Екі күн бұрын елордамызда өнерсүйер қауым үшін айрықша мәдени кеш өтті. Үш ғасырға жуық тарихы бар Дания корольдік театры алғаш рет Астанада гастрольдік гала-концертін қойып, көрерменді әлемдік балет өнерінің інжу-маржанымен қауыштырды. Айтулы кеш Astana Ballet театрында халықаралық деңгейде ұйымдастырылды.
Даниядан келген «нәзіктік»
81
оқылды

Өнерпаздар дат балетінің мақтанышы саналатын Бурнонвиль техникасымен қойылған сирек спектакльдерді көрермен назарына ұсынып, жоғары классикалық өнердің үздік үлгісін көрсетті. 

Әлемдегі ең көне балет театрынан келген таланттардың өнерін тамашалаудың өзіндік мәні бөлек еді. Сахнада балетмейстер Мейрамбек Назарқожаев та өнер көрсетті. Ол – Дания Корольдік театрының труппасына қабылданған тұңғыш қазақ баласы. Мейрамбек Алматы облысы Қараой ауылында дүниеге келген. 10 жасында балетке бет бұрып, 8 жылдан бері халықаралық конкурстарда лауреат болды. Өнер иесінің алғашқы белесі Мәскеумен байланысты. Бұл кезең жас әртіс үшін кәсіби қалыптасудың сатысына айналған. Мәскеуде Russian State Ballet труппасына қабылданып, қысқа уақыт ішінде халықаралық деңгейдегі өнер иесі ретінде танылды. Германия, Швейцария, Аустрия, Қытайдың үлкен сахналарында және Үлкен театр, Кремльде жетекші партияларды сомдаған. Кейін бұл шығармашылық жол Германияға жалғасып, жаңа орта мен жаңа талаптар әртістің көкжиегін кеңейткен. Шетелдік тәжірибе оның сахналық болмысын жаңа деңгейге көтерді. Ол театрға қабылданған алғашқы жылы-ақ Нью-Йорктегі беделді Jacob’s Pillow фестиваліне қатысып, өнері сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Тіпті, The New York Times басылымының шолушысы да оның шеберлігін атап өткен.

– Дания корольдік театры – үш ғасырлық тарихы бар, кез келген әртіс армандайтын өнер ордасы. Мен де алдымен түйіндемемді жібердім. Жүзге жуық үміткердің арасынан 10-15 адамды іріктеп, арнайы сынаққа шақырды. Сол шешуші кезеңнен кейін небәрі екі әртіс қана қабылданды. Мен сол іріктеуден өтіп, театр труппасына қосылдым. Қазір осы тарихи сахнада еңбек етіп келемін. Сонымен қатар Дания корольдігінің жоғары марапатын да алдым, – дейді Мейрамбек Назарқожаев.

Мейрамбектің сол театрдың «мәңгілік әртісі» деген келісімшарты да бар. Бұл марапат оның өнердегі биік деңгейін, кәсіби шеберлігі мен сахнадағы дара болмысын айқындайтын ерекше мәртебе болып саналады. Копенгагенде орналасқан бұл театр «Бурнонвиль стилімен» кеңінен танымал. Бес жыл бұрын Мейрамбек аталған балет труппасының тұрақты құрамына қабылданған болатын. Содан бері өнер иесі екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Мәселен, былтыр дат балетін Алматы көрерменіне ұсынса, биыл оны Қазақстанның бас қаласына алып келді.

– Балетті дамытудың маңызы өте үлкен, себебі мұны жұмсақ күш ретінде пайдалану­ға болады. Мысалы, біз қазақ тарихын, қазақтың бір әдемі шығармасын шетелге алып келу үшін оны әрдайым аударып отыру керек. Себебі шетелдіктер сол тілде сөйлей алмайды. Қазақ киносына барсаңыздар, титр қойып немесе аудару керек. Алайда балеттің мықтылығы десек те болады, бұл тіл – универсал тіл. Оны сіз қимыл арқылы тарихын көрсете аласыз, – деді ол.

1748 жылы іргесі қаланған бұл театр – Данияның ұлттық мәдени символы. Оның құрамындағы Royal Danish Ballet труппасы ғасырлар сүзгісінен өткен бірегей мектеп пен дәстүрді бүгінге дейін сақтап келеді. Әсіресе, дат балет өнерінің алтын өзегіне айналған Август Бурнонвиль әдістемесі әлі күнге дейін әлем сахналарында орындалып, классикалық балеттің дара әрі танылған бағыты ретінде бағаланады. Классикалық кештің алдында балет әртістері БАҚ өкілдерімен кездескен болатын. Кездесуде олар тарихы терең театрдың құпиясын, қазақ балеті жайында ойларын, көзқарасын айтты. Хореографтар Динна Бьерн мен Эрик Вьюдес былтыр Алматы қаласына келген. Биылғы гастрольдік сапарының барысында олар Қазақ ұлттық хореография академиясында шеберлік сабақтарын өткізіп,  қазақстандық әртістердің әлеуетін жоғары бағалады. Француз балетмейстері әрі еуропалық классикалық мектептің танымал қорғаушысы, мэтр Ив Бриенің соңғы жеке шәкірттерінің бірі Эрик Вьюдес пен Динна Бьерн ерлі-зайыпты хореографтар. Олар бұған дейін де академия студенттеріне дәріс берген.

Август Бурнонвиль мұрасы саласындағы әлемдегі жетекші мамандардың бірі әрі дат балет дәстүрінің көрнекті өкілі Д. Бьерннің айтуынша, Қазақстан – кең әрі көркем ел, мұнда балет мектебі қарқынды дамып келеді. 

– Көне театрдың басты ерекшелігі – Бурнонвиль стилін сақтай отырып, басқа бағыттарға да ашық болуында. Әртістер классикалық репертуарды, оның ішінде орыс мектебінің элементтерін, сондай-ақ заманауи қойылымдарды қатар орындайды. Осы үйлесім театрдың ұзақ ғұмырлы әрі заман талабына сай болуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл жолғы сапарымызда Қа­зақстанда классикалық балетпен айналы­­сатын үш ірі театр бар екенін есту мен үшін үлкен жаңалық болды. Сонымен бірге жергілікті мәдениетті одан сайын тани түстік. Осындай шығармашылық алмасу – сапардың ең құнды тұсы. Би өнеріндегі екінші буын студенттері өте жақсы деңгейде. Қазір өсіп келе жатқан жаңа буынның әлеуеті жоғары, ал кәсіби деңгейге жеткен санаулы бишілер – өз алдына бөлек деңгей. Ең бастысы, келесі буынның қалыптасып келе жатқанын көру бізді қуантады. Олардың қабілеті жоғары, кәсіби деңгейге жетуге мүмкіндігі мол. Дегенмен әр елдің, әр мектептің өзіндік стилі бар. Мысалы, дат мектебінің би мәнері қимылдары аса ауқымды емес, өте жинақы, жұмсақ, би арқылы өрнектелетін нәзік стиль. Ал қазақ балетінің қимылы жарқын, ширақ болып келеді, қонақжайлық мінезі осы жерде де көрінеді деуге болады, – дейді балерина.

Жиі қойылатын сұрақтың бірі – «театрдың ұзақ өмір сүруінің құпиясы неде?». Театр әртіс­тері оның басты құпиясын қалыптасқан дәстүр мен көркемдік бағыттың үзілмей сақталуында деп түсіндіреді. Гала-концерттің арнайы қонағы – скандинавиялық және испандық тамыры бар, Еуропадағы contemporary flamenco бағытының жарқын өкілдерінің бірі – Селена Муньос. Ол 2025 жылы CPH Culture нұсқасы бойынша «Жыл бишісі» атанып, фламенко, contemporary және скандинавиялық эстетиканы үйлес­тірген ерекше өнерімен кеңінен танылған. Ал балет әртістері ұлттық құндылығын Астана сахнасына шығаруды мақтаныш көретінін айтып, елімізге алғаш келгендегі әсерін бөлісті.

– Қазақстанға келмес бұрын бұл ел туралы көп естігенмін. Келген соң қазақтың мәдениетімен жақынырақ таныстым. Алғаш рет атқа мініп көрдім, «Қазақстан» шоко­ладының дәмін таттым, өте ұнады. Бұдан бөлек, жергілікті бишілердің жоғары дең­гейіне тәнті болып, олармен танысқаныма қуаныштымын. Біраз уақытымды кітапханада өткіздім. Ол жерде басты тақырыптар бо­йынша материалдармен танысып, тіпті түскі асымды да сол жерден іштім. Жалпы алғанда, мұн­­­­дағы мәдени мазмұн өте бай әрі сапалы екен. Осы сапар­дан алған әсерім есте қалар­­лық, маңызды тәжіри­бе бол­­ды, – деді балет әртісі Джонсон Плугманн.

Қазақтың қарғадай ғана баласы қарт құрлықтың талғампаз жұртын тәнті етіп, әлемдік сахнада ел мерейін үстем етіп жүр. Сондықтан елорда төрінде өткен бұл кеш – жай ғана гастрольдік сапар емес, екі ел мәдениетінің терең тоғысуы болды. Үш ғасырлық тарихы бар дат балетінің асыл мұрасы қазақ сахнасында жаңаша тыныс алып, өнердің шекараға бағынбайтын әмбебап тіл екенін тағы бір дәлелдеді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ