Адамдардың қоршаған ортаға, жануарларға деген көзқарасы әлемде өзгеріп келеді. Оларды қорғау мемлекеттік саясат пен қоғамдық жауапкершіліктің бір бөлігіне айналуда.
Ит адамға дос па?
Қазақ мәдениетінде ит – адамның көмекшісі, үйдің, мал-мүліктің қорғаушысы, шаруашылық өмірдің серігі болған. Фото e-history.kz сайтынан алынды
158
оқылды

11 сәуірде аталып өткен халықаралық Үй жануарлары күніне байланысты Aikyn.kz қоғамның серіктес жануарларға деген ұстанымдарымен бөліседі.

Қазақ қоғамы да соңғы жылдары үй жануарларын қорғау жөніндегі жаһандық үдеріске қосылып келеді. Бірақ бізде бір маңызды ерекшелік – жануарларға қатысты өзіміздің дәстүрлі танымымыз бар. Сондықтан Қазақ еліндегі үй жануарларын қорғау моделі тек халықаралық тәжірибеге ғана емес, жануардың адам өміріндегі орны туралы ұлттық түсінікке де сүйенуі тиіс.

Көптеген елдерде иттер мен мысықтарды қорғау тек жанашырлық пен аяушылық мәселесі ғана емес. Бұл – заңның, тәртіптің және жауапкершіліктің мәселесі.

Бұрын «жануарға зиян келтірме» деген қағидамен шектелсек, қазір бұл ұстаным әлдеқайда кеңейген. Енді мемлекеттер жануардың иесіне ұрмау немесе тастап кетпеуден бөлек оны күту, емдеу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көбеюін бақылау сияқты міндеттер қоюда.

Тағы бір бөлек мәселе – қаңғыбас жануарлар. Халықаралық тәжірибе бұл проблеманы тек аулаумен немесе қатаң шаралармен шешуге болмайтынын көрсетіп отыр. Бұл жерде жүйелі жұмыс керек: тіркеу, стерилизация, екпе жасау, панажайлардың жұмысы, халықты ағарту және иелердің жауапкершілігі. Сондықтан көптеген елдерде иттер мен мысықтарды қорғау әлдеқашан өркениетті қалалық саясаттың бір бөлігіне айналған.

Халықаралық деңгейде жануарларды қорғау тақырыбын мемлекетаралық құрылымдар да, қоғамдық ұйымдар да ұдайы көтеріп келеді. Олардың ішінде ең танымалысы – WOAH (World Organisation for Animal Health). 

WOAH – бұл Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы. 1924 жылы құрылған ұйым жануарлар денсаулығы мен әл-ауқаты саласында жұмыс істейтін үкіметаралық халықаралық ұйым. Ал үй жануарларын қорғауда көптеген елдер заңдар, кодекстер және жануарларды ұстаудың арнайы ережелерін қабылдаған. Әр мемлекеттің өз моделі бар. Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Аустрия және Нидерланд секілді елдерде жануарларды қорғау туралы жалпы заң бар. Оған қоса, нақты иттерге, мысықтарға немесе үй жануарларына қатысты бөлек ережелер енгізілген. АҚШ пен Аустралия басқа модельді таңдаған. Бұл екі елді көптеген ережелер тек мемлекет деңгейінде ғана емес, штаттар, аумақтар және муниципалитеттер деңгейінде де қабылданады.

Бірақ жүйе қандай болса да, негізгі қорытынды біреу – жануарларды тиімді қорғау тек тыйымдардан емес, жануардың иесінің нақты міндеттерінен басталады.

Міне, ең маңызды мәселе осы жерден басталады. Қазақ елінің батыстық модельді сол күйінде көшіріп, еш өзгеріссіз қабылдауы дұрыс емес. Оның себебі қарапайым – қазақ халқының адам мен ит арасындағы қарым-қатынас мәдениеті тарихи тұрғыдан мүлдем басқаша қалыптасқан.

Батыс дәстүрінде ит немесе мысық көбіне ең алдымен үй ішінде бірге тұратын, отбасының эмоционалдық тұрғыдан жақын мүшесі саналатын үй жануары ретінде қабылданады. Ал қазақ мәдениетінде түсінік өзгеше. Ит – адамның көмекшісі, үйдің, мал-мүліктің қорғаушысы, шаруашылық өмірдің серігі болды. Оны жай ғана «сүйкімді» болғаны үшін емес, адал, пайдалы және қажет болғаны үшін бағалады.

Қазақтар, әдетте, ит пен мысықты үйдің ішінде бүгінгі кейбір батыс елдеріндегідей өзіне жақын жерде ұстамайды. 

Бірақ бұдан дала мәдениетінде иттің мәртебесі төмен болды деген қорытынды шықпайды. Керісінше, қазақ дүниетанымында ит «жеті қазынаның» бірі саналды. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Ит адам үшін құндылық, сенімді серік ретінде қабылданды. Яғни, қазақи дәстүр жануарға немқұрайды қарау дегенді білдірмейді. 

Қазақы және батыстық ұстанымның айырмасы неде? Айырмашылық бір ұстаным адамгершілікті, ал екіншісі ізгіліксіз дегенде емес. Айырмашылық – акцентте (екпінде).

Батыстық модель көбіне эмоциялық жақындық идеясының айналасында құрылады. Онда үй жануары – отбасының мүшесі сияқты. Ал қазақ дәстүрі тарихи тұрғыдан өзара пайда, адалдық, күзет және жауапкершілік идеясына сүйенді.

Сондықтан қазақ қоғамына бөтен форманы өзгеріссіз көшіріп алып, батыстық трендке ілесу емес, өз құндылығы мен логикасын сақтау маңызды. Бізге ит міндетті түрде үйдің ішінде тұруы, диванда ұйықтауы және адаммен бірдей қабылдануы керек деген батыстық түсінікті толық көшіру шарт емес. Бірақ бізге басқа нәрсені – иттің  иесінің жауапкершілігін, қатыгездікке жол бермеуді, денсаулығына қамқор болуды және қаңғыбастық мәселесін ізгілік жолымен шешуді үйрену қажет.Қазақ еліне өзгенің дайын схемасы емес, өзінің заманауи моделі қажет. Ол мыңжылдар бойы қалыптасқан халықтың дәстүріне, заманауи құқыққа, ізгілік пен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікке сүйенуі керек.

Жануарларды қорғау адамдардың мүддесіне қарсы қойылмауы тиіс. Керісінше, сауатты жүйе қоғамды қауіпсіз және жауапты жасайды.

Жануарларға деген көзқарас – болмашы немесе екінші қатардағы мәселе емес. Бұл – қоғамның адамгершілік өлшемінің индикаторы.

Мемлекеттің, қаланың және адамның өзіне толықтай тәуелді тіршілік иесіне қалай қарайтыны құқықтық мәдениеттің, қоғамдық жауапкершіліктің және адамгершілік кемелдіктің деңгейін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, иттер мен мысықтарды қорғау мәселесі Қазақ елінің  заманауи, ізгілікке толы және өз дәстүрін қадірлейтін ел ретінде қалыптастырумен тікелей байланысты.