Күтуге арналған сервистік аймақтарды жобалау кезінде олардың географиялық орналасуы, бекеттердің өткізу қабілеті, болжамды көлік ағындары, сондай-ақ жер бедері мен климаттық жағдайлар ескеріледі. Жол-көлік сызбасы көлік құралдарының барынша жоғары өткізу қабілетін қамтамасыз етіп, қауіпсіз маневр жасауға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл ретте қозғалыс ағындары кіру, сәйкестендіру, күту, қызмет көрсету және шығу кезеңдеріне бөлінеді.
Сервистік күту аймақтары үш функционалдық блоктаң тұрады: тұрақ, коммерциялық және әкімшілік аймақтар. Тұрақ аймағында жүк және жеңіл көліктер бөлек орналастырылады, ал электрондық кезек терминалдар мен мобильді қосымшалардағы тіркелу жүйесі арқылы жүзеге асатын болады. Тұрақ аймағының ең төменгі сыйымдылығы кемінде 200 жүк көлігіне есептелуі тиіс.
Коммерциялық аймақта жүргізушілер мен тасымалдаушыларға арналған сервистік нысандар орналастырылады. Әкімшілік аймақ операторларды және қажет болған жағдайда, мемлекеттік органдардың бөлімшелерін орналастыруға арналған.
Жеке талаптар блогы техникалық жабдықталуға қатысты. Сервистік аймақтарға кіру және шығуды бақылайтын автоматтандырылған жүйелермен, мемлекеттік нөмірлік белгілерді тану функциясы бар көлік құралдарын есепке алу жүйелерімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау мүмкіндігімен жабдықталуы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік жүйелері, тұрақты мобильді байланыс және интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілуі қажет.
Аталған жаңашылдық сервистік күту аймақтарының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, көлік ағындарын тиімді басқаруға, сондай-ақ транзиттік тасымалдар кезінде қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл талаптар жаңа нысандарды салу кезінде де, қолданыстағы күту алаңдарын жаңғырту барысында да қолданылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
