Соның ішінде Nazarbayev University – ғылыми жобалардың ауқымы мен сапасы жағынан көш бастап тұрған оқу орындарының бірі. Мұнда жүзеге асырылып жатқан зерттеулердің саны да, тақырыптық қамтуы да кең. Алайда осы әлеуеттің бәрі бірдей нақты өндіріс пен экономикаға әсер етіп жатыр ма? Бұл – бүгінгі күннің өзекті сауалы.
Бес жыл ішінде университет Қазақстанның өзге жоғары оқу орындарымен ғылыми әріптестікті нығайтуға бағытталған Бірлескен зерттеулер бағдарламасы (CRP) аясында 66 жобаны қаржыландырған. Бұл бағдарлама пәнаралық зерттеулерге басымдық беріп, жаңа ғылыми бағыттардың қалыптасуына және зерттеу сапасының артуына ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамын қолдауға арналған конкурстық зерттеу гранттары бағдарламасы (FDCRGP) арқылы 159 ғылыми жобаға қолдау көрсетілген. Бұл бастама іргелі және қолданбалы ғылымды қатар дамытуға бағытталған. Ең маңыздысы, ғылыми мансаптың барлық кезеңіндегі зерттеушілерге, яғни жас ғалымдардан бастап тәжірибелі профессорларға дейін тең мүмкіндік берілген.
Жобалардың тақырыптық аясы да кең: биомедицина, жаңа материалдар, энергия технологиялары, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, астрофизика, білім беру, тұрақты даму, мінез-құлық экономикасы, мемлекеттік саясатты талдау, медициналық робототехника. Мұндай әртараптандыру ғылыми экожүйенің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Жекелеген мысалдарды жақсы нәтиже дей аламыз ба?
Бірден ауызды қу шөппен сүртпейік. Университет ғылыми әзірлемелерді өндіріс саласына енгізу бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізгенін атап өту абзал. Өнеркәсіптік компаниялардың бастамасымен жүзеге асқан 30-ға жуық жоба өндірістік үдеріске енгізілген.
Мәселен, «Самұрық-Энерго» компаниясымен бірлесіп, Екібастұз көмірін тиімді жағу және жылу электр стансаларында көмірқышқыл газын ұстау технологиялары әзірленген. Бұл шешімдер энергия тиімділігін арттырып қана қоймай, экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мұнай-газ секторында құбыр жүйелерін модельдеу, коррозияны зерттеу және алдын алу бойынша жобалар жүзеге асқан. Бұл инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, шығындарды азайтуға ықпал етеді.
«Самұрық-Қазына» қорының «Самғау» платформасы арқылы мұнай қабаттарының өнімділігін арттыру және ұңғымаларды уақытша тоқтату технологияларын жетілдіру жобалары іске асырылуда.
Металлургияда өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, сирек металдарды бөліп алу бағытындағы зерттеулер де назар аудартады. Сонымен қатар цифрландыру саласында КАМАЗ және ВИСТ Азиямен бірге жүргізушісіз көлік алгоритмдері әзірленген.

Бірақ осының бәрі жекелеген мысалдар ғана. Жалпы, ғылыми жобалардың ауқымымен салыстырғанда, өндірісте нақты қолданылып жатқан жобалар саны әлі де шектеулі.
Университет қабырғасында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мазмұнына қарасақ, олардың көпшілігі әлемдік деңгейдегі технологиялық трендтерге сай.
Профессор Жұмабай Бәкенов жетекшілік ететін топ литий-ионды батареялар өндірісін жолға қоюға кіріскен. Бұл жоба Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Сондай-ақ күн мен жел энергиясына негізделген «жасыл сутегі» өндіру қондырғысы әзірленген. Бұл – болашақ энергетиканың негізі саналатын бағыт.
Қатерлі ісік жасушаларын анықтайтын арзан әрі дәл құрылғы, инсульттан кейінгі науқастарға арналған A.GEAR экзоскелеті, аутизмі бар балаларды оңалтуға арналған роботтық терапия, спортшыларға арналған «ақылды» ұлтарақтар – мұның бәрі нақты нарықтық сұранысы бар жобалар.
Алайда осы жобалардың қаншасы нақты өндірістік циклға еніп, тұрақты өнімге айналып жатыр?
Негізгі түйткіл – ғылым мен өндіріс арасының алшақтығы
Nazarbayev University өнеркәсіптік серіктестік бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Университет жанынан индустриялық комитеттер құрылып, ірі компаниялармен технологиялық сессиялар өткізіледі. ERG, Қазатомпром, QazaqGaz секілді алпауыттармен диалог орнатылған. Дегенмен әріптестік көбіне қысқамерзімді жобалармен шектеледі. Ал ұзақмерзімді, жүйелі ынтымақтастық жеткіліксіз.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда университеттер әлі де көбіне кадр даярлаушы рөлінде қалып отыр. Ал инновация жасау және оны нарыққа шығару процесінде олардың рөлі шектеулі.
Зияткерлік меншік саласындағы тәжірибе де осыны көрсетеді. Көп жағдайда ғылыми нәтижелер патенттелгенімен, олар экономикалық өнімге айналмайды. Себебі бизнес «дайын патентті» емес, нақты мәселені шешетін қолданбалы технологияны қажет етеді. Яғни, ғылым көбіне «ұсынады», ал өндіріс «сұрамайды». Нәтижесінде, екі тараптың арасында алшақтық пайда болады.
Нарыққа шығудың жолы қандай?
Қазіргі инновациялық модель көбіне пассивті лицензиялауға сүйенеді. Бірақ халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тиімді модель – келісімшарттық зерттеулер. Бұл жағдайда бизнес нақты міндет қойып, оны қаржыландырады.

Жаңа Салық кодексінде ғылымды қаржыландыратын кәсіпорындарға 300%-ға дейін салықтық шегерім қарастырылғаны да осы байланысты күшейтуге бағытталған. Алайда бұл мүмкіндіктер әлі толық пайдаланылып отырған жоқ.
NU-дың даму кеңсесінің басшысы Динара Бердыханова университетті инновациялық саясаттың пилоттық алаңына айналдыру қажет деген ұсыныс айтады. Оның айтуынша, зияткерлік меншікті жеке өнім ретінде емес, серіктестікті дамытудың құралы ретінде қарастыру керек.
«Мысалы, бұл тараптардың үлестеріне сәйкес зияткерлік меншік құқықтарын бөлудің сараланған модельдерін әзірлеуді және енгізуді қамтуы мүмкін. Сонымен қатар индустрия сұранысына бағытталған жобалар портфелін қалыптастыру; ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтетін алаңдарды дамыту (салалық форумдар, жұмыс топтары, сараптамалық кездесулер, бейресми нетворкинг форматтары). Осындай бастамалар өнеркәсіптік серіктестермен тиімді ықпалдастықты қалыптастыруға және бірлескен жобаларды іске асыруға берік негіз бола алады», – дейді ол.
Бүгінде Nazarbayev University ғылыми жобалардың саны мен сапасы жағынан елдегі жетекші орталықтардың бірі екені анық. Университетте идея да бар, кадр да бар, инфрақұрылым да қалыптасқан.
Бірақ басты мәселе – осы әлеуеттің экономикаға толық жұмыс істемеуінде. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтпейінше, зертханалардағы жаңалықтар өндіріс цехтарына жете алмайды. Ал бұл өз кезегінде елдің технологиялық тәуелсіздігі мен инновациялық дамуын тежейді.
Қазақстан үшін ендігі мін-дет – ғылымды қаржыландыру ғана емес, оны жандандыру, яғни нақты экономикалық нәтиже беретін жүйеге айналдыру.
Айгүл СЕЙІЛ
