«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы өтті.
Кедергісіз орта – шынайы қамқорлық
86
оқылды

Кеңес төрайымы Марина Стрелковскаяның жетекшілігімен өткен жиында партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық Жол картасының әлеуметтік маңызы жоғары бағыттарының орындалуы талқыланды.

Атап айтқанда, жаңа оңалту орталық­тарын ашу, мүгедектігі бар азаматтарға арналған заманауи Оңалту орталығын салу, сондай-ақ әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын бейімдеу мәселелері қаралды.

Облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұраттың мәліметінше, оңалту орталықтарының желісін кеңейту мақсатында 2021 жылы Қазақстан Рес­публикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 150 орынға арналған оңалту орталығының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сарап­таманың оң қорытындысын алған.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласының түзетіліп жатқан бас жоспарында нысан құрылысына арналған жер телімі қарас­тырылған. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы рәсімделгеннен кейін Құрылыс басқармасы жобалық-сметалық құжат­таманы қайта мемлекеттік сараптамаға жолдайды.

Жиында қолжетімді орта қалыптастыру мәселесі де жан-жақты сөз болды. Облыс­тық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілінің айтуынша, бүгінде өңірде 30 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде 1 302 адам кресло-арбамен қозғалады, 8 208 адамның тірек-қимыл аппараты зақымданған, 4 410 адамның көру, 1 162 адамның есту қабілетінде қиындық бар.

Кедергісіз орта қалыптастыру, ең алдымен, 3,2 мың азамат үшін аса өзекті. Осыған байланысты биыл Жол картасы аясында әлеуметтік және көлік инфра­құрылымының 168 нысанын бейімдеу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін олардың 8-інде жұмыстар толық аяқталып, орындалу деңгейі 4,8 пайызды құрады.

Кеңес отырысында қазіргі төмен көрсеткіштің басты себебі жұмыстардың маусымдық сипатына байланысты екені айтылды. Күн райы тұрақталғаннан кейін нысандарды бейімдеу жұмыстарының қарқыны едәуір күшейтіледі.

Отырыс қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға оңалту орталы­ғының құрылысын жеделдету, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.

Партияның өңірлік кеңесі бұл бағыт­тағы жұмыстың орындалуын тұрақты ба­қылауда ұстайды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ