Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсіміне қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекеттің қазығы – ғылым, қазынасы – ғалым
86
оқылды

– Ең алдымен, Ғылым қыз­мет­­керлері күні баршаңызға құт­ты бол­сын деймін. Осы бел­гі­лі мереке қар­саңында Ақордаға жи­налып, бас қосу жақсы дәс­түр­ге айналды. Бұл – еліміздің ға­лымдар қауымына деген ерек­ше құрметі және айрық­ша ықы­ла­­сының көрінісі. Себебі кез кел­­ген дамыған, яғни, озық мем­­­ле­кеттің қазығы – ғылым, ал қа­­­­­зынасы – ғалым.

Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абы­рой-беделі мен күш-қуатының өл­шемі десек, қате бол­майды. Ғы­лым­ға басымдық бере­тін, ғалымын қадірлейтін, бас­қаша айтсақ, «ғы­лым-білім бар жұрттар» ғана өрке­ниет­тің өрі­не шығады. Бұл – ақи­қат. Түп­теп келгенде, адамзаттың бар­­лық жетістігі ғалымдардың зият­­кер­лік еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

Қазір осы залда түрлі салада зор та­бысқа жеткен зерделі зерт­теу­­ші­ле­ріміз отыр. Сіздер ұлт са­па­сын арт­­­тыруға, халықтың әл-ауқатын жақ­сартуға мол үлес қосып келе­сіз­дер. Баршаңызға шы­найы риза­шы­лығымды біл­діре­мін.

Хакім Абай айтып өткендей, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәр­­­се­­­­лермен озбақ». Бұл – еш­қа­шан өзек­­тілігін жоғалтпайтын та­ғы­лым. Біз бәсекеге қабілетті ел бо­­ламыз де­сек, ең алдымен, ғы­лым­ды дамы­тып, жаңа тех­но­ло­гия­ны, жасанды интеллектіні мең­геруіміз керек, – деді Прези­дент. 

Мемлекет басшысы бұл тұста осы жылды Цифрландыру және жа­­­­санды интеллект жылы деп жа­­рия­ла­ғанын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға бет бұру – өсіп-өр­кендеуге ұм­тыл­ған әрбір елдің та­ри­хи мін­деті екенін және біз мұны жақ­сы түсінетінімізді айтты. 

– Мемлекет ғылым саласына үне­­мі қолдау көрсетуде. Кейінгі 5 жыл­да осы салаға бөлінетін қар­жы кө­лемі 6 еседен асты. Қа­зақстанда зерт­теу универ­си­тет­терінің саны кө­беюде. Ғылыми жо­баларға ин­вес­тиция салатын биз­нес өкілдеріне салық жеңіл­дігі берілетін болды.

Алдымызда тағы бір маңызды мін­дет тұр. Біз жас ғалымдар ғы­лым­­мен алаңсыз айналысуы үшін қо­лайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйт­кені қазақ ғылымы­ның бола­ша­ғы – көзі ашық, кө­кірегі ояу, ойы ұш­қыр және мақ­­­саты биік жас­тар­дың қолын­да. Талапты әрі талантты аза­мат­тар келешекте ұлттың шам­шы­рағына айналады. Олар Қаныш Сәт­баев сияқты алып тұлға­лар­дың жолын жалғайды. Сон­дық­тан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз ке­рек. Бұл бағытта нақ­ты бас­та­ма­лар жүзеге асы­ры­лып жатыр, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президенттің айтуынша, қазір 600-ден астам жас ғалымға бас­пана бе­рілген. Бұдан бөлек, олар­ға ар­нау­­лы гранттар бө­лі­ну­де. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің же­­текші ғылыми орта­лық­тарына ба­рып, тә­жіри­бе жи­нап, тағылым алып жүр. Осындай нақ­ты шаралар ал­дағы уа­қытта да жалғасын таба­ды. 

– Ғылымды қолдау, ғалым­дар­ға ел болып құрмет көрсету, бұл – ең ал­­дымен қоғамда еңбек­қор­лық, бі­­­лім­паздық, жасампаз­дық құн­ды­лық­тарын орнықтыру деген сөз. Хал­қымыздың ойы озық болса, өс­келең ұрпақтың да ғы­лым-білім­ге деген ықыласы ай­рықша болары анық. Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәр­биелеу – бар­шаға ортақ парыз. Оған мем­лекет те, ата-аналар да бір­дей жауапты.

Мен былтыр «Келешек» бірың­­­­­­ғай жинақтау жүйесін құру туралы тиіс­ті заңға қол қойдым. Бұл жүйе ар­қылы ата-аналар ба­ла­сының бо­ла­шақта сапалы бі­лім алуына қара­жат жинай ала­ды. Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есеп­шот аш­ты. Мұны болашаққа са­лын­ған ең ұтымды инвестиция деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылым қоғам сұранысын ақтауы қажет

Осы тұста Мемлекет бас­шы­сы та­ғы бір мәселені атады – ғы­лым­ның әлеуетін ел игілігіне жа­рата білу қажет. Ғалым­дары­мыз ашқан жаңалықтар зерт­ха­налар аясында қа­лып қоймауы ке­рек. Нақты нә­ти­же беретін, өн­діріске енгізуге бо­ла­тын жо­ба­л­арды жүзеге асыру қа­жет. Бір сөз­бен, ғылым эконо­мика мен қо­ғамның сұранысына сай болу­ға тиіс. 

– Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы на­зарында болуы керек, себебі осы мін­деттің еліміз үшін мән-ма­­ғы­на­сы ерекше. Сонымен қа­тар, бұл – әлемдегі ең үздік ком­­паниялардың бе­рік ұста­ны­мы, бұлжымас қағи­да­сы. Жаһан­дық деңгейдегі ірі тех­но­ло­гия­лық корпорациялар бірінші ке­­зекте білім мен ғылымға ба­сым­­дық береді, ғылыми жаңа­лық­тарды өндіріске жедел ен­гізеді. Талант­тар­ды қызметке тар­ту жағынан да бұл компа­ния­лар көш бастап тұр. Адам ка­пи­талы олардың негізгі күш-қуа­ты саналады. Технология мен ин­но­вация – дамудың ең басты әрі ба­­ламасыз шарты. Мұны ХХІ ға­­сыр­дың үздік компаниялары дә­лел­деп отыр.

Біздің еліміз үшін де қолдан­ба­лы ғылымды дамыту – аса маңызды мін­дет. Осы бағыттағы жо­­балардың са­ны көбейді. Бұл – өте жақсы үр­діс. Әсіресе, уни­вер­ситеттердің тех­­­­­нологиялық даму ор­талығы ретінде қалыптасып жат­қанын атап өту қажет. Мы­салы, былтыр University Medical Center мекемесіне қа­рас­ты Жүрек орталығының дәрі­герлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын иннова­ция­лық медициналық құрылғы ой­лап тап­ты. Мұны өткен жылдың ең ай­ту­лы ғылыми жаңалығы деп айтуға болады. Осы құрылғы до­норлық ағ­­­залардың өміршеңдігін 24 са­ғат­тан астам уақыт сақтауға мүм­кіндік береді. Мұндай бір­е­гей жаңалықтар қазақ ғылымы­ның әлеуеті, жалпы еліміздің да­­му деңгейі жоғары еке­нін көр­се­теді, – деп нақтылады Пре­зи­дент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сө­­зін­­­ше, ғылым саласында ше­шіл­­ме­ген түйткілдер де аз емес. 

– Мен наурыз айында әл-Фара­­­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­тетінде болғанымды бі­лесіздер. Сол жерде ғалым­дар­мен арнайы кез­­­­десіп, біраз мә­се­леге тоқталдым. Әсіресе, ғылым­ды қаржыландыру жұ­мысын ретке келтіріп, қатаң ба­қы­лауға алу қажеттігі туралы айт­тым. Бас­ты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жо­ба­лар­ды жүзеге асыру болуға тиіс.

Білікті инженерлік-техни­калық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі. Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалыптасады. Уни­верситеттер өз миссиясын адал ат­қарса, білікті мамандар мен кә­сіби кадрлардың қатары арта тү­се­рі сөзсіз.

Бұдан бөлек, ғылым қала­шық­тарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізу­ді жолға қоюымыз керек. Қазір Кур­чатов қаласына ғылым қала­шығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвес­торларды осындай даму орталық­тарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі. Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұ­мыс істеуіміз керек. Ғылым сала­сындағы күрделі мәселелерді мем­­лекет пен ғылыми қауымдас­тық күш жұмылдырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұдан кейін елімізде 15 наурыз күні тарихи мәні зор ре­ферендум өткенін айтты. Аза­мат­тардың басым бөлігінің қол­дауымен мемлекетіміздің іргесін нығайтатын, елді барлық салада, соның ішінде ғылымда орнықты даму траекториясына шығаратын жаңа Конституция қабылданды. 

– Ата заңымыздың преамбула­сында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құн­дылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді. Яғни, аталған салалар­ды жан-жақты қолдауға стратегия­лық маңыз берілді. Ең бастысы, бұл бағыттарды дамыту мемле­кеттің конституциялық міндетіне айналды.

Орайлы сәтті пайдалана оты­рып, Конституцияны әзірлеуге және қабылдауға айтарлықтай үлес қосқан барша ғылыми-ака­демиялық қауымдастыққа риза­шылығымды білдіремін.

Өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Кон­ституция нормаларына сәй­кес­тендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті. Депутаттар заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастырады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы ал­дын ала ақпарат беру өте маңызды деп санайтынын жеткізді. 

– Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрыл­тай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйт­кені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі.

Құрылтай сайлауы Қазақ­стан­ның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық рефор­малар қоғамдық сананың оң си­патта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бір­неше рет айттым, – деді Президент.

Тәртіпке бағынған құл бол­майды

Қасым-Жомарт Тоқаев осы күрделі үдерісте ғалымдар ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Өйт­кені олар өркениет құндылық­тарын дәріптеп, санаткерлік және моральдық қасиеттерімен көпке үлгі көрсетеді. 

– Нағыз ғалымдар ескілік пен қараңғылыққа қарсы күрестің алғы шебінен табылып, ағарту­шы­лық пен білім жолында әрдайым топ бастаған. Әлемнің екінші ұс­тазы әл-Фараби дөп басып айт­қан­дай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондық­тан гуманизм, әділдік, жауап­кершілік құндылықтары салтанат құрып, өскелең ұрпақты адамгер­шілікке және заңды құрметтеуге тәрбиелегенде ғана шынайы өркендеуге бет аламыз.

Біздің қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс, төл болмы­сымызға жат дүниетанымға көзсіз сенбеуі қажет. Оның салдары ауыр болады. Ынтымақ-бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың іргесін шай­қап, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты қоздырғысы келе­тін­дердің әрекетіне заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылады. Кон­сти­туцияда жазылғандай, елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы керек, – деп атап өтті Мемлекет бас­шысы.

Президенттің сөзінше, ғалым­дарымыз үнсіз қалмай, қоғамда, әсіресе, жастар арасында жауап­кершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеуі қажет. Құқықтық ниги­лизмге жол жоқ. Біздің таңдауы­мыз – заңға бағынатын парасатты қоғам. 

– Жақында АҚШ соттарының бірі шығарған шешімге сәйкес, кейбір интернет-платформа­лардың алгоритмі балаларға зиян келтіріп, психологиялық тұрғыдан тәуелді ететіні мойындалды. Біз бұдан сабақ алуға тиіспіз. Сон­дықтан ұрпақ тәрбиесін әлеуметтік желілер мен видеосервистердің бодауына беріп қоюға болмайды. Бұл – қосымша зерттеуді қажет етпейтін факт.

Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мә­нінде, балаларды кітап оқуға бау­лумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жер­ден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлім­гер ретінде маңызын жоя қойған жоқ. Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шың­дап, дүниетанымыңды кеңей­тетіні, адамдардың өз қарым-қа­білетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтетінін жеткізді. Жұрт­шы­лықтың қолдауына ие болған бұл бастама отандық баспа сала­сының жұмысын жүйелеп, шетел­дік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығармаларының ауда­рылуына түрткі болуға тиіс. 

– Кітап оқу үрдісі төл дүние­танымымыздың ажырамас бөлі­гіне, ұлттың озық қасиетіне айнал­ғаны жөн. Ғалымдар бұл іске салмақты үлес қосуға міндетті деп санаймын. Осы тұста мына бір аса маңызды мәселені қайта атап өт­кім келеді: біз қоғамда заң үстем­дігі қағидатын, яғни заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнық­тыруы­мыз қажет. Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек.

Мен бұған дейін де өз сөз­дерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қоз­ғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге бол­майды.

Бұрын елімізде көлік апаты­ның көптігіне жолдың нашар­лығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек, бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптас­тырған дұрыс, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев поли­цейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет екені баса айтты. Мұн­дай жағдайларға, сондай-ақ құ­қықтық нигилизм дертіне шал­дыққан адам­дарды, басқаша айт­қанда, сотқарлар мен бұзақы­ларды «қаһар­ман» жасауға заң ая­сында қатаң шара қолдану ке­рек. 

– Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігер­лердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет. Қоғам­да тазалықты сақтау, қоршаған ор­таны қорғау мәдениетін орнық­тырудың мән-маңызы зор. Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлт­тық жобасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектел­мейді. Оның түпкі мәні – қоғам­дық сананы жаңғырту. Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Ота­ны­­мыз – Қазақстанның тағды­рына бейжай қарамай, болашақ­тың іргесін бірге қалауға шақыру.

Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл – өркениетті мемлекеттер мен халықтардың барлығына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр. Біз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдық. Нақты жетістіктеріміз бар. Бұл – ең алды­мен, сапалы адам капиталы, – деді Мемлекет басшысы.

Данышпан бабалардың мұрасы мол

Президент біз зияткерлік мұ­рамызды мақтан тұтатынымызды еске салды. Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай сынды ғұламаларымыз соңына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Олардың еңбектері әлемдік ақыл-ойдың алтын қо­рына кіреді. 

– Данышпан бабаларымыздың баға жетпес туындыларын заман талабына сай кәдеге жарата білуіміз керек. Ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең танып, кеңінен дәріптеп, барынша дамытқан жөн. Ұлы тұлғаларды ұлықтау жұмысына тың серпін беру аса маңызды.

Түркістан төрінде «Қожа Ах­мет Ясауи» ордені туралы көтерген бастаманың мәні де – осында. Сондай-ақ былтыр Ясауи ілімін зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өтті. Жалпы, бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама ғалым әрі өркениеттанушы ретінде еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріп­теуіміз керек. Сонымен бірге оның құндылығы аса зор бай мұрасын өзіміз де барлық тұрғыдан жан-жақты зерттеуіміз қажет. Осы өнегелі дәстүр биыл әл-Фараби фо­румына ұласады. Мұндай тағы­лымы мол, ғылыми мәні зор бас­қосулар жыл сайын өткізіліп тұ­рады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы тағы бір жақсы жаңалық­ты жариялады. 

– Қазақ даласы көптеген ке­мең­гер тұлғалардың мекені бол­ғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фара­би» ордендері биыл алғаш рет Рес­публика күні қарсаңында тап­сырылатын болады.

Біз жасампаз ұлт ретінде алдымызға биік мақсат қоямыз. Бірлігімізді бекемдеп, біртұтас халық болып жарқын болашаққа нық қадам басамыз. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанды білім-ғылымның, ойлы ортаның және саналы жастардың күшімен түбе­гейлі жаңғыртамыз. Келер ұрпаққа Өркениетті, Қуатты әрі Әділетті мемлекетті аманат етіп қалды­рамыз. Бұл – біздің ұлттық па­рызымыз.

Осы тарихи жолда біз ғалым­дардың орасан зор әлеуетіне сенім артамыз. Себебі ғылым өркендесе, бүкіл еліміз дамиды, шексіз мүм­кіндіктерге жол ашылады. Ғалым­ның әрбір жаңалығы тұтас ұлттың мерейін асырады. Сіздер қашанда ел мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Мемлекет өздеріңізді әрдайым қолдайды.

Мен кәсіби мереке қарсаңында ғылым саласында зор жетістікке жет­кен және жоғары білімді дамы­туға елеулі үлес қосқан ғалымдарды марапаттау туралы шешім қабыл­дадым. Тиісті Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жас ғалымдарға пәтер кілтін табыс­таймын. Бәрі де құтты болсын! Берекелі болсын, – деп қорытын­дылады Президент.