Кейінгі жылдары Атырау облысы экологиялық тұрғыдан күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр.
Шаңды дауылдың шырғалаңы
76
оқылды

Әсіресе, көктем басталғалы көз аштыр­май келе жатқан шаңды дауылдар мен топырақ аралас жаңбыр тұрғындардың алаңдаушылығын күшейтті. Бұл құбылыстың түпкі себептерін анықтау үшін өңірде кешенді зерттеу жұмыстары басталды. Арнайы жұмыс тобына облыс әкімдігі, Экология департаменті, төтенше жағдайлар қызметі және қоршаған ортаны қорғау саласының мамандары тартылған.

Тартылған теңізден қауіп көп

Жұмыс тобына жетекшілік етіп отырған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бастаған мамандар Каспий теңізі жағалауын әуеден шолып, құрғап қалған аумақтардың жағдайын бағалады. Алдын ала мәліметтер бұл экологиялық өзгерістердің басты себебі ретінде теңіз деңгейінің төмендеуін көрсетіп отыр.

Атырау облысы Экология департа­ментінің басшысы Ерлан Есенов атап өткендей, бұрын су астында жатқан жер­лердің ашылуы өңірдің табиғи балансын бұзған. Бұл аумақтарда жиналған тұз, ұсақ құм мен шөгінділер желдің әсерінен ауаға көтеріліп, ондаған шақырымға дейін таралуда. Нәтижесінде, Атырау қаласы мен оның маңында ауа сапасы нашар­лап, шаң-тұз қоспасы тұрғындардың денсау­лығына қауіп төндіруде.

Сарапшылардың пікірінше, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі – тек жергілікті емес, ауқымды климаттық өзгерістердің салдары. Кейінгі онжылдықта жауын-шашын мөлшерінің азаюы, өзен суларының аз келуі (әсіресе, Жайық өзені арқылы), сондай-ақ температураның көтерілуі теңіз суының булануын арттырды.

Әзербайжанның су пайдалану және қорғауды мемлекеттік бақылау қызметінің кадастрлық есеп пен тізілім бөлімінің меңгерушісі Рафик Вердиев кейінгі 4 жылда Каспийдің деңгейі 24 сантиметрге тө­мендегенін айтқаны бар. Вердиев климат­тың әрі қарай өзгеруі жағалау аймақта­рындағы экологиялық жағдайды едәуір қиындататынын, бұл аймақ елдері үшін экономикалық салдарға әкелетінін атап өтті. Бұған дейін Central Asia Climate Foundation жеке қорының мамандары Каспий теңізінің тартылу қаупі бар екенін, оның тағдыры Арал теңізінің сценарийін қайта­лауы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Қордың мәліметінше, кейінгі 20 жылға жетпейтін уақытта Каспий теңізінің аумағы 34 мың шаршы шақырымнан астам қысқарған.

Шаңды дауылдар тек табиғи құбылыс емес, ол – қоғамдық денсаулық мәселесі. Ауадағы тұз бен ұсақ бөлшектер тыныс алу жолдарына түсіп, аллергия, астма және басқа да созылмалы ауруларды күшейтуі мүмкін. Әсіресе, балалар мен қарт адамдар үшін қауіп жоғары. Қала аумағында анықталған төрт негізгі учаскеде өсімдік жамылғысының жоғы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.

Қандай шаралар қабылдануда?

Өңір басшылығы мәселені шешудің бірнеше бағытын қарастырып отыр. Аты­рау облысының әкімі Серік Шәпкенов тапсырмасымен ғылыми қауымдастық пен сала мамандары тартылып, кешенді жоспар әзірленбек. Зерттеу қорытын­дысынан кейін құрғаған аумаққа табиғи ортаға бейімделген өсімдіктер отырғызу жоспарланыпты. Бұдан бөлек, ауаға көтерілетін шаң мен тұз көлемін азайту үшін ылғалдандыру технологияларын қолданудың мүмкіндігі қарастырылады.

 «Мамандар қазір бірнеше ұсыныс беріп отыр. Біріншіден, фитомелиора­ция – құрғаған теңіз табанына жергілікті климатқа төзімді өсімдіктер отырғызу. Екіншіден, топырақты ылғалдандыру технологиялары – шаң көтерілуін азайту. Үшіншіден, мониторинг жүйесін күшей­ту – ауа сапасын тұрақты бақылау. Төр­тіншіден, ғылыми-зерттеулер – топырақ пен ауа құрамын толық талдау», – дейді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев. 

Сонымен қатар бүгінде қала аумағында ұсақ құм қабаты ашық жатқан төрт негізгі учаске анықталды. Мұнда өсімдік жоқ, сондықтан бұл аумақтарды көгалдандыру бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр. Теңіз жағалауы мен қала аумағынан алынған топырақ сынамалары зертха­наларда тексерілуде. Бұл зерттеулер нақты шешім қабылдауға негіз болмақ.

Атыраудағы экологиялық ахуал – тек табиғаттың емес, адам әрекетінің де салдары. Егер уақытылы әрі ғылыми негізделген шаралар қабылданбаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселе жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де назар аударуды қажет етеді.

Естеріңізде болса, осыдан алты ай бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары Атырау облысына шақыртумен келген еді. Олар Атыраудың экологиялық ахуалына зерттеу жүргізген. «Өндіріс орындарынан шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшерін анықтап, тұрғындар саулығын жақсартуға көмек беретін боламыз» деген еді сол кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының директоры Робб Батлер. Осы мақсатқа Германияның Бонн қаласынан мамандар жұмылдырылуда. 

Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулерінің нәтижелері туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Атырауды экологиялық апатты аймақ деп танитын уақыт әлдеқашан жеткендей. Оған дәлел – сапасыз ауа, созылмалы дертке шалдыққан тұрғындар санының көбеюі. Қалай десек те, Атыраудағы шаңды дауылдар – кездейсоқ құбылыс емес, ол табиғи тепе-теңдіктің бұзыл­ғанының айқын белгісі. Бұл дабылға дер кезінде жауап беру – мемлекеттің басты міндеті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы