Ақмола облысында түн ішінде болған жол-көлік оқиғасы үш адамның өміріне қауіп төндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Суыт оқиға бүгін түнде шамамен сағат 04:00-де «Астана – Ерейментау – Шідерті» автожолының 37-шақырымында болған. «KIA K7» маркалы автокөлік жолға шығып кеткен жылқымен соқтығысқан.

Салдарынан көлік жүргізушісі мен екі жолаушы түрлі деңгейдегі аса ауыр жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендерде жақ сүйегінің сынуы, ми шайқалуы және дене жарақаттары тіркелген болып шықты.
– Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталған соң процессуалдық шешім қабылданады, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, жыл басынан бері өңір жолдарында қараусыз жүрген малдың кесірінен 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Оқыс жағдайлар аймақтағы тағы бір аса өзекті мәселенің шетін қылтитты. Атап айтқанда, малдың қараусыз қалуы жол қауіпсіздігінің тек тек жүргізушіге ғана емес, мал иелерінің жауапкершілігіне де тікелей байланысты екенін айғақтайды. Полиция аталған бағытта да жергілікті атқарушы органдармен жүйелі жұмыс жүргізуге ниетті.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
