаңа талап­тар­дан кейін кей өңірлерде маман­дан­дырылған күзет ұйымдарының кон­курсқа қатысудан бас тартқаны мә­лім болған еді. Бұған себеп – қауіп­сіздік қызметіне қойылатын жаңа талаптар мен оны қаржылан­д­ыру көлемінің сәйкес келмеуі. Де­мек, Ақмоладағы 329 мектептің мә­селесін шешу үшін тек бәріне ли­цензияланған күзет қою жет­кі­ліксіздігін аңғартады. Қаржылан­ды­ру, кадр тапшылығы, ауыл мек­­тептерінің ерекшелігі де  на­зар­­дан тыс қалмауы керек. 

Елдің басқа аймақтарына қа­­ра­ғанда өңір мектепте­рін­­дегі бей­не­бақылау көрсеткіші, ке­рісінше, жо­ғары болып шықты. 

– Облыстың барлық білім беру ұйым­дарында бейнебақылау жүйе­сі бар. Барлығы 17 500 камера жұ­мыс істейді. Оның 5 111-і сыртқы, 12 393-і ішкі камера. Бір мектепке ор­та есеппен 32 камерадан келеді. Ірі қалалық мектептерде, лицейлер мен мамандандырылған білім ұйым­дарында олардың саны 70-тен 150-ге дейін жетеді, – деді Бі­лім саласын бақылау департаменті.

Дегенмен камералардың көп болуы қауіпсіздікті толық қам­та­ма­­сыз ете алады дей алмаймыз. Ка­­мера оқиғаны тіркейді, бірақ оның алдын ала алмайды. Сол се­бепті қауіпсіздік жүйесінде бей­не­ба­қылау, күзет, өткізу режимі, да­был түймесі, полицияның жедел бас­қару орталығымен жедел бай­ла­ныс және қызметкерлердің тө­тен­ше жағдайда жылдам әрекет ету ал­горитмі бір-бірімен қабыса жұ­мыс істегені абзал.

Ақмола мектептерінің бар­лы­ғын­да дабыл түймесінің болуы – осы жүйенің маңызды бөлігі. Бірақ дәл осы жерде тағы бір мәселенің ше­ті қылтияды. Турникеттер бар­лық мектепте жоқ. 286 мектеп, яғ­ни 55 пайызы турникетпен жаб­дық­талған, ал 237 мектепте немесе 45 пайызында турникет жоқ. Олар негізінен шағын жинақты және бас­тауыш мектептерде орна­тыл­ма­ған. Яғни өңірдегі қауіпсіздік инф­рақұрылымы мектептің кө­ле­міне қарай сараланыпты. Ірі мек­тепте бала көп болғандықтан, тур­­­­никет пен лицензияланған кү­­зет сақадай сай.  Ал шалғайда жат­қан шағын ауыл мектептерінде мұн­дай жүйенің бәрінің орнына тек жалғыз штаттық күзетші жұ­мыс істейді. Бұл экономикалық тұр­ғыдан түсінікті болғанымен, қауіпсіздік тұрғысынан ауыл ба­ла­сының қала баласынан қауіпсіздігі қаладағы баладан төмен болмауға тиіс емес пе деген ой туады.

2026 жылғы 4 қыркүйекте Ақ­мо­ла облысының Білім басқармасы мек­тептердегі бейнебақылауды Ұлт­тық бейнемониторинг жүйе­сі­мен интеграциялау және бей­не­ағын­­ды облыстық Полиция депар­та­ментінің басқару пультіне шы­ғару жұмыстары жүргізіліп жат­қа­нын хабарлаған. Өйткені каме­ра­ның өзі қылмысты тоқтатпайды. Оның тиімділігі оқиға болған сәтте ақ­паратты кім көретініне, кім ше­шім қабылдайтынына және жедел топ­тың қанша уақытта жететініне бай­ланысты. 

Ақмола облысы Полиция де­пар­таментінің мәліметінше, об­лыс­тағы барлық білім беру ұйы­мы­на полиция қызметкерлері бе­кі­тіл­ген. Мектептер мен колледждерде 396 полиция қызметкері про­фи­лак­тикалық жұмыс жүргізіп, жыл ба­сынан бері оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған 3 мыңнан астам іс-шара өткізіпті. Бұл туралы Ақмола об­лысы ПД Жергілікті полиция қыз­меті басқармасының ерекше тап­сырмалар жөніндегі аға инс­пекторы, полиция майоры Айна­гүл Қуандықова айтып берді. 

– Біздің жұмыстың басты ба­ғыты – құқықбұзушылықты жаза­лау емес, оның алдын алу. Полиция бул­линг, бопсалау, лудомания жә­не балалар арасындағы әлеумет­тік желідегі жанжалдарға да мони­то­ринг жүргізеді, – дейді Айнагүл Қуан­дықова.

Айта кетер бір жайт, құқық қор­­­­­­ғау органдары да мәселені ше­шу­­дің басқа жолдарын қарастыруға кө­ше бастағаны байқалады.  Мә­се­лен, бұрын басты назар мектепке қа­рулы немесе қауіпті адамның кір­­меуіне аударылса, қазір бала­ның әлеуметтік ортасындағы ах­уал­­ды да тәртіп сақшылары жіті бақылауға алып­ты. Полицияның дерегінде та­ғы бір алаңдатарлық көрсеткіш ерек­­ше назар аударды. Облыста 970 бала тәрбиелеп отырған 678 қо­­­­­лайсыз отбасы есепте тұр. Жыл ба­­­сынан бері бала тәрбиесіне жауап­­­сыз қарағаны үшін 425 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тар­­­тылған. Бұл мектептегі қауіп­сіз­дікті білім ұйымының өзімен ға­на шектемеу керегін айғақтайды. 

Буллингті камера емес, адам анықтайды

Оқушыны сыныптастары қор­лап, бірақ ол мұғалімге де ата-анасына да айтпай жүре бе­ре­тін кездер жиі кездеседі. Әлеу­мет­тік желідегі қаптаған кибер­бул­линг­терді де ата-ана бірден бай­қа­мауы мүмкін. Сондықтан мұндай жағ­дайда техникалық құралдардан бұрын адамның кәсіби дайындығы болғаны жөн. Ақмола облысының әдіс­темелік орталығының психо­ло­гиялық қызмет бөлімінің әдіс­кері Гүлім Шәріпова педагог-пси­хо­логтер мен әлеуметтік педа­гог­тер­ге зорлық-зомбылық, буллинг жә­не кибербуллингке ұшыраған не­месе оның куәсі болған бала­лар­ды ерте анықтау және оларға кө­мек көрсету әдістемесі ұсы­ныл­ға­нын жеткізді. Мамандарға мұн­дай жағ­дайларға жедел әрекет ету ал­горитмдері де ұсынылыпты. 

Бұл жерде мектеп қауіпсізді­гі­нің ең әлсіз тұсы бірден көрінеді. Ка­мера баланың дәліздегі жанжа­лын тіркей алғанымен, оның бір­не­ше апта бойы сыныпта өзін жал­ғыз сезініп жүргенін анықтай ал­майды. Мұны сынып жетекшісі, пси­холог немесе ата-ана ғана бай­қауы мүмкін.

Баланың қауіпсіздігіне қа­тыс­ты тағы бір үлкен дау ту­ғы­затын мәселе –  тамақтану мен санитариялық жағдай. Ақмола облысының Санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау департа­мен­ті 2026-2027 оқу жылына дайын­дық барысында мектептер мен асханаларға мониторинг жүр­гізіп, анықталған заңбұзушы­лық­тар бойынша нұсқамалар берген. Де­партамент басшысының орын­ба­сары Сәуле Сәдуақасованың ай­туынша, мектептер мен асха­на­лардың санитариялық жағдайына, тамақтандыру талаптарының сақ­талуына, жөндеу жұмыстары мен ны­сандардың оқу жылына дайын­ды­ғына назар  аударылған. Со­ны­мен бірге мектептерде тамақтану стан­дартының жаңа талаптары іс­ке асырылып жатқаны айтылды.

Департаменттің 2026 жылғы мо­ниторингі бойынша, өңірдегі 19 мек­тепте орталықтандырылған кә­різ жүйесі жоқ, тіпті септиктерді та­зартуға келісімшарт та жасал­ма­ған болып шықты. Яғни мектеп қауіп­сіздігіне қатысты түйткіл есік­тің алдында ғана емес, сани­та­риялық тораптың ішінде де болуы әбден мүмкін.

Кадр тапшылығы да бар

Мектепте қанша камера не­­месе турникет болға­ны­мен, оларды басқаратын және балаға күнделікті назар аударатын адам болмаса, оның құны да көк тиын. Департаменттің 2026 жылғы мониторингінде мектептердегі педагог кадрлармен қамту да жеке бағыт ретінде зерделеп шыққан. Об­лыс мектептеріндегі педа­гог­тер­дің жалпы саны 17 мыңнан аса­ды. Бірақ кадр тапшылығы да бар­шылық. Облыс аумағында күні бүгінге дейін 646 педагогикалық бос орын бар. Бұл кадр мәселесінің өңір­де әлі де өзекті екенін айғақтай түседі.

Мұғалім тапшылығы білім са­па­сына әсер ететіні сөзсіз. Бірақ оның қауіпсіздікке де жанама ық­палы бар десек, артық айтпаспыз. Өйт­кені мұғалім баланың мінез-құл­қындағы өзгерісті бірінші бо­лып байқап қалатын адамдардың бірі. Сыныптағы буллингті, ба­ла­ның тұйықталуын, агрессиясын не­месе көмекке мұқтаж екенін ер­те анықтау үшін педагогтің бала­ға уақыты да көбірек болуы керек.

Бір жағынан, барлық білім бе­ру ұйымында дабыл түймесі бар. Бей­небақылау жүйесі кеңейген. По­лиция қызметкерлері білім беру ұйым­дарына бекітілген. Буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу­ға арналған психологиялық ал­горитмдер енгізіліп жатыр. Са­ни­тариялық бақылау күшейтілген. Бейнебақылауды полицияның бас­қару пультіне шығару және Ұлт­тық бейнемониторинг жүйе­сіне интеграциялау жұмыстары жү­ріп жатыр. Екінші жағынан, 329 мек­тепте лицензияланған күзет жоқ, 237 мектепте турникет жоқ, 19 мектепте кәріз мәселесі бар, п­е­дагог кадрлары бойынша 646 бос орын сақталған. Ал департа­мент­тің өзі кейбір білім беру ұйы­мын­да балалардың қауіпсіздігіне, қо­лайлы білім алу жағдайына және пси­хологиялық жайлылығына қа­тыс­ты тәуекелдер анықталғанын мойын­дайды.

Өйткені қауіпсіз мектеп де­ге­німіз – есігіне күзетші қойыл­ған, дәлізіне камера ілінген ғи­марат қана емес. Қауіпсіз мектеп  қауіп­тің алдын алатын, баланың пси­хологиялық жай-күйін бақы­лай­тын, санитариялық талапты сақ­тайтын, төтенше жағдайда же­дел әрекет ететін және әр баланың құқығын қорғайтын тұтас жүйе бо­луға тиіс. Ақмола облысында мұн­дай жүйенің негізгі элементтері бар. Бірақ 2026 жылғы ресми мо­ниторинг олардың барлығы бірдей дең­гейде жұмыс істеп тұр деп айту­ға келмейді. Сондықтан ендігі мін­дет қауіпсіздік құралдарымен қа­тар балалардың қауіпсіздігіне іс жү­зінде қорған болу мәселесіне ба­ғытталса дейміз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы