Ұлттық нақыштарды қатардағы жауынгерден генералға дейінгі ұландықтар киетін кеңсе және күнделікті формадағы погондардан байқауға болады.
Наурызнама: Ұлттық ұландықтардың  киімі мен техникасындағы ұлттық нақыштар
106
оқылды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланында әскери тәртіп пен ұлттық дәстүр біте қайнасқан. Мұндағы әскери киім үлгілері мен қызметтік техниканың кейбір элементтері де мәдени мазмұнға ие. Олардың безендірілуінде ата-бабадан мұра болған көне қолөнер мен әшекейлерде кездесетін қазақы ою-өрнектер үйлесімді қолданылған.

Бұған мысал — мемлекеттік салтанатты рәсімдерде еліміздің болмысын айшықтайтын Құрмет қарауыл ротасының әскери киім үлгісі. Бұл ротаның сарбаздары әскери шерулерге, күштік құрылымдар қолбасшылығы қатысатын ресми іс-шараларға қатысып, шетелдік делегацияларды қарсы алады. Дәл осы әскери қызметшілер шетелдік қонақтар үшін қазақ халқының өзіне ғана тән болған ұлттық бейнесін паш етеді.

Құрмет қарауыл ротасының салтанатты киімі ұлттық көркемдік дәстүрлер ескеріле отырып әзірленген. Оның безендірілуінде қазақтың ою-өрнек элементтері, соның ішінде күш-қуаттың, береке мен ұрпақ сабақтастығының белгісі саналатын танымал  «қошқар мүйіз» оюы қолданылған. Бұл ою-өрнектерді әскери киімнің жекелеген тұстарында көрініс тауып, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін білдіреді.

Ұлттық нақыштарды қатардағы жауынгерден генералға дейінгі ұландықтар киетін кеңсе және күнделікті формадағы погондардан байқауға болады. Бұл қазақ мәдениетінде ою-өрнектің ежелден ерекше мәнге ие болғанын аңғартады. Өйткені өрнектер тек сәндік қызмет атқарып қана қоймай, белгілі бір мағынаға ие болып, тіпті бойтұмар ретінде де қабылданған.

Ұлттық нақыш құқықтық тәртіп әскерінің техникасынан да көрініс тапты. Наурызнама онкүндігі аясында ұландықтар қызметтік Hyundai Staria автокөліктеріне ұлттық сипат берді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған көліктер қазақы ою-өрнектің ұлттық нақыштағы элементтерімен безендіріліп, заманауи техниканың дизайнын үйлесімді толықтырды.

Осылайша, ұлттық ою-өрнек Ұлттық ұланның әскери киімінен бастап қызметтік техникасына дейінгі көрнекі бейнесінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл еліміздің мәдени болмысы мен жауынгерлік рухын айшықтай түседі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.