Шымкент қаласында жуырда өткен «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы көші-қон саласындағы өзекті мәселелердің әлі де толық шешілмегенін айқын көрсетті.
«Мигрант» операциясы нені көрсетті?
77
оқылды

Небәрі төрт күн ішінде 710 құқықбұзушылықтың анықталуы бұл тек бір қаланың көрсеткіші ғана емес, жалпы елдегі көші-қон процестерінің күрделілігін аңғартатын маңызды индикатор.

Қазақстанда «Мигрант» сияқ­ты жедел-профилактикалық іс-шаралар жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейінгі кең ауқымды операциялардың бірінде 9 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелсе, 600-ден астам шетел азаматын елден шығару туралы шешім қабылданған. Ал 2025 жылғы ұқсас шараларда 10 мыңға жуық заңбұзушылық анықталып, мыңнан астам адамға елге кіруге тыйым салынған. Бұл деректер қазіргі Шымкенттегі жағдай кез­дей­соқ емес екенін, керісінше, ел көлеміндегі тұрақты үрдістің бір бөлігі екенін дәлелдейді.

Сарапшылардың айтуынша, анықталған құқықбұзушы­лық­тар­дың басым бөлігі бірнеше негізгі бағытқа шоғырланған. Олар елде болу мерзімін бұзу, тір­кеусіз жүру, заңсыз еңбек қызметі және жұмыс берушілердің шет­елдік азаматтарды заңсыз тартуы сынды заңбұзушылықтарға бара­ды. Демек, байқағанымыздай, жау­апкершілік тек шетел азамат­тарына ғана емес, Қазақстан аза­маттарына да жүктеліп отыр. Бұл көлеңкелі еңбек нарығының әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. 

Шымкентте бұл мәселенің өзекті болуының өзіндік себептері бар. Өйткені Шымкент – елі­міздегі қарқынды дамып келе жат­қан мегаполистердің бірі. Құ­ры­лыс, сауда, қызмет көрсету са­ла­ларының кеңеюі жұмыс күші­не деген сұранысты арттырды. Нә­тижесінде, шетелдік еңбек мигрант­тарының ағымы көбейіп отыр. Яғни, бұл табиғи эконо­ми­калық процесс. Алайда бақылау­дың әлсіздігі немесе заң талап­тарының сақталмауының салдары­нан әділетсіз бәсекеге, сал­ық­тан жалтаруға және әлеуметтік шиеленістерге алып келуі мүмкін.

Сондықтан мұндай рейдтердің өткізілуі тек әкімшілік шара емес, әлеуметтік тұрақтылықты қамта­масыз етудің бір тетігі. Соңғы іс-шара барысында 276 шетел азама­ты арнайы қабылдау-тарату ор­­ны­на орналастырылып, 103 адам сот шешімімен елден шығар­ылды. Бұл заң талаптарының орын­­­­да­луын қамтамасыз етудегі нақты қадам­дар. Дегенмен сарап­шылар мұндай шаралардың көбі­не сал­дармен күрес екенін айтады. Яғни, заң­бұзу­шылық орын алған­нан кейін ғана әрекет жасалады. Ал мәселені түбегейлі шешу үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдету және жұмыс берушілерге қатаң бақылауды күшейту қажет-ақ. Сон­дай-ақ цифрлық тіркеу жүйе­лерін дамыту, түсіндіру жұмыс­тарын күшейту де нәтиже берері анық. 

Шымкенттегі жағдай басқа өңірлердегі ахуалмен ұқсас. Мы­салы, кейінгі жылдары еліміздің әртүрлі аймағында жүргізілген рейдтерде ондаған, тіпті жүздеген құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Бұл көші-қон мәселесінің локал­ды емес, ұлттық деңгейдегі про­блема екенін көрсетеді. Сонымен қатар соңғы жылдары Қазақстанға келетін мигранттар санының арт­уы да байқалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бақылау жүйесіне қосымша жүктеме түсіреді. Айта кетейік, көші-қон кез келген даму­шы экономика үшін қалыпты құбылыс. Қазақстан үшін де шет­елдік жұмыс күші экономиканың кейбір салаларын дамытуға ықпал етеді. Алайда бұл процес заң ая­сын­да ашық әрі бақыланатын түрде жүзеге асуға тиіс. Алдағы кез­еңде мемлекет үшін басты мін­дет – қатаң бақылау мен қолайлы көші-қон саясатының арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Сонда ғана бұл саладағы мәселелер жүйелі түрде шешімін табары сөзсіз.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы