Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады
155
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл мерекенің жаңару мен тазарудың символы екенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол өз сөзінде:

«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз.

Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды.

Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын.

Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін.

Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!

Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін!

Туымыз биікте желбіресін!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!»,-деді.