Астана қаласынан арнайы барған журналистер тобы ең әуелі Маңғыстау облысындағы 25744 әскери бөлімінің «Оймаша» оқу полигоны аймағындағы оқу-жаттығу барысымен танысты.

«Батыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі басқарма бастығы, подполковник Азамат Ермашұлы әскери бөлімнің жұмысы, сарбаздардың денсаулығы туралы айтты.
«Әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Әскер қатарына алынғанға дейін сарбаздар арнайы медициналық тексерістен өтеді. Теңіз жаяу әскері қатарына қабылданатын жастарға қойылатын талаптар туралы сұрайтындар көп. Әскер қатарына қабылданатын жастарға қойылатын талаптар бәріне ортақ. Дені сау болуы шарт. Физикалық тұрғыдан шыңдау үшін әскери бөлімшеде жаттығу залы, бассейн, т.б. барлық жағдай бар. Әскери ант қабылдаған соң әскери борышын өтейді. Оқу-жаттығу алаңындағы қауіпсіздік мәселесі қатаң бақыланады. Біздің басты мақсатымыз – жастарды Отанды қорғайтын рухы мықты азамат етіп тәрбиелеу. Әскери борышын өтегеннен кейін келісімшарт негізінде қызмет етуге мүмкіндік бар», – дейді подполковник Азамат Ермашұлы.
25744 әскери бөлімінің тарихы 1942 жылдан басталған. Бригада 892 полкінен басталады. Полк 1942 жылы 17 ақпанда Алтай өлкесінің Алейск қаласында құрылған. 298 атқыштар дивизициясының құрамында болған. 1943 жылы 4 наурызда Ұлттық қорғаныс комитетінің бұйрығымен «Гвардиялық» деген атақ беріледі. Полк 1944 жылы 3 қарашада Жоғары Кеңес жарлығымен Александр Невский атындағы орденмен марапатталған. 1945 жылы 26 сәуірде Жоғарғы Кеңес бұйрығымен ІІІ дәрежелі М.Кутузов орденін иеленді. 1945 жылы 7 мамырда «Вендік» атағы берілді. Полк 1946 жылы маусымда Өзбекстан КСР-ның Қаттақорған елді мекеніне көшірілді. 1971 жылы Жамбыл облысы Гвардейск әскери қалашығына орналастырылды.

2002 жылы 12 маусымда 51-гвардиялық мотоатқыштар полкі 2-гвардиялық жеке мотоатқыштар болып қайта құрылды. «Батыс» өңірлік әскерлері қолбасшылығының құрамына енді. 2011 жылы 17 наурызда Қорғаныс министрлігінің №1/14/1/07 390 гвардиялық Вендік Михаил Кутузов және Александр Невский ордендерімен марапатталған теңіз жаяу бригадасы болып құрылды.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскері бригадасында Отан алдындағы борышын өтеп жатқан Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихындағы ең бойы ұзын сарбаз Әлішер Назымбек туралы бұған дейін Aikyn.kz жазған болатынбыз.

«Оймаша» оқу полигоны аумағы заманауи әскери шабуыл, ұрыс тәсілдеріне арналған елді мекенде ұрысты ұйымдастыру нысаны мен артиллериялық секторы, тактикалық алаң, танк директриса және әртүрлі атыс алаңымен жабдықталған.

Оқу-жаттығу алаңында журналистер сарбаздардың әскери ұрыс қимылдарына арнайы жаттығуының куәсі болды.

Жауынгерлер атыс алаңында қару-жарақ, әскери техникамен өздерінің біліктілігін көрсетті.

Майра ЖАНЫСБАЙ,
Астана – Маңғыстау – Астана