Наурызнама аясындағы Жаңару күні – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды күндердің бірі. Бұл күні өңірлерде жаппай ағаш отырғызу акциялары ұйымдастырылып, тазалық сенбіліктері өткізіледі.
Әскери гарнизондарда Жаңару күніне орай ағаш егу акциясы өткізілді
Фото: gov.kz
88
оқылды

Табиғатты қорғау идеясын дәріптеп, қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті арттыруға ықпал ететін мұндай іс-шаралар Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде де жүзеге асырылды. Жаңару күніне орай Жетісу гарнизонында өткен көгалдандыру акциясына Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Жұлдыз» ықшамауданындағы әскери жатақхана маңында ұйымдастырылған аумақты абаттандыру және ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарына әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері бір кісідей жұмылдырылды.

Министрдің орынбасары Наурыз мерекесінің тағылымы мол тәрбиелік маңызының бірі – табиғатты аялап, жасыл желекті сақтау екенін атап өтті.

– Табиғатты қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Ұлыстың ұлы күні дәстүр бойынша арықтар тазаланып, жас ағаш көшеттері отырғызылады. «Жаңа күн», «жаңару» деген мағынасына сәйкес, барлық жақсылық осы күннен бастау алып, жан тазалығымен қатар қоршаған ортаның тазалығын сақтаудан көрініс табады. Әскери қызметшілермен бірге қала тұрғындары да осы игілікті іске бір кісідей атсалысты, – деді ол.

Акция барысында 20-ға жуық түрлі жеміс ағашы отырғызылды. Әскери қызметшілер мұндай бастамалардың табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоғам бірлігін нығайтуға ықпал ететінін дәлелдеді.

Мұндай игі іс-шара Ақтау гарнизонында да жалғасын тапты. Әскери-теңіз күштері гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің жеке құрамы әскери бөлім аумағында және Түпқараған ауданындағы Қызылөзен маягы маңында жүзге жуық тал мен гүл отырғызып, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

– Бүгінгі акция барысында өңірдің климатына сай келетін жас ағаштар мен гүлдер егілді. Көшеттерді дұрыс отырғызу олардың тез тамыр жайып, өсіп кетуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге  Жаңару күніне орай ұйымдастырылған бұл іс-шарада жеке құрам өздерінің еңбекқорлығын, бірлігі мен достық қарым-қатынасын тағы бір рет көрсетті, – деді гидрографиялық қамтамасыз ету қызметі бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, 3-дәрежелі капитан Ерлан Сабиғат.

Шымкент гарнизонындағы 35748 әскери бөлімінде де ағаш егу акциясы ұйымдастырылды. Жеке құрам бөлім аумағына 100-ден астам ағаш отырғызды.

Әскери қызметшілердің қатысуымен өткізілетін тазалық акциялары мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.