Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруі керек екенін атап өтті.
Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ – Қасым-Жомарт Тоқаев
213
оқылды

Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Время» газетінің тілшісі Тоғжан Ғани әлемдік тәжірибеде конституциялық реформа ұзақ уақытқа созылатынын, ал бізде жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға азғана уақыт жұмсалғанын айтты. Бұған халықаралық байқаушылар назар аударып, сынға алғанына тоқталып, Мемлекет басшысының осы мәселеге қатысты пікірін сұрады.

– Бұған дейін айтқанымдай, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.