Мемлекет басшысы референдумда дауыс бергеннен кейін ұйымдастырылған журналистерге арналған брифинг барысында вице-президент лауазымына қатысты сұраққа жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кейбір сарапшылар «Конституциялық реформа – билік транзитіне, Президент сайлауына дайындық» деген пікір айтып жүр. Осы ретте журналист Ермұрат Зұлқарнай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан вице-президент лауазымы не үшін қажет екенін сұрады.
– Вице-президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте вице-президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді» деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді, – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.