Былтырғы жылдың қорытындысы Қазақстан туризмінің қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетті. Ел ішінде саяхаттаушылар саны 10,1 млн адамға жетіп, шетелдік туристердің де қызығушылығы артты.
Демалыс орындары жаз маусымына дайын ба?
110
оқылды

Жалпы, 15,7 млн шетел азаматы Қазақстанға келсе, оның 11,1 миллионы турист ретінде тіркелген. Туризм саласының табысы 350,6 млрд теңгеге жетіп, инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның туристік әлеуеті күшейіп келе жатқанын дәлелдейді.

Халықаралық деңгейде де еліміздің беделі өсуде. World Economic Forum рейтингі бойынша Қазақстан 52-орынға көтерілді. Skyscanner дерегінде Үндістан нарығы үшін Қазақстан №1 бағыт атанса, CNN Travel мен The New York Times елі­мізді саяхаттауға ұсынылатын үздік ба­ғыт­тардың қатарына қосты. Ал Lonely Planet Қазақстанды 2025 жылы баруға тиіс елдер тізіміне енгізді.

Бұл – жақсы жаңалық. Бірақ негізгі сұрақтар сол күйінде қалады. Туризм инфрақұрылымы осы сұранысқа дайын ба? Демалыс орындары туристерге лайықты түрде қызмет көрсете ме? Жалпы, демалыс орындары биылғы жаз маусымына дайын ба?

Елімізде орналастыру орындарының саны 4 482-ге жетіп, бір мезетте 233 мың­нан астам адамды қабылдай алады. Туристік инфрақұрылым кеңейіп келеді. Мысалы, курортты өңірлерді дамытуға арналған 2026-2029 жылдарға арналған Жол картасы да іске қосылған. Ол 114 іс-шараны қамтиды. Жол картасын іске асыру жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың бір­лескен жұмысы арқылы жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, Жол картасы арқылы іске асырылатын іс-шаралардың негізгілері мыналар: судағы қауіп­сіздікке бақылауды күшейту, жағажай­ларды абаттандырудың бірыңғай стандартын қалыптастыру, бір­неше мемлекеттік органның өзара үй­лесімді іс-қимылы (су көлігі инспек­циясы, азаматтық қорғау органдары, мемле­кеттік кірістер органдары), оқиғалық іс-шараларды өткізу, туристік әлеуетті ілгерілету.

Сондай-ақ Жол картасы аясында курортты өңірлердің көлік қолже­тімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Жазғы маусымда туристік бағыттар бойынша теміржол рейстерінің саны кө­бейтіліп, қосымша пойыздар іске қосы­лады және вагондар саны арттыр­ылады. Сонымен қатар туристік өңір­лерге, оның ішінде субсидия­лана­тын бағыттар бойынша ішкі әуе рейс­терінің географиясы кеңейтіледі. Бұл турис­тердің қозғалысын жеңілдетіп, курорт­­тық аймақтардың халық үшін қол­­жетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жол картасын іске асыру курортты өңірлердің жүйелі дамуын қамтамасыз етіп, туристік инфрақұрылым сапасын арттыруға және Қазақстанда ішкі әрі сырттан келу туризмін одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. 

Алайда жүргізілген инспекциялар кейбір өңірлерде демалыс орын­дарының әлі де заманауи талаптарға сай кел­мейтінін көрсетті. Әсіресе, жағажай инфрақұры­лы­мы, сани­тарлық жағдай, қызмет сапасы мен қауіпсіздік мәселелері толық шешіл­меген. 

Мәжіліс депутаты Екатерина Смол­якова өзінің депутаттық сауалында туристік маусым басталар алдында ең маңызды ақпараттың өзі қолжетімсіз күйде қалып отырғанын атап өтті. Депутаттың айтуын­ша, жаз маусымының басталуына санаулы ғана апта қалды, бірақ туристер мен тур­­о­ператорларға қажетті негізгі ақпарат әлі толық айқындалмаған. 

«Әуе тасымалдаушылары нақты бекі­тілмеген, рейстердің кестесі, билет бағасы мен орын саны жөнінде ашықтық жоқ. Дәл осындай жағдай теміржол сала­сында да байқалады. Соның салдарынан нарық тұралап тұр. Сапарды жоспарлау, ерте бронь жасау, турөнімдерді қалып­тастыру мүмкін болмай отыр», – дейді депутат.

Бұл бірнеше маңызды мәселеге әкеледі: туристер сапарын алдын ала жоспарлай алмайды, туроператорлар толыққанды турөнім қалыптастыра алмайды және нарықта белгісіздік пайда болады. 

Нәтижесінде, қазақстандықтар дема­лысты ел ішінде емес, шетелде өткізуді таңдай бастайды. Осы жылдың Наурыз мерекесінде азаматтардың Өзбекстанға жаппай баруы – соның дәлелі.

Туризмдегі ең маңызды фактор –  қауіпсіздік. 2025 жылы 62 адам суға кетті, оның 24-і – бала. Бұл демалыс орындарында қауіпсіздік жүйесінің әлсіз екенін көрсетеді.

Жалпы, туризмдегі қауіпсіздік мәсе­лесіне құтқарушылар саны мен дай­ын­ды­ғының жеткіліксіздігін, жағажайларда бақылау жүйесінің әлсіздігін, су көлігі кейбір қауіпті аймақтарда реттелмегенін айтуға болады. Бұл жерде нақты статистика келтіре алмаймыз, бірақ жазда демалыс орнына барып жүрген көбіміз білеміз.  Және бұл жай ғана атап өтер нәрсе емес, жүйелі кемшілік.

Сарапшылардың айтуынша, геосаяси жағдайлардың әсерінен тур­истік ағын жақын жылдары 20 млн адамға дейін жет­уі мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайда инфра­құрылым толық дайын емес, оған қызмет сапа­сының біркелкі еместігін, логис­тиканың әлсіздігін және қауіпсіздіктің жеткіліксіз деңгейде екенін қосыңыз. 

Қазақстан туризмінің әлеуеті зор және статистика бұл саланың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Алайда сандық өсім сапалық дайындықпен қатар жүрмесе, бұл мүмкіндік толық пайдаланылмайды.

Жаз маусымы – туризм үшін ең маңызды кезең. Дәл осы уақытта ел өзінің жазғы демалысын жоспарлайды. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, ең негізгі ақпарат әзірге қолжетімсіз боп тұр. Бұл ең алдымен шетелдік турис­тердің таң­дауы елімізден тыс бағыттарға ауып кетуіне алып келеді. Ал отандық туристер жаз айларында ғана пайда болатын «қос­ымша вагондар қосылды» деген сияқты ақпаратты қанағат қылып қала береді.

Айгүл СЕЙІЛ