Алматы облысы Іле ауданының Байсерке ауылындағы №401 референдум учаскесінде дауыс беру ерекше мерекелік форматта ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ұйымдастырушылар Ұлыстың ұлы күні қарсаңында республикалық референдумды «Шұбат Party» шарасымен бастаған. Олар ауыл тұрғындарына өз таңдауын жасап қана қоймай, ұлттық сусыннан дәм татып, мерекелік көңіл күй сыйламақ болған.
№401 референдум учаскесіне ағылған ауыл тұрғындары дауыс беріп қана қоймай, шұбаттан дәм татып, ізгі тілектерін білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама қазақ халқының қонақжайлық дәстүрін паш етеді.
– Ауылдың жергілікті шаруалары әзірлеген шұбат бәріне ұнады. Әсіресе, таңғы уақытта адамдарға сергектік сыйлады, – дейді ұйымдастырушылар өкілі.
Айта кетейік, сайлау учаскесінде комиссия мүшелері азаматтарды тіркеп, дауыс берудің заңдық тәртібін қатаң сақтады.