Әскери кафедрада жаңа бағыт ашылды.
Қарағандының жоғары оқу орындары дрон операторларын дайындайды
Фото: gov.kz
113
оқылды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің әскери кафедрасында запастағы офицерлерді даярлау ауқымы кеңейтілді. Мұнда «Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер» атты жаңа бағыт іске қосылып, қазір 35 студент білім алып жатыр,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгінде  бұл әскери дайындықтағы ең сұранысқа ие бағыттардың бірі болып отыр. Технологиялық даму мен заманауи қақтығыстар сипатының өзгеруіне байланысты дрон операторлары ұрыс алаңында негізгі мамандарға айналуда.
Оқыту барлау және топогеодезия мамандығы бойынша жүргізіледі. Болашақ офицерлер дрондарды басқаруды ғана емес, сонымен қатар деректерді талдау, жергілікті жерді бағдарлау, шешім қабылдау және есептоп құрамында үйлесімді әрекет етуді меңгереді. Оқып жатқан 35 студенттің 15-і оператор ретінде, ал қалған 20-сы есептоп командирі ретінде дайындалуда.
Дайындықтың бастапқы кезеңі арнайы сыныпта өтеді. Мұнда кәсіби басқару пульттері бар автоматтандырылған жұмыс орындары қарастырылған. Жаттықтыру кешенінде курсанттар пилоттау дағдыларын жетілдіріп, нормативтерді тапсырғаннан кейін ғана нақты ұшуларға жіберіледі.
Тәжірибе барысында олар ішкі полигонда және күрделі құрылыс жағдайында тапсырмаларды орындайды. Болашақ операторлар әуе барлауын жүргізуді, нысандарды анықтауды, деректерді нақты уақытында жеткізуді және интернетсіз автономды байланыс арналары арқылы жұмыс істеуді үйренеді.
Дайындықтың соңғы кезеңінде студенттер атыс жүйесімен интеграцияны меңгереді. Олар нысандардың дәл координаттарын беру, оқ атуды реттеу және тапсырмаларды жоғары дәлдікпен әрі жылдам орындауды пысықтайды. 

– Мамандарды даярлау теориялық білімді, практикалық дағдыларды және студенттердің мотивациясын ескере отырып жүргізіледі. Командалық жұмыс пен жоғары технологиялық техниканы басқаруға деген кәсіби қызығушылыққа жіті көңіл бөлінеді. Болашақ офицерлер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқару жарыстарында табысты өнер көрсетіп жүр. Соның ішінде AITU KazRoboDrone сайысындағы нәтижені айтуға болады. Өткен жылы университет командасы республикалық деңгейде бірінші орын, ал халықаралық аренада төртінші орын иеленді, – деді «Арнайы әскерлерді ұрыста қолдану» циклының басшысы, запастағы подполковник Марат Истемесов.

Дайындық практикаға негізделген және ұрысқа барынша жақын жағдайда ұйымдастырылды. Курсанттар виртуалды тренажерлерден бастап күрделі тактикалық тапсырмаларды орындауға дейінгі жолдан өтеді. Оқу барысында заманауи ұшқышсыз басқарылатын барлау жүйелерінен бастап маневрлік FPV-дрондарға дейін қолданылады. Студенттер техниканың құрылысын зерделеп, аппараттарды жинау мен бағдарлама жасақтауды меңгереді, сонымен қатар шектеулі байланыс және радиоэлектрондық кедергілер жағдайында әрекет етуді үйренеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.