Сенатта Мемлекет басшы­сының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясын­да агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифр­лық трансформациялау тақы­рыбына арналған парламенттік тыңдау өтті.
Су шаруашылығына бақылау қажет
87
оқылды

Іс-шарада осы бағыттағы мәселелер жан-жақты талқыланып, нақты ұсыныстар жасалды. Сондай-ақ депутаттар, сарапшылар және мүдделі тараптар бір­лесіп атқаратын алдағы жұ­мыс­тың маңызды міндеттері айқындалды.

Парламенттік тыңдауды ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен мен су ресурстарын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін үдеріс­терді жай ғана цифрлық форматқа көшіру жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның ай­туынш­а, саладағы ахуал туралы өзекті мәліметтерді, соның ішінде мемлекеттік қолдау жөніндегі ақпаратты біріктіретін, сондай-ақ қалыптасқан жағдайға дер ке­зінде мониторинг жасауға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе қажет.

«Парламенттік тыңдаудың күн тәр­тібіне шығарылып отырған агроөнер­кәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифрландыру мәселесі – еліміздің ор­нықты дамуын қамтамасыз ететін маңызды секторлардың бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарды жетілдіруге үнемі баса мән беріп келеді. Қазіргі таңда жекелеген мемлекеттік қыз­меттерді жай цифрлан­дырудан үдерістер мен ресурстарды толыққанды smart басқаруға көшу нақты міндетке айналып отыр. Бүгінде аталған бағытта белгілі бір құқықтық негіз қалыптасты. Келесі міндет аграрлық және су жүйесінің бірыңғай ци­фрлық контурын құру болуға тиіс. Бұл – үлкен деректерге, жасанды интеллектіге, жедел аналитикаға және ресурстарды дәл есепке алуға негізделген басқарудың жаңа моделіне көшу деген сөз. Мұндай қадам ағымдағы жағдайды тіркеп қана қоймай, құр­ғақшылық, су тапшылығы, ресурстарды тиімсіз пайдалану сияқты сын-қатерлерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы бас­тапқы кезеңде ІТ-бастамалар жекелеген құрылымдардың қажеттіліктеріне сай жергілікті деңгейде енгізілгенін, ал қазір әртүрлі сервистен бірыңғай жүйеге көшу аса маңызды екенін айтты. Кешенді басқаруды қамтамасыз ету үшін агро­өнеркәсіптік кешен мен су ресурстарының ІТ-жүйелерін біріктіру осы бағыттағы негізгі қадам екені де сөз болды.

«Ауыл шаруашылығы жалпы су көлемінің шамамен 60 пайызын тұтынады. Ал оны тасымалдау барысындағы шығындар 40 пайызға дейін жетеді. Бұл бүгінде су үнемдеу технологияларын енгізуді кеңей­тумен қатар, судың қозғалыс жолының барлық кезеңінде цифрлық есеп пен бақылауды жүйелеу қажет екенін көрсетеді. Келесі маңызды қадам – агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдауды объективті цифр­лық деректермен ұштастыру. Мемлекеттік қолдау шаралары нақты көрсеткіштерге негізделуге тиіс. Мұндай тәсіл бюджет қаражатын бөлуді барынша ашық етіп, қолдау шараларының нысаналы әрі нәтижелі болуын қамтамасыз етеді», – деп, Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта палата мүдделі тараптармен бірлесіп ат­қаратын бірқатар міндетті бел­гілеп берді.

Сондай-ақ Парламенттік тыңдауда өңірлермен тығыз әрі белсенді жұмыс жүргізудің маңызды екеніне мән берілді. Қатысушылар жергілікті атқарушы органдар орталық деректер базасының жай ғана пайдаланушысы емес, үдерістің толыққанды қатысушысы болуы керек екеніне назар аударды. Әрбір өңір үшін цифрлық қамту деңгейі, автоматтандыру дәрежесі және су шығындарын азайту көлемі бойынша нақты индикаторлар белгілеу қажет екені де айтылды.

Су үнемдеу технологияларын енгізу, шаруаларға сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, кәсіби кадрлар даярлау мәселелері де кеңінен талқыланды. Палата Спикері білікті маман даярлау ісінде мемлекет, жоғары оқу орындары, ғылым және бизнес арасындағы байланысты нығайтудың маңызды екенін тілге тиек етті.

Парламенттік тыңдау барысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ халық­аралық ұйымдардың өкілдері мен сарап­шылар баяндама жасап, пікір білдірді. Іс-шарада айтылған ұсыныстар тиісті ұсы­­­нымдар әзірлеу кезінде ескеріліп, Үкіметке жолданады.

М.ТӨЛЕУ