Алматыда өткен референдум кезінде соншалықты заңбұзушылық тіркелген жоқ, дауыс беруді ұйымдастыру айтарлықтай жақсарғанын байқадық. Жазушы, экономист әрі қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов осылай деп отыр. Ол тәуелсіз бақылаушыларды оқытып, өзі де қаладағы дауыс беру барысын бақылапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, референдумды бақылауға Қазақстан бойынша «Халық үні» қоғамдық бірлестігінен дайындықтан өткен еріктілер екен.
«Бүкіл Қазақстан бойынша біздің коалиция мен бастама аясында шамамен 2 мыңдай адам байқаушы ретінде қатысты. Бұлар ақша үшін емес, өз еркімен келген жастар болатын. Себебі олар ел өміріндегі осы маңызды кезеңге қатысқысы келді. Біз оларға тренинг өткізіп, байқау ережелері мен құқықтық нормаларды түсіндірдік. Нәтижесінде, олар жеткілікті жоғары дайындық пен кәсібилік деңгейін көрсетті», – деді Бекнұр Қисықов.
Ол елдің әр өңірінде сайлаушылардың қатысу белсенділігі айтарлықтай айырмашылық көрсеткенін атап өтті. Кейбір облыста ол 87-90 %-ға дейін жетсе, Алматыда шамамен 33 % болған.
«Алғаш қарағанда 33 % аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ қаланың үлкен екенін де ескеру керек: мұнда адамдар мобильді әрі саяси процестерге көзқарасы басқаша болуы мүмкін. Сондықтан Алматы үшін бұл көрсеткіш те маңызды деп айтуға болады», – деп түсіндірді.
Бекнұр Қисықовтың айтуынша, бақылаушылар жекелеген даулы жағдайларды тіркеген. Көбіне олар учаскедегі онлайн-трансляциялар, бюллетеньдерді суретке түсіру немесе дауыс беретін күні әлеуметтік желіде үгіт жазу сияқты нәрселер болған.
«Қазір блогерлер мен әлеуметтік желінің белсенділері кейде учаскенің өзінде өз позициясын білдіруге тырысады. Кейбір адамдар бюллетеньді суретке түсіріп, интернетке жариялаған жағдайлар болды, алайда бұған тыйым салынған. Сондай-ақ онлайн-трансляциялар бойынша да даулар туындады: заңда бұл нақты жазылмағанымен, мұндай әрекет дауыс беру құпиясына кедергі келтіруі мүмкін деген ереже бар. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде біраз келіспеушілік болды», – дейді ол.
Бекнұр Қисықовтың сөзінше, Алматыда бақылаушылар бюллетеньдерді жаппай тастау сияқты елеулі заңбұзушылықты тіркемеген. Сайлауды ұйымдастыру жағы жетіліп келе жатыр.
«Алдыңғы науқанмен салыстырсақ, ұйымдастыру деңгейі артқан. Учаскелерде ақпараттық стендтер, байланыс деректері, схемалар, жәшіктердің орналасуы – бәрі стандартқа сай рәсімделген. Тіпті, материалдардың геометриясы мен орналастырылуы сияқты ұсақ-түйекке дейін кәсіби жасалған. Жалпы алғанда, дауыс беру тыныш өтті», – деп қосты Бекнұр Қисықов.