Кешен құрамына казарма, асхана, медициналық пункт, автопарктер, инженерлік және тылдық қамтамасыз ету нысандары, сондай-ақ кинологиялық қызметке арналған инфрақұрылым кіреді.
Алматы мен Түркістанда Ұлттық ұланға арналған жаңа әскери нысандар бой көтеруде
Фото: gov.kz
98
оқылды

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына жұмыс сапарымен барып, Алматы және Түркістан қалаларындағы әскери нысандар құрылысының барысын тексерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тексеру барысында құрылыс жұмыстарының сапасына, мерзімдердің сақталуына және нысандардың заманауи талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылды.

Алматы қаласында Бас қолбасшы Түрксіб ауданында жедел мақсаттағы батальонды орналастыру жобасының жүзеге асуымен танысты. 2022 жылдан бері құрылыс жүріп жатқан нысанда қазіргі таңда ғимараттарды қосымша жабдықтау және пайдалануға беру алдындағы дайындық жұмыстары аяқталу кезеңіне жақындады.

Сонымен қатар 5571 әскери бөлімінде медициналық блок пен бригада бөлімшелері орналасатын бес қабатты көпфункционалды ғимараттың құрылысы жалғасуда. Нысанның жалпы сыйымдылығы 400-ден астам әскери қызметшіні қамтиды.

Түркістан қаласында генерал-майор Аңсаған Балтабеков 10 гектар аумақта салынып жатқан Ұлттық ұланның әскери қалашығы құрылысының барысын тексерді. Қазіргі уақытта негізгі құрылымдарды тұрғызу және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары атқарылуда.

Сонымен қатар еліміздің Қызылорда, Жезқазған, Орал және Атырау қалаларында жаңа әскери қалашықтар мен казармалар құрылысы жалғасуда. Бұл құқықтық тәртіп әскерлерінің жеке құрамына заманауи қызмет жағдайларын жасау бағытындағы жүйелі жұмысты айғақтайды.

Аталған жобаларды іске асыру заманауи әскери инфрақұрылымды дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және бөлімшелердің жедел әзірлігін арттыруға бағытталған.

Сапар қорытындысы бойынша, Бас қолбасшы құрылыс сапасы мен қарқынын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар беріп, салынып жатқан нысандар заманауи стандарттарға толық сәйкес келіп, жеке құрамның қажеттіліктерін қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.