11 сәуірде Астанада Мәңгілік ел 55/18 мекенжайы бойынша өтетін PRO.NRG FEST 2026 мерейтойлық ғылыми фестивалі еліміздің мектеп оқушыларын, ата-аналары мен мұғалімдерін су ресурстары деген бір негізгі тақырыптың төңірегінде біріктіреді. Фестиваль аясында алғаш рет жыл сайынғы «Ғылымдағы дебют» атты ғылыми жобалар конкурсының финалы өтеді, онда жас зерттеушілер судың болашағына арналған өздерінің серпінді идеялары мен инженерлік шешімдерін ұсынады.

Тексерілген формат, жаңа масштаб
Ғылыми жобалар конкурсын бірнеше жыл қатарынан «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы өткізіп келеді. Биыл сайыстың финалы дәстүрлі түрде Caravan of Knowledge корпоративтік қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте ұйымдастыратын PRO.NRG фестивалінің алаңында өтеді. Мектеп оқушыларының үздік жұмыстары сертификаттармен, дипломдармен және бағалы жүлделермен марапатталады.
«Биылғы фестиваль елімізде аталып өтетін Ғылым күніне орайластырылған. Біз «Астана дарыны» орталығымен ынтымақтастық жасаймыз, ал балалардың конкурстық жұмыстары су тақырыбына – фестивальдің басты «кейіпкеріне» арналған, – деп атап өтті PRO.NRG FEST іс-шара менеджері Хасен Жәкенов.

Оның айтуынша, PRO.NRG FEST 2026 алаңы 6 ағындық бағыттан тұратын залдарды, 40-тан астам спикерді, бүкіл алаң бойынша 35 + әртүрлі белсенділікті ұсынып, Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шетелден 7 000-нан астам қатысушыны қарсы алады.

«Ол шын мәнінде, біздің нысаналы аудиториямыздың – мектеп оқушыларының, олардың ата-аналары мен мұғалімдерінің жүрегіне жол тапты», – деп қосты Хасен Жәкенов.
Су ғылымда, технологиялар мен шығармашылықта
«Ғылымдағы дебют» атты мектеп жобаларының конкурсы 8-11-сынып оқушылары арасында өткізіледі. Қатысушылар практикалық, демонстрациялық және инженерлік шешімдерін ұсынады. Сайыс бірнеше секцияда өтеді.
«Су энергия мен физикалық процестердің көзі ретінде» деген атаумен өтетін бірінші секция физиканы, техника мен географияны қамтиды. Мектеп оқушылары гидроэнергетикалық қондырғылардың макеттері, ағыстардың модельдері арқылы судың физикалық қасиеттерін және оның энергия мен қозғалыс көзі ретіндегі рөлін көрсетеді.
Екінші секция – «Су, экология және адам денсаулығы» – химия мен биологияны қамтиды. Қатысушылар судың сапасын және оның экожүйелер мен адам денсаулығына әсерін зерттейді. Соның нәтижесі суды тазарту және сүзгілеу жүйелерінің макеттері, сондай-ақ су айналымы мен ластану модельдері болмақ.
Үшінші секцияның атауы – «Су сәулет пен құрылыста». Ол сәулетке, құрылысқа, сызуға, технология мен физикаға арналған. Қатысушылар ғимараттарды, құрылысжайлар мен қалалық инфрақұрылымды жобалаудағы судың рөлін зерделеп, тиісті макеттерін ұсынады.
«Су: камера арқылы көзқарас» атты қысқа бейнероликтердің презентациясы конкурстың арнайы секциясы болмақ. Мұнда қатысушылар әлеуметтік желілердің көмегімен су ресурстарына қатысты өз пайымын көрсетеді, визуалды эксперименттер жүргізеді, судың қалай жұмыс істейтінін көрсетіп, өзекті экологиялық мәселелерді көтереді және тіпті «Егер су жоғалып кетсе» тақырыбын қоса алғанда, болашақтың ғылыми негізделген сценарийлерін ұсынып көреді.
«Биыл ғылыми жобалар конкурсы алғаш рет толығымен су ресурстары тақырыбына шоғырланған. Тар бағытына қарамастан, тақырып жаратылыстану ғылымдарынан бастап әлеуметтік-экономикалық және шығармашылық бағыттарға дейінгі пәндердің кең спектрін қамтиды», – деп назар аударды Хасен Жәкенов.
«Қазіргі кезде бірінші секция бойынша – 33 жоба, екінші секция бойынша – 53, үшінші секция бойынша – 20, төртінші секция бойынша 17 жоба алынды», – деп хабарлады Хасен Жәкенов. «Өткен жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, 8-сынып оқушыларының жұмыстары 11-сынып оқушыларының жобаларынан асып түспесе, еш кем түспейді, сондықтан барлық қатысушылар теңдей бағаланады».
Қызығушылықтан – болашақ мамандыққа қарай
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастапқыда өтінімдердің саны 100-ден асады деп күтілмеген еді, себебі конкурстың тақырыбы айтарлықтай тар. Әдетте, «Ғылымдағы дебютке», көбінесе, мектеп оқушылары басқа конкурстарға дайындаған дайын жұмыстарын ұсына алатындықтан, шамамен 180-200 жоба қатысатын. Биыл олар өз жобаларын қатаң түрде су тақырыбына бейімдеуіне тура келді, сондықтан қатысушылардың ағымдағы қызығушылығы ұйымдастырушылардың ерекше ынтасын туғызып отыр.
Жұмыстарды бағалау үшін ғылым, білім, техника және инновациялар саласындағы мамандардан, сондай-ақ «Астана дарыны» және Caravan of Knowledge өкілдерінен қазылар алқасы қалыптастырылды.
Конкурсқа әрі жеке түрде, әрі екі адамнан тұратын командада қатысуға болады.
Биыл су ресурстары тақырыбына аударылып отырған ерекше назар жаһандық үрдістерге негізделеді. Халықаралық зерттеулер он жылдан кейін әлемнің көптеген өңірлерінде су тапшылығы пайда болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Қазақстанның ашық мұхитқа шығу жолының жоқ екенін ескере отырып, су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі біздің еліміз үшін де өзекті болуда.
Мемлекеттік деңгейде де бұл мәселеге көңіл бөлінеді – 2023 жылы Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.
Бүгінде гидрогеология саласындағы мамандарға деген сұраныс өте жоғары және елімізде олардың тапшылығы байқалуда. Ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану да маңызды бағыт болып саналады.

«Мектеп оқушыларының назарын су тақырыбына аудара отырып, біз қазірдің өзінде олардың қызығушылығын қалыптастырамыз, бұл қызығушылық болашақта мамандық таңдауға ұласуы мүмкін. Дәл осы балалар қазіргі кездегі көптеген проблемаларды шеше алады. Біздің фестиваліміз ғылымды формалды түрде емес, елімізде болашақ пен өмірді түсінудің шынайы құралы ретінде көрсетуге ұмтылады», – деп қорытындылады Хасен Жәкенов.
PRO.NRG фестивалінде ғылым әлеміне еніп, интерактивті дәрістерге, ғылыми шоуға қатысуға, сондай-ақ ғылыми жобалар конкурсы финалистерінің есімдерін білуге болады. Кіру тегін – жай ғана тіркеліңіз.
