Баланың санасына білім нәрін құятын білім ордаларының бүгінгі кескін-келбеті жыл сайын жаңарып келе жатқаны шындық.
«Жайлы мектепті» жайсыз еткендер бар
140
оқылды

Ине-жіптен жаңа шыққандай кейінгі үлгіде әрленген жайлы мектептер зәулім сарайдай болып қозыкөш жерден-ақ көз тартады. Заманауи талаптарға сай технологиялармен жабдықталған білім ошақтарын салудан елорданың іргесіндегі Ақмола өңірі көш бастағаны жиі айтылады. Өңірде үш ауысымды оқытудың түбегейлі шешілгені айтылып жатады. Бір қарағанда бәрі керемет секілді, алайда түйткілдер әлі де барын жасырмау қажет.

Ақмолада бірнеше мектептің құрылы­сы мен күрделі жөндеуіне қатысты дау тұтас қоғамды алаңдатып отыр. Уақытында аяқ­талмаған жұмыстар, сапасыз құры­лыс­тар мен күмәнді жобалық шешімдерден көз сүрінеді. Құжатсыз талан-таражға түс­кен жүздеген миллион теңге қулығына құ­рық бойламайтындардың аранына кете бар­ғанын да бағамдауға болар. Кезекті оқу жы­лы мәресіне жеткенімен, мәселе өңір­дің қоғамдық кеңесінің соңғы отырысында тағы бір мәрте көтерілді.

Аймақта «сақалды» құрылыстар мен сиы­р­құйымшақтанған жөндеу  жұмыс­та­рының классикалық үлгісі, яғни қар­жы­ның жетіспеуінен құрылыс жұмыстарын уа­қыт­ша тоқтатып, келер жылы түзету енгізіп, бюджеттің бүйірінен қомақты қар­жы­ны қамтып қалу әдетке айналған. Мә­селен, Көкшетаудағы №14 мектептің күр­делі жөндеуі осы мәселелердің ең ай­қын мысалы болды. Күрделі жөндеу жұ­мыстарына бөлінген 783 миллион теңгеге ба­ғаланған жоба сонау 2023 жылдан бері аяқ­талмай келеді.

Ақмола облыстық Білім басқармасы бас­шысының орынбасары Валерий Гама­зовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары бас­­талған сәттен-ақ мердігер тарапынан мер­зім бұзу мен сапаға қатысты кемші­лік­тер анықталған. Авторлық және тех­ни­ка­лық қадағалау бірнеше мәрте ескерту жасаған.

Мектеп әкімшілігі тіпті мердігермен ке­лісімді бұзу үшін сотқа да жүгініпті. Бірақ сот «мерзім әлі аяқталмаған» деген уәж­бен талапты қанағаттандырмаған кө­рі­неді. Осылайша, уақыт ұтқан компания жұмысты әрі қарай жалғастыра берген. Білім ошағы толық аяқталмай жатып оқу жы­лын бастауға мәжбүр болған. Мер­дігер­дің жауапсыз тірлігінің салдарынан қо­мақты қаражат жұмсалғанымен, іс жүзінде мек­тептің ауласы  абаттандырылмаған, спорт алаңы бітпей, автоматты өрт дабылы орнатылмаған күйі қалған. Ең сорақысы – жүздеген миллион теңгенің жұмысы тех­ни­калық құжаттармен расталмаған болып шықты.

Құрылыс саласының ардагері, тәуелсіз сарап­шы Серік Қасымовтың пікірінше, бү­гінгі басты проблема – мердігер таң­дау­дағы жүйенің әлсіздігі.

– Қазір тендерді көбіне ең арзан баға ұсын­ған компания ұтып алады. Бұл мем­лекеттік сатып алуы жүйесіндегі жазылма­ған қағидаға айналып кеткен. Алайда олар­дың бұл саладағы тәжірибесі, тех­ни­ка­лық мүмкіндігі, кадрлық әлеуеті екінші орын­ға ысырылып қалады. Соның кесі­рі­нен әлеуметтік нысандарды жауап­кер­ші­ліктен жұрдай компаниялар алып жа­тыр. Қомақты қаржыны қалтасына бас­қаны­мен, құрылыстың артын сиырқұйымшақта­тып, оның арты үлкен дау-дамай туғызатын жай­лар жетіп артылады, – дейді Серік Қасымов.

Көкшетаудағы Сарыарқа ықшамауда­нында салынған №20 «Жайлы мектеп» те қо­ғам назарынан тыс қалмады. Алыстан мен мұндалай көрінетін 1 500 орындық за­манауи білім ордасында 45 түрлі сәй­кессіздік анықталған болып шықты. Қо­ғам белсенділері әсіресе дабыл қондырғы­сы, бейнебақылау, желдету жүйесі, шатыр сапасы бойынша көптеген ескерту болға­нын айтады. Кейін шенеуніктер кемшілік­тер жойылды деп мәлімдегенімен, жұрт­шы­лықтың көкейіндегі күмән сейілер емес.

Қоғамда кейінгі уақытта көп айтылып, ащы резонанс тудырған ең даулы мәсе­ле­лердің бірі – «Білім-Инновация» интерна­ты­ның құрылысы. Бастапқыда жоба-жос­парға сәйкес, 1 200 орындық мектеп болған. Кейін жоба өзгеріп, 588 орындық мек­теп-интернатқа айналған. Соған сәй­кес, құны да бір-ақ сәтте қымбаттап шы­ға келеді. Қоғам белсендісі Игорь Плюснин­нің айтуына қарағанда, бірінші қабаты толық бітпеген ғимаратта құжат бойынша шатыр, желдету жүйесі, жасанды шөп, еден­дер мен төбелер әлдеқашан «орнаты­лып қойған».

Жүргізілген мемлекеттік аудит қоры­тын­дысы да 652 миллион теңгеге қатысты сәйкессіздік анықтап берді. Басқарма өкіл­дері мұны «Құжат уақытында тапсы­рыл­маған» деп түсіндіруге тырысқанымен, қоғам үшін мұндай уәж сенімді естілмейтіні анық. 

Қоғамдық кеңесте ең алаңдатқан жайт­­тардың бірі – құрылыс материал­да­ры­­ның іс жүзінде ауыстырылуы. Мәселен, тұ­тас кірпіштің орнына ортасы қуыс кір­піш қолданылғаны айтылды. Қоғам бел­сенділері мұндай шешімнің қауіпсіздігіне күмән келтірді. Құрылыс инженері Нұрлан Жүнісов мұндай өзгерістер міндетті түрде қайта сараптамадан өтуі тиіс екенін алға тартты.

– Егер жоба бойынша бір материал екін­шісімен ауыстырылса, міндетті түрде қай­та есеп жүргізілуі керек. Әсіресе, мек­теп секілді әлеуметтік нысандарда бұл өте маңызды. Себебі жүктеме, температуралық төзімділік, өрт қауіпсіздігі сияқты аса келелі мәселелердің бәрі соған байла­ныс­ты, – дейді Нұрлан Жүнісов.

Аймақ халқын толғандырған тағы бір аса өткір мәселе – облыс орталығында ба­ла санының көптігінен білім ошақтары белгіленген межесінен бірнеше есе артық ба­ланы оқытуға мәжбүр. Мәселен, қала­ның қақ ортасындағы №1, №2, №8 мек­теп­те орын жетіспейді. 

Ал жаңа мектептер көбіне қаланың шет­кі жағындағы жаңа ықшамаудандарына са­лынып жатыр. Бұл түйткілге қатысты жер­гілікті шенеуніктер орталықта бос жер жоқ екенін алға тартады. Егер мектеп са­лы­нса, жер телімдерін сатып алу керек, бұл жобаны қымбаттатады дейді. Бірақ сарап­шылар мәселенің түп-төркіні дұрыс жос­пар­лауда екенін айтып отыр.

Урбанистика маманы Әлібек Төлеуов­тің пікірінше, әлеуметтік инфрақұрылым тұрғ­ын үй құрылысынан кейін емес, соны­мен қатар жүруі тиіс.

– Бізде мүлде ақылға сыймайтын бір пара­доксты жағдай жиі көрініс табады. Алдымен тұрғын үй кешендері салынады, кейін ғана сол аймақта мектеп пен бала­бақ­ша мәселесі көтеріледі. Соның сал­дары­нан бүтін бір аудан шамадан тыс ты­ғыздалып кетеді, – дейді Әлібек Төлеуов.

 

P.S. 

Бүгінде өңірде көтерілген сұрақтардың нақты жауабы әлі жоқ. Түйткілдің түйіні жауапкершіліктің болмауы мен жүйенің жөнсіздігінде болса керек. Ал оны қалпына келтіру тұтас қоғамның қырағылығын қажет етеді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы