Атырау өңіріндегі Сарайшық қалашығы кейінгі жыл­дары тың серпін алып, тарих пен цифрлық технология то­ғысқан заманауи ғылыми-мәдени орталыққа ай­налып келеді.
Көне қалашық қайта көркейді
88
оқылды

Ортағасырлық шаһарда жүргізілген ар­хеологиялық қазбалар, ғылыми зерттеулер мен жаң­ғырту жұмыстары оның тек өңірлік емес, ха­лық­аралық деңгейдегі маңызын айқындай түсті.

Жақында Сарайшық мем­ле­кеттік тарихи-мәдени му­зей-қорығы ұйымдастырған «Ор­тағасырлық Сарайшықты зерт­теу, сақтау, жаңғырту жұмыс­та­ры және келешегі» атты халық­ара­лық баспасөз-туры өтті. Іс-ша­ра­ға Ресей Федерациясынан кел­ген қонақтар, Астрахань өңіріндегі «Жол­дастық» қоғамдық бірлес­ті­гі­нің өкілдері, сондай-ақ отандық ға­лымдар мен зиялы қауым қатыс­ты.

2021-2025 жылдар аралығында жүр­гізілген археологиялық қазба­лар ерекше нәтижелерге қол жет­кіз­ді. Қазба жұмыстары барысында та­былған бірегей жәдігерлер мен қай­та қалпына келтірілген тарихи бұйымдар арнайы көрмеге қойыл­ды. Әсіресе, 2025 жылы Сарайшық, Қарағайлы, Ұшқан және Ащысай ес­керткіштерінде жүргізілген зерт­теу­лер нәтижесі келушілердің үл­кен қызығушылығын тудырды. Бұл жаңалықтар Жайық өңірінің ор­тағасырлық өркениет орталығы бол­ғанын тағы бір мәрте дәлел­дейді.

Ғылыми бағыттағы жетістіктер де назар аударарлық. 2025 жылы му­зей қызметкерлерінің зерттеу­лері халықаралық ғылыми қауым­дас­тық тарапынан жоғары баға­ла­нып, Scopus деректер базасына ен­ген «Поволжская археология» жә­не Stratum Plus журналдарында жа­рияланды. Бұл – отандық ар­хео­ло­гия ғылымының әлемдік дең­гей­де мойындала бастағанының ай­қын көрінісі.

Музей ғалымдарының ең­бек­тері шетелдік жетекші ғы­лыми орталықтарға да жол­дану­да. Олардың қатарында АҚШ Конг­ресі кітапханасы, Италияның Рим қала­сын­дағы кітапханалар, Анкара уни­верситеті және Ресей мен Өз­бекс­танның ғылыми-зерттеу ме­ке­мелері бар. Бұл бастама Сарай­шық мұрасын халықаралық ғы­лы­ми айналымға енгізуге мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы жылдардағы басты жаңа­­­шылдықтың бірі – цифр­лан­дыру үрдісі. Қазір «Сарайшық» са­пар орталығындағы 382 жәдігер мен археологиялық нысандарға QR-кодтар орнатылған. Келушілер смартфон арқылы әрбір экспо­нат­тың тарихымен таныса алады. Со­нымен қатар 29 жәдігер 3D фор­мат­қа көшіріліп, виртуалды кеңіс­тікте қолжетімді болды. Бұдан бө­­­лек, музейдің ғылыми есептері мен конференция материалдары то­лық цифрландырылып, ресми сайт­қа орналастырылған.

Атырау облысындағы Сарай­шық қалашығы аумағында ор­на­лас­қан  Сарайшық мемлекеттік та­рихи-мәдени музей-қорығы бү­­­­гінде тек ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы ғана емес, ұлттық тарихтың аса маңызды нысандарының бірі ретінде ерекше қорғауды қажет етіп отыр. Алайда кейінгі жылдары та­биғи факторлар мен инф­ра­құры­лымдағы әлсіздіктер бұл тарихи ме­кеннің қауіпсіздігіне елеулі қа­тер төндіріп келеді.

Жайық өзенінің жаға­лауын­да орналасқан му­зей-қорық үшін басты қауіп – су эро­зиясы. Екі жыл бұрын болған су тас­қыны кезінде жағалаудың ша­мамен 3,5 метрге дейін шайы­луы қорғаныс жүйесінің жеткі­лік­сіз екенін айқын көрсетті. Бұл жағдай тек табиғи құбылыс емес, тарихи мұраның сақталуына тікелей қауіп төндіретін күрделі мәселе ретінде бағалануда.

«Сарайшық» мемлекеттік та­ри­хи-мәдени музей-қорығының ди­ректоры Әбілсейіт Мұхтардың ай­туын­ша, Сарайшықты сақтау – ғы­лыми қауымдастықтың ғана емес, жалпыұлттық деңгейдегі міндет. 

«Өйткені бұл нысан Қазақстан та­рихындағы аса маңызды кезең­дер­мен тығыз байланысты. XIII–XVI ғасырларда Сарайшық Алтын Ор­да дәуірінде ірі саяси және сауда ор­талығы болды. Кейін Ноғай Ор­да­сы кезеңінде де маңызды рөл ат­қарып, Еуразия кеңістігіндегі ст­ратегиялық қалалардың бірі са­налды. Атырау қаласының сол­түс­ті­гінен 55 шақырым жерде Жайық өзе­нінің оң жағалауында орна­лас­қан қала  кезіндегі Ұлы Жібек жо­лы бойындағы маңызды торап­тар­дың бірі болған. Мұнда тек сауда ға­на емес, мәдениет пен ғылым да­мып, түрлі өркениеттер тоғыс­қан. Алтын Орда дәуірінде Кавказ бен Қырымды Қарақорым, Қы­тай­мен байланыстырған керуен жолы бойындағы маңызды діни, саяси-экономикалық орталық болған. Алтын Орданың, қазақ және ноғай хандарының алғашқы пантеоны болған қаланың гүлденген дәуірі ХІІІ-XIV ға­­­­сырлар аралығы деп аталады. Ал­тын Орданың күй-реуіне қарай қа­ла әлсірегенімен, артынша Но­ғай ордасының астана-сы атанып, қай­тадан дәуірледі. Қасым хан тұ­сында Қазақ ханды­ғы­ның ал­ғаш­қы аста­насы болған Сарай­шық­тың тарихи және мәдени маңыздылығы оны жай ғана архе­о­логиялық ескерт­кіш­тен әлдеқай­да жоғары деңгейге көтереді», – дейді ол.

Осыған байланысты «Са­рай­шық» мемлекеттік та­ри­хи-мәдени музей-қорығының ди­ректоры Әбілсейіт Мұхтар му­зей-қорықты қорғау бағытында жүйе­лі әрі кешенді шаралар қажет екенін алға тартады. 

«Жайық өзенінің жағалауын ин­женерлік тұрғыда бекіту, су тас­қы­нына қарсы қорғаныс жүйесін же­тілдіру, заманауи мониторинг тех­нологияларын енгізу, сондай-ақ туристік және ғылыми инф­ра­құры­лымды дамыту маңызды. Бұл мін­деттерді жүзеге асыру үшін рес­публикалық және жергілікті би­лік органдарының үйлесімді жұ­мысы қажет. Тек қаржылық қолдау ғана емес, ұзақмерзімді страте­гия­лық жоспар да аса маңызды. Себебі та­рихи мұраны сақтау – бірреттік шара емес, үздіксіз жүргізілетін ке­­­­шенді процесс», – деді «Сарай­шық» мемлекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорығының директоры Әбіл­сейіт Мұхтар.

Жалпы алғанда, Сарайшық – тек археологиялық нысан емес, ол қа­зақ мемлекеттілігінің, дала өр­ке­ниетінің және Ұлы Жібек жолы мәдениетінің маңызды куәсі. Бү­гін­де қолға алынған цифрлық жо­ба­лар мен ғылыми зерттеулер оның халықаралық беделін арт­ты­рып, туристік әлеуетін күшейтуге жол ашуда. Ал тарихи мұраны сақ­тау мен қорғау – келер ұрпақ ал­дындағы ортақ жауапкершілік бо­лып қала бермек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы